Қапалдан бір дорба көне ақша табылды
Өткен жылы Ақсу ауданы Қапал ауылының тұрғыны Еламан Валишанов өз бақшасынан бір қап көне тиын тауып алған болатын. Ұзын-ырғасы 132 дана бұл жәдігерлерді Алматы облыстық тарихи мұраларды қорғау орталығының директоры Есет Дәуренбаев Алматы қаласындағы Орталық мұражайға жеткізген. Ғалымдардың төрт-бес ай шамасындағы зерттеулерінен кейін тарихи құндылықтардың XII-XVIII ғасырлар аралығындағы кезеңдерге жататыны анықталған.
Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл әр кезеңдердегі тиындарды жинастырған коллекционердің топтамасы болуы ықтимал. Көне қазынаның ішінде Қытай тиындары да бар көрінеді.
Әзірге бұл жәдігерлер Қапалдағы ақын Сара мұражайында тұр.
Кәкен БЕЙСЕМБЕКҰЛЫ, М.Тынышпаев атындағы өлкетану мұражайының директоры:
– Бүгінгі күні қапалдық отбасы тауып алған әрбір монетасын 50 мың теңгеден бағалап отыр. Жалпы жәдігерлерді сатып алуға қаржы жылдың басында бөлінеді. Сондықтан бұл мәселе келесі жылы қарастырылады.
Ол үшін 2014 жылы эксперттік комиссия шақырып, оның құрамына ғалымдарды тартамыз деп жоспарлап отырмыз. Монеталарды сатып алу, оның құнын белгілеу мәселесі комиссия қорытындысы шыққаннан кейін анықталатын болады.