«Қару сатылады...»
Жарнамалық басылым беттерінен «қару сатылады» деген мәтіндегі жарнаманы көргенде, жаға ұстағанымызды жасыра алмаймыз. Сонда оны ақшасы бар кім болса сол сатып ала бере ме?
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы төрт айында Оңтүстік Қазақстан облысында 51 қасақана кісі өлтіру оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылғы осы уақыттағы көрсеткіштен 18,6 пайызға жоғары. Кейбір жекелеген аудандардағы жағдай тіпті сорақы. Мәселен, осы мерзімде қасақана кісі өлтіру қылмысы облыс орталығымен жапсарлас жатқан Сайрам ауданында – 600, Созақ ауданында – 200, Шымкент қаласының әл-Фараби ауданында 300 пайызға дейін артқан.
Жоғарыда аталған 51 қасақана кісі өлімінің 12-сінің ажалы осы атыс қаруларынан келген. Өткен жылы қарудан қайтыс болғандардың қатары бестен аспаған еді. Одан бөлек, қару қолданумен жасалған тоғыз (өткен жылы екі) қылмыс тіркелген. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында атыс қаруын заңсыз сатып алу, алып жүру және сақтау қылмыстары өткен жылғыға қарағанда 13,1 пайызға артқан. Сонда заңсыз қарулар қайдан келіп жатыр? Осындай сауалды алға тартып, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының лицензиялық рұқсат беру жүйесінің қызметкері Болат Асыловпен тілдескен едік.
– Басылым беттеріндегі қару сату жарнамасына қатысты басшылармен ақылдасқанмын, – дейді Б.Асылов. – Олар ешқандай шара қолдана алмайтынымды айтты. Тек Қаржы полициясы ғана егер заңсыздыққа жол берген болса, басылымға жауапты заңды тұлғаларға шара қолдану арқылы бір амал жасай алады екен. Басқа ешкім ешқандай шара қолдана алмайды.
Биылғы жылдың наурыз айында Бәйдібек ауданы, Бестоғай елді мекенінде тапаншадан атылған оқ бір адамды мерт етсе, ал қаңтардың 29-ы күні Шымкент қаласының қақ ортасындағы «Кең-Баба» саябағының алдында болған қарулы қақтығыс адам шошытарлықтай. «Разборкаға» келген бір топ жігіттердің біреуі қаза болған жерден төрт оқ, 13 тапанша гильзасы табылған. Тағы бір бәйдібектік қылмыскер қарумен адам өлтіріп, марқұмның көлігіне мініп, қашып бара жатқан жерінен тоқтатқан қос бірдей лауазымды полиция қызметкерлеріне бірнеше мәрте оқ атқан.
Тағы бір қару қолдану оқиғасында Шымкент қаласы М.Мәметова көшесінде 11-сынып оқушысы жол бойында кетіп бара жатқан екі жігітке қос ауызды мылтықпен бірнеше рет оқ атқан. Қаңғыған оқтың бірі көшеден өтіп бара жатқан жазықсыз қызды жаралаған. Кейіннен белгілі болғанындай, заңсыз қару «асынған» оқушы полиция қызметкерінің ұлы екен.
«Шара-Бара» жарнамалық басылымының бас редакторы Валентина Вакулина:
– «Жарнама туралы» Заң – үнемі басшылыққа алып отыратын негізгі құжатымыз. Күнделікті үстел үстінде жататындықтан, заңды жатқа білемін десем де болады. Бірақ қару сату жөнінде нақты ештеңе кезіктіре алмадым. Мұндай қару сату жөнінде жарнама бергісі келетіндер болса, оны дүкеннен сатып алғандағы құжаттарын талап етеміз. Заңды болса, жарнаманы қабылдаймыз. Жарнама қабылдаушы қызметкерлер мұндай жарнаманы қабылдаудан, шыны керек, қорқады. Сол себепті ондай клиенттерді маған жібереді. Мен міндетті түрде оның арнайы рұқсатының көшірмесін алдыртып, заң шеңберінен шықпауға тырысамын
«Олимпик» қару-жарақ дүкенінің сатушысы:
– Клиенттің қолында аудандық ішкі істер бөлімінің берген арнайы рұқсат қағазы болуы міндетті. Онда қару сатып алушының нақты мекенжайы, наркодиспансердің, жүйке аурулары диспансерінің және сотталмағаны жөніндегі анықтамасы болады. Сол құжаттар негізінде ғана сатамыз. Ал сатып алған қаруын қайта сатқысы келетіндер болса, олар да сатып алуға ниет білдірген азаматтан тура осы аталған құжаттарды талап етуі тиіс. Егер бұл құжаттарды талап етпесе, заңсыз сатылған болып есептеледі. Ертеңгі күні осы қарудан оқ атылатын болса, заңсыз сатуға жол берген адам жауапты болуы мүмкін. Себебі ол қару соның атында тіркеулі...
Иә, оқырмандардың мұны да біле жүргендері дұрыс. Әйтпесе бір кесірге жолығуы ғажап емес. Ал заңды білмегендік жауапкершіліктен босатпайды.
Ең сорақысы – жарнама арқылы қару сататындарға ешкім бақылау жасамайтындығы.