Қасқалдақтың қанына ортақ болғандар
Шымкенттегі бір браконьер қасқалдақтың қанына ортақ болды. Қасқалдақ құс туралы әуелі Есенғали Раушановтың «Қарабауыр қасқалдақ» жыры еске түседі. Сирек кездесетін құс ретінде Қызыл кітапқа енгізілген құстың заңсыз аулануына шектеу қойғанбыз. Алайда соңғы кездері «мылтығы бар кісілер» оны да атып кете беретін болды. Жуырда, Шымкенттік полицейлер заңсыз аң аулаған браконьерді құрықтады.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, күдікті Қызыл кітапқа енгізілген қасқалдақты аулапты, әрі аң аулауға тыйым салынған мезгілдің өзінде. Ал ол аздай, күдіктінің мылтығына тиесілі құжаты да жоқ болып шықты. Тексеру барысында, қасқалдақ пен мылтық көліктің жүк салғышынан табылды. Демалысында мезгілсіз саятқа шығып, тасадан оқ атқандарды құрықтау үшін осы аптаның дүйсенбіге қараған түні Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Шымкентте арнайы операция өткізді.
Шаһардағы Республика даңғылының бойында қойылған бекеттердің біріне Мерседес көлігі ілінеді. Сала мамандарының қатысуымен көлікті тінтіген полицейлер 20-калибрлі аңшы мылтығы мен қасқалдақтың денесін тапқан. Табылған дүниелер көліктің жолаушысына тиесілі болып шықты. Қарудың иесі, браконьер өзінің кінәсін теріске шығарған жоқ. Айғақпен ұсталғанын түсінген ол қорғалатын құсты атып алғанын мойындайды. Айтуынша, табиғат аясына демалуға шыққанда өзімен бірге мылтығын ала кетіпті. «Жолда көрген құсымды атып түсірдім» дейді. Оқиға орнына Абай полиция бөлімінің шұғыл-тергеу тобы келіп, анықтап қайтты. Қазіргі таңда қарудың қайдан шыққаны тексеріліп жатыр. Бір айта кетер жайт, аң аулауға тиім салынған маусымда қару алып, аң аулаушыларға тиісті заң жазасын беретіні белгілі.