«Қауқарсыз әкім, қадірі қашқан халық»: Алматы облысында жер дауы басылар емес
Алматы облысы Алакөл ауданында жер дауының тоқтайтын түрі жоқ. Суармалы егістікке таласқан тұрғындар жұдырықтасудан нәтиже шықпаған соң, бір-бірін сотқа сүйреуге көшкен. Бұл дауды жергілікті билік те шеше алмай отыр. Маңдайын күн күйдіріп, табанын тас тілген диқаншылардың жанайқайын Azattyq Rýhy тілшісі тыңдап келді.
Ауылды тастап кеткендер соя қымбаттағанда қайта орала бастаған
Ауыл адамдарының сөзінше, 90-жылдарың соңында пайға алған жерлеріне қарамай, ауылды тастап көшіп кеткендер енді қайта келіп, халықтың мазасын алып жатқан көрінеді. Ал, осында қалған бұқара тоқырау заманда ерінбей еңбек етіп, жердің салығын төлеп, ауылдың берекесін сақтап қалдық дейді.
Соңғы 5-6 жылда өсірген өнімнің құны қымбаттап, пайда артқаны сол екен, әлгі кетіп қалғандар қайта оралып, тастап кеткен жерлеріне сұрау сала бастаған. Солардың бірі – Бауыржан Шыбырайымов. Ол ертеректе осы ауылда трактор айдаған. Қазір балалары ер жетіп, әкесі тастап кеткен жерді даулап жүр.
«1997 жылы савхоз бөлінгенде 4 отбасы бірігіп бөлек шықтық. Шыбыраймовтардың қайдан шыққанын білмейміз, енді келіп біздің жеріміз деп дауласып жатыр. Олар әу баста «Ема» шаруа қожалығымен бірге шыққан. Бірақ, 20 жыл бұрын жерін тастап, ауылдан көшіп кетіп қалған. Енді егіннен пайда түсіп жатыр дегенді естігені сол екен, балаларымен бірге қайта келіп алды. Елдің мазасын алып жатыр. Ауылдан береке кетті. Бұл біздің жер. Әбден дауласып біттік. Сотқа да, әкімдікке де сенім жоқ. Әкімдіктегілер алдына келген халықтың мәселесіне дұрыстап қарауы керек, ол да жоқ», - дейді «Айдын» шаруа қожалығының мүшесі Оспанғали Төлегенов.
«Осы Ынталы ауылында 40 жылдан бері тұрам. Жер бұрын пайға бөлінді. Қазір дау айтып жүргендер әу баста Мергенбаев деген адамның басқаруындағы қожалықта болған. Ол адам қайтыс боған соң, балалары ауылды тастап, Алматыға көшіп кетті. Жеріне қазір кім иелік етіп отыр, ол жағы белгісіз. Мына елді бүлдіріп жүрген Бауыржан Шыбыраймовтар да 90 жылдардың ортасында «Ема» қожалығын құрған Мергенбаевтармен бірігіп, әр баласына 2 гектардан пайға жер алған. Бірақ өзі көшіп кеткен. Енді оның ер жеткен балалары 25 жыл қараусыз қалған жерін даулап жүр. Бұл әділетсіздік! Егін науқанына да кедергісін келтіріп отыр. Бұл бір қожалықытң басындағы жағдай, мына тұрған адамдардың әрбірінің қожғалығы бар. Бұлардың бәрі әділетсізідктің құрбаны», - дейді ауыл тұрғыны Несіпбек Қалиев.
«Халыққа әкімнің сөзі өтпейді...»
Колхоз, совхоз тарағанда мал-мүлік те жаппай жекешеленген. Бірі азын-аулақ малын жеп, сойып сатып жоқ қылса, шаруаға ептілері мал санын да көбейтіп, егістікке де ден қойды. Аудан орталығы Үшаралға жақын Ынталы ауылдық округінде қазір 62 шаруа қожалығы бар. Қытайдан келген қандастар санының артуы да суармалы егістікке бәсекелестікті арттыра түскен. Тұрғындар жер дауын ушықтырмай, өзара шешуге болады, тек оған әкімнің ынтасы жоқ, әрі елге де сөзі өтпейді дейді. Айтуларынша, жергілікті биліктің немқұрайлығынан жағдай бақылаудан шығып, ушығып барады екен.
«Мына тұрған адамдардың әрбірінде жерге қатысты айтар дауы бар. Бәрі әкімдіктен үміт үзген соң БАҚ өкілдеріне шағымданып отыр. Сол дауды мына әкім ушықтырмай өзара шешуге болатын еді. «Айдын» шаруа қожалығы 1995 жылы құрылып, 1997 жылы төрт отбасымен жеке бөлініп шықтық. Сол кезде 20 адамға 40 гектар жерді пайға берді. Пай деген – Президенттің жарлығымен жекеменшікке берілген жер. Жер ғана емес трактор, сиыр, қойды да жекешелендірді. Техниканы адамдар сата ма, малын сойып жей ме, әлде өсіре ме, оны өздері біледі. Бұл 95-97 жылдардағы жағдай. Жекеменшіктегі жердің жеке техпаспорты да бар. Оны алуға, бұзуға ешкімнің қақысы жоқ, өйткені ол Президенттің жарлығымен берілген жер. Біз 40 гектарды пайға, кейін аудан қорынан тағы 100 гектар жерді алып, соя, бидай, жоңышқа, арасында қызылша егіп келдік. Енді сол жерге талас басталды. Екі үш жылдан бері даудан көз ашпай келеміз. Дауды реттеуге әкімнің де, ақсақалдардың да сөзі өтпейді», - деді «Айдын» шаруа қожалығының құрылтайшысы Шәкен Шудабаев.
Шәкен Шудабаев
«Әкімнің құны– бір тана...»
Комбаин немесе трактор тұрмақ, бір соқасы да жоқ адамдардың артында әкімдік қызметкерлері тұр деп күдіктенеді шаруалар. Себебі, даукестер егін егуге ерінгенмен, жерді өзгеге жалға беріп, оңай ақша табуды көздеп отырған көрінеді. Бос жатқан немесе осындай дау арқылы алынған егістікке мемлекеттік қызметтегі адамдардың өзгенің атынан соя салып, бизнес жасап жатқанын ауылдағылар да жоққа шығармайды.
«Біз Бауыржан Шыбыраймов бар, бір топ адам «Ема» қожалығымен бірге бөлініп шықтық. Олардың өздерінің бөлек жері болды. Керек болса өзі тауып алады деп, кейбірі серіктестерін тастап, жерге де, ауылға да қарамай кетіп қалған. Ол кезде жер ешкімге керек болмады. Менімен бірге шыққан адамдар да қазір жоқ. 44 гектар жерім бар. Енді келіп бәрі егінші, жершіл бола қалыпты. Даудың толастайтын түрі жоқ. Бірінің жеріне бірі кіріп кету де азаяр емес. Әкімге де бардық. Менің біраз жерімді басқалар алып қойды. Ауыл адамдары төбелесуге дейін барды. Әкімдік болса сабылтып, қағазбастылыққа салып қояды. Олардың көңілін тапқандар жер ала алады», - деді тағы бір қожалықтың иесі Жұмабай Қырықбаев.
«Алқапты желден, дауылдан қорғайтын шарбақ ағаштар болады. Ол «лесхозға» қарайды. Сосын канал, арықтың екі жағында 10-15 метр жер жату керек. Ол «водхозға» қарайды. Бұл төтенше жағдай бола қалса техниканың жүре алуы үшін керек. Әкім сол жерлерді де өзгелердің жыртып, егін егуіне берген. Былтыр әлгі шарбақтарды біреулер тракторымен құлатып тастады. Берілмеуі тиіс жерді қалай алдыңдар дегенде, олар «әкімнің құны – бір тана» деп жауап берді. Біз қарсы шығып, ол жерді бүлдіруге рұқсат бермей, қуып жібердік. Ақыл айтып келген әкімді де қайтардық. Сол кезден бастап ауыл арасында «әкімнің құны – бір тана» деген тәмсіл тарады. Жерге иелік етіп жатқандарға қарап, еріксіз осындай ауызбастырық бар ма деп ойланасың», - деді Әділ есімді ауыл тұрғыны.
Алқапқа таласып, аттандаған адам саны көп. Бірі құжаты бар болса да, көз алдындағы 40-50 гектар жерінен айырылып қалған. Олар тамыр-танысы барлар шағын шаруалардың алқабын алып алуды әдетке айналдырған деп жыларман болып отыр. Алакөл ауданы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жердің көлемі – 875 826 гектар. Суармалы егістіктің көлемі – 85 311 гектар, шабындық 51 673 гектарды құрайды. Аудан бойынша 1 262 шаруашылық болса, олардың 771-і суармалы егістікпен айналысады.
Мен дауды шеше алмаймын – әкім
Ынталы ауылдық округін 9 жылдан бері басқарып келе жатқан Рамазан Мамырбеков игерілмеген жерлерді кері қайтару жұмыстарымен айналысқанын жасырмайды. Сөзінше, бос жерлерді жылдам анықтап, иелеріне жеткізіп отырады. Соның нәтижесінде шарулардың саны өсті деп санайды. Ауылда 3 450 гектар суармалы егістік бар. Бәрі 49 жылға жалға берілген. Тек алқапты қараусыз қалдырған А.Мергенбаевтан 88,7 гектар, Т.Аскарбековтың басқаруындағы қожалықтан 104 гектар жерді қайтарып, кейін ол егістікті басқаларға бекітіп берген көрінеді.
«Пай деген конкурс арқылы емес, үлеске алған жерлер. Үлескерлердің арасындағы дауды мен шеше алмаймын. Жерге таласып жүргендер Ынталыда тұрмайды. Кезінде савхоз тараған соң ауыл адамдары паймен жер алған. Жекеменшікке емес, 49 жылға жалға алған. 5-6 отбасы бірігіп жүздеген гектар жерді бөліп алды. Қиын заманда жердің салығын да төлеген жоқ, көшіп кетті. Бұрын жердің көбі игерілмеді. 2010 жылдан соң ғана жаппай егін еге бастады. Мына «Айдын» қожалығы сынды бірен-саран шаруа салығын төлеп отырды. Игерілмеген жерді анықтап, кері қайтарып алу туралы мемлекетке өтініш жазам. Жер бөлімі арқылы бір жылдан соң әлгі бос жерлер конкурсқа шығарылады. Соның арқасында Қытайдан келген қаншама ағайын жерді жалға алды. Кезінде 80-100 гекатардан алған жерлерін тастап кеткендер енді келіп пайын даулап жүр. Жер 100 пайыз мемлекеттікі, жекеменшікте жер жоқ. Игерілмеген жерді мемлекет қайтарып алуға құқылы. Қазір бос жер жоқ. Бәрі игеріліп отыр», - деді Алакөл ауданы Ынталы ауылдық округінің әкімі Рамазан Мамырбеков.
Рамазан Мамырбеков
Алакөлдің жаңа әкімі тарыққан жұртқа төрелік айтуға жүрексінді ме, шулы жерге жоламай, жер қатынастары бөлімінің басшысын жіберді. Бөлім басшысы әу баста құжаттар дұрыс рәсімделмегендіктен, шаруалардың осындай жағдайға жетіп отырғанын айтады. Ал, бүкіл бір ауылды дүрліктірген Шыбыраймовтар бұрынғы жерлестерінен 163 гектар жер аламыз деп дәмеленіп отыр.
«Үйде 9 адамбыз. Құжат жүзінде 25 гектар сурмалы жерімізді даулап жүрміз. Жайылымдық жермен қоса алғанда 163 гектардан асады. Өзіміз бейбіт жолмен шешеміз деп арызды соттан қайтарып алдық. Сосын тағы сотқа бердік. 1997 жылдан бері жерімізді көрген жоқпыз, әкем де жерді бізге көрсеткен емес. Менде құжаттардың бәрі бар. Пайға берілген жерді жоқтап жүрміз. Соя еккіміз келеді. Техика жоқ. Бұл адамдар суармалы шабындық пен жайылым жерлерді ұсынып келеді», - деп екі ұшты жауап берді Ерлан Шыбырайымов.
Ауыл адамдары әкімдік дауды реттеудің орнына, журналистерді шақырған шаруаларды қудалаудың басталып кеткенін айтты. Ал өздерінің адал жұмыс істеп жатқандарын айтқан аудандық жер қатынастары бөлімі ай-күні белгісіз құжаттарды көлденең тартып құтылды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы