Қалай зерделесек те, полигон – адамды сынау деген сөз
Семей ядролық cынақ полигоны әлем тарихына аумағында адамдар қоныстанған, сол тұрғылықты халық еш қатерді ескерместен, шаруашылықпен айналысқан жалғыз полигон ретінде енетіні анық. Жалпы аумағы 18 мың шаршы шақырымды қамтып жатқан осынау «Ажал аймағында» алғашқы жарылыстар болған 1949 жылдары да, жарылыс мүлде тоқтатылған 1989 жылы да, қазір де қалың ел қоныстанып келеді. Бір шеті – Семей облысы, бір пұшпағы – Павлодар облысы, бір тарабы Қарағанды облысын қамтып жатқан полигон атырабында айқұш-ұйқыш шарбақталған жол да көп, ежелгі қыстау, жаз жайлаулы жайылым да жетерлік...
Биыл қазақ даласын тозақ төріне айналдыра жаздаған Семей ядролық полигонының жабылғанына аттай 20 жыл толып отыр. Жиырма жылда жыртығымызды бүтіндей алдық па, жарамызды жалап жаза алдық па? Ғалымдар сынақ дерті ғасырларға кететінін айтып жан ауыртса да, ел көлемінде бірталай уақыт бойы атқарылған шаралар дәтке қуат дегізетіндей. Әлбетте, кем соғып, меңдеген дертті дендетіп алған тұстарымыз да бар болар?! Дегенмен арада қос онжылдық кезең өткенде кеше мен бүгінді саралап, ертең атқарар істерді және бір екшейтін тұс – осы.
* * *
1992 жылдың 18 желтоқсанында Қазақстан Республикасының «Семей ядролық сынақ полигонында жүргізілген сынақтар салдарынан денсаулығына зиян келген азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңы күшіне енді. Аталмыш заң бойынша сол кезде сынақ полигоны залалын тигізген аймақтар мен азаматтардың мәртебесі анықталып, ұсынылатын түрлі жеңілдіктер, жәрдемақылар мен өзге де шаралар тізбесі бекітілген екен.
Сол жылдары ел бойынша ажал аждаһасынан зардап шеккендер саны 1 323 000 адам деп есептелген болатын. Бұлардың арасында тек 1 057 000 адам ғана зардап шеккендігін растайтын куәлік алған. Қазіргі таңға дейін ел бойынша полигон зардабына орай әлеуметтік жәрдемақы алушылар әлі де толығымен қамтылмай келеді. Мәселен, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында ядролық сынақ зардабын шеккен 17176 азамат 218 767 000 теңге көлемінде жәрдемақыға қол жеткізіп отыр. Ауданда құжаттарын түгел жинай алмай, соның салдарынан жәрдемақыны әлі алмағандар да жетерлік…
Ал сынақтан зардап шеккен азаматтардың санына қосымша, полигон уы тараған жер көлемі ресми түрде 304000 шаршы шақырым деп белгіленген болатын. Шынтуайтында, сынақ зардабы тиген жерлер толығымен қамтылды ма? Ел ішіндегі ресми, бейресми мәліметтерге сүйенсек, полигон зардабын тартқанымен, толыққанды әлеуметтік көмек көрмей отырған аймақтар да баршылық.
Мәселен, 2001 жылы сол кездегі Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің радиациялық қауіпсіздік және экология институты Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының радиоэкологиялық жағдайын бағалаған болатын. Сол тұста ауданның солтүстік бөлігінің Семей полигонында сынақ жүргізілген жылдары радиоактивтік сәулеленуге ұшырағанын дәлелдеген мәліметтер тіркеліпті. Қазір сол деректер сонау жылдары құпияландырылып, әрі бірқатар құжаттар Ресей асып кеткен соң, бұл мәселенің еш шешімі шығарылған жоқ. Ал Қарқаралы ауданы мен Семей облысының бірқатар шаруашылық құрылымдарымен іргелес жатқан Ақтоғай ауданында әлі күнге дейін тұрғындар арасында онкологиялық науқастар мен жүйке жүйесі, жүрек, адамның ішкі ағзаларының науқастары өршіп тұр. Ауданда ана мен бала денсаулығы да сын көтерерлік халде емес. Бұл кемшіліктердің себебін түптеп зерттесе, полигон салдары болып шығатыны екібастан белгілі. Әйтпесе осыдан екі ғасыр бұрын ресейлік ғалымдар Санкт-Петербордан Алатауға дейінгі аралықтағы ауасы ең таза аймақтар қатарына қосқан Тоқырауын өзені бойының халқы неге аурушаң? Қолыңызға жағырафиялық картаны алып қарасаңыз, Ақтоғай ауданының солтүстік бөлігіндегі елді мекендердің Семей полигоны ошақтарынан небары 250-300 шақырым қашықта жатқанын аңдайсыз...
* * *
Қарағандыдағы «Экомұражай» қоғамдық бірлестігінің эколог-ғалымдарының айтуынша, полигон аймағында зияндылығы орасан қауіпті қалдықтар әлі де көптеп кездеседі. Түрлі темір-терсектер, жүздеген штольнялардың маңындағы тат жеген металдарды жинап, қайыра өңдеу орындарына өткізушілер бұл қауіпті елемейтіні белгілі. Ал шала-жансар қалыпта тусырап жатқан далада кездесетін дөңгелек пішінді улы көлшіктер осы өңір жұртының мал суарып, керек болса, шөл басар суаты да. Соңғы жылдары Ұлыбританияның DFID-Mouchelparkman ұйымы «Семей сынақ полигоны аймағындағы территорияларды тұрақты пайдалану» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл жоба арқылы аймақтың экологиялық қауіптілік картасы сызылуда. Картада сынақ алаңдарындағы аса қауіпті жерлер қызыл түспен белгіленіп, өзге аймақтар қауіптілік деңгейіне орай түрлі түстермен ерекшеленбек. Қызыл аймақтарда радиоактивтілік деңгейі сағатына 10-20 мың микрорентгенді құрайды екен. Сондай-ақ бұл аймақтарда жарылыс салдарынан қалған қалдықтар да белгіленбек. Қалдықтардың дені альфа және бета сәулелермен байытылған аса қауіпті стронций, плутоний сынды түзілістер екен. Қарағандылық ғалымдар мен шетелдіктер бірлесіп сызып жатқан карта өте қарапайым – шетелдік ғалымға да, қазақстандық фермерге де түсінікті болады-мыс.
* * *
Семей ядролық-сынақ полигонының залал-зардабы жайлы 2005 жылы Парламентте кең көлемді қоғамдық тыңдаулар, талқылаулар өткізілді. Бірқатар шаралар, шаруалар реттелді. Семейде, Павлодарда, Қарағандыда, еліміздің өзге де үлкен қалаларында түрлі орталықтар жұмыс жүргізе бастады. Бірақ атом аждаһасының ел мен жер тәніне, жанына салған жарасын толық жазу үшін бұл мәселеге жыл сайын қайырылып оралып отырса артық болмас еді!..
Дмитрий КАЛМЫКОВ, «Экомұражай» қоғамдық бірлестігінің директоры:
– Арада қаншама жыл өтсе де полигон зардабы азаймайды деп ойлаймын. Мысалы, қазір сонау өтпелі кезеңдегіден гөрі елдің экономикалық белсенділігі артқан. Алайда полигон аймағын шарлап, металл жинаушылар әлі де аз емес. Мал да өсіп келеді. Ел де осы алқап арқылы жиі жүре бастады. Бірқатар алаптар, мысалы Дегелең маңы әскери қоршауға алынғанымен, қауіпті деп саналады. Атом жарылысы болған алып шұқанақтарда пайда болған дөп-дөңгелек көлшіктер маңынан демалысқа кеп ішіп-жеп, серуендеген елдің ізін жиі байқаймыз. Полигон алқабында өзге жайылымдардан гөрі шөп те шүйгін өседі. Бұл алқапта егер нақа мал шаруашылығы жүргізілетін болса, жылқыдан басқа малды өсіруге болмайды. Жылқы малы шөпті тықырлап жемейді. Сиыр мен қой өсімдікті түбінен қырқып жеп, топыраққа жақын улы қалдықты жұтып қояды. Жылқы олай істемейді. Сондықтан жылқы ғана өсіруге болады. Әрине, ол да қауіпті шаруа. Біздің мақсатымыз осы аймақ халқына қауіпсіздік шараларын, қорғаныш шараларын үйрете беру. Басқа қолымыздан не келеді?!
Мерхаят ОҢҒАРҚҰЛОВ, Ақтоғай аудандық Мәслихатының хатшысы:
– Семей облысының көптеген шаруашылықтарымен біздің аудан да шектесіп жатыр. Солтүстігімізде Қарқаралы ауданының ауылдары. Семей полигонының ошақтарынан ауданның солтүстік өңірінің алшақтығы көрші ауданның елді мекендерімен бірдей. Аудан халқы Ақтоғай аймағын да 1992 жылдан бері Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен радиациялық қауіпті аумаққа жатқызу туралы мәселе көтеріп келеді. Бірнеше дүркін зертханалық тексерістер де жүргізілген. Бірақ бұл мәселе толық шешілген емес. Сол тұстағы Үкімет басшыларына, депутаттарға бірнеше дүркін хат жолданды. Бұқаралық ақпарат құралдары да талай мәрте қайталап жазды. Ештеңе шешілген жоқ. Мәселе мынада тәрізді: тоқсаныншы жылдары бұрынғы Жезқазған облысы жабылып, аудан облыстың өзге аудандарымен бірге Қарағанды облысының құрамына енгізілді. Сол жылдары құжаттамалық өзгерістер осынау күрмеуі қатты мәселенің шешілмеуіне әкелгендей. Әрі сол бір аумалы-төкпелі жылдары республика бюджетінің де аздығы бұл түйткілдің шешілуіне өз кедергісін келтірген сыңайлы. Ал бұл мәселе әлі де күн тәртібінде тұр...
Маман кеңесі:
Қауіпті аймақты машинамен кесіп өткіңіз келсе, терезеңіз үнемі жабық болғаны абзал. Сыртта 40 градус ыстық болса да, көліктің жылыту пешін қосып жүргеніңіз абзал. Көлік ішінде ыстық атмосфера ауа қысымын жоғарылатып, сырттан шаң кіргізбейтін болады. Егер полигон алқабынан бірнеше көлікпен өту керек болса, онда көліктер бір-бірінің шаңына көмілмейтіндей қашықтықта қозғалуы керек. Өйткені қауіпті қалдықтар жерден шаң арқылы көтеріледі.
Егер атпен немесе жаяу жүру керек болса, мұрын және аузыңызды шарфпен не орамалмен тұмшалағаныңыз жөн. Өзара жақын жүру керек. Жерге отыруға, жатуға мүлде болмайды. Ал қауіпті аймақтан өткен бетте, алғаш жеткен бекетіңізде киім-кешектеріңіз бен заттарыңызды әбден тазалаңыз. Асықпай ықтиятты түрде жуыну керек.