Қазақ әйелдері жаппай жыныстық мүше пластикасына жүгінетін болған: Отандық хирург кімдер және неге мұндай ота түрін жасататынын айтты
Соңғы уақытта қазақстандық әйелдер блефаропластикаға жиі жүгінетін болып шықты. Бірі көзін Анджелина Джолидікіндей жасағысы келсе, кейбіреулер қыртыс салуды армандайды екен. Сондай-ақ, жыныстық мүшесін әдемілеп жүрген қыз-келіншектер де жоқ емес. Осы туралы Al-Clinic медициналық орталығының пластикалық хирургі Айна Досан Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Сыртқы жыныс мүшесін өзгертетін отаны «лабиопластика» деп атайды екен. Бұл отаға жас қыздардан бастап бала туған әйелдерге дейін жүгінеді. Дәрігердің айтуынша, бұл отадан кейін әйелдің өмірге деген көзқарасы өзгереді.
«Қазіргі кезде біздің елде интимді хирургия сұранысқа ие болып жатыр. Бұрын әлеуметтік желіде лабиопластика деп пост жазғанымда астына пікір қалдыруға қыздар ұялатын. Ал қазір тура сондай пост салсам, қыз-келіншектер көп пікір қалдырады. Кейде "Біздің қыздарға не болған?" деп таңқаламын. Негізі бұл проблема бұрыннан бар. Бірақ ол жабық күйінде қалатын. Көп қыздар ашық айтпайтын. Бұл проблема тек туған әйелдерде ғана емес, жас қыздарда да болады. Жыныстық еріндер кіші және үлкен болып келеді. Кейде соның анатомияық құрылысы бұзылып жатады. Негізінде үлкен ерін кіші ерінді жауып тұруы керек. Бірақ кей қыздарда жыныстық ерін туғаннан үлкен болуы мүмкін. Мұны ақау деп те айтуға келмейді. Жыныстық еріннің де өзіндік ерекшілектері бар, әр әйелдікі индивидуалды болып келеді. Дегенмен ол әйел адамға төсекте сенімсіздік тудыруы мүмкін», – дейді пластикалық ота хирургі.
Дәрігердің айтуынша, жыныстық еріндерін кішірейтуге көбінесе бала туған әйелдер келеді. Мұндай отаның денсаулыққа ешқандай қауіптілігі жоқ екен.
«Құдайға шүкір, қазақ әйелдерінің барлығы көпбалалы. Бұл қуантарлық нәрсе. Бірақ көпбалалы аналар маған үлкейіп кеткен жыныстық еріндерін кішірейту үшін келеді. Жыныстық ерін салбырап тұрғаннан кейін де кейбір әйелдер күйеулерінен ұялып жатады. Босанғаннан кейін ол жер анық көрініп тұрады. Саунаға, моншаға барғанда «Сенде неге салбырап тұр?» деген секілді сауалдардан қашады. Сол жерінен көбісі ұялып жатады. Жыныстық еріндерге жасалатын ота туралы қалай айта бастадық, солай адамдар да біле бастады. Бұрын білсе де бізде де мұндай ота жасалынатынынан бейхабар еді», – дейді Айна ханым.
Интимді мүшесіне ота жасатуға тұрмысқа шықпаған қыздар да құмар. Бұл ота біріншіден әйелдің өзіне деген сенімділігін оятса, екіншіден өмірін біршама өзгертеді дейді.
«Бұл - артық тері. Организм үшін ешқандай жұмыс та атқармайды. Солай жүре беруге де болады. Бірақ алып тастаса, ол әйел адам үшін жақсы. Отадан кейін өз-өзіне деген сенімділігі артады. Жасатқан қыздардың көбісі «Өз-өзіме деген сенімділік пайда болды», «Отадан кейін барлық жағынан жақсарып кеттім» деп айтып жатады. Өйткені жыныстық мүше ернінің шығып тұрғанынан қыздарда комплекс пайда болады. Ал отадан кейін өмірге деген көзқарас өзгереді. Бірінің бизнесте жолы болып, жұмысы жақсы жүре түседі. Ал кейбір қыздар тұрмысқа шығып жатады», – дейді маман.
- Ал кейбір қыз-келіншектер төсек ләззатын сезіну үшін де жыныстық ерінін кішірейтіп жатады. Бұл қаншалықты рас? Отадан кейін жыныстық қатынас қыза түсе ме?
«Лабиопластика – жыныстық мүшенің сыртқы жағына жасалатын ота. Мұны көбісі ішкі қынапты кішірейтумен шатастырып жатады. Бірақ ондай отаны гинеколог мамандары жасайды екен. Ал пластикалық хирургия тек әдемілікті орнатады. Лабиопластиканың төсек ләззатына тікелей қатысы жоқ. Дегенмен, әсері де бар. Өйткені артық салбырап тұрған тері жыныстық қатынас кезінде ішке қарай кіре береді. Сондайда әйелге және еркекке де жағымсыз әсер беруі мүмкін. Сондай-ақ, джинсы шалбарлар кигенде артық тері әйелдің жыныс мүшесін ауыртады. Сол себептен де артық теріні кесіп тастаудың артықшылығы осы. Ал ешкім көрмейді осылай жүре берейін деуге болмайды. Өйткені ол сіздің денеңіз. Әйелдің сыртқы пішіні ғана емес, интимдік әлемі де әдемі болуы керек», – дейді Айна Досан.