Қазақ әншісі Ялтада алғашқы орынды иеленді
Ақтөбелік жас әнші Димаш Құдайберген Украинаның Ялта қаласында өткен VIII эстрада орындаушыларының «Шығыс базары» халықаралық телевизиялық конкурсында бірінші орынды жеңіп алды. Байқауға әлемнің 26 елінен барлығы 30 кәсіби әнші қатысқан.
Бұл жаңалықты бізге Димаштың әкесі – белгілі әнші Қанат Айтбаев хабарлады. Шығыс пен батыс халықтарының музыкалық өнерін насихаттауды көздейтін дәстүрлі байқау Қырымда қыркүйектің 7-9-ы күндері өткен. Оны Украина мен Түркияның мәдениет және туризм салаларының ведомстволары ұйымдастырды. Байқауға Қазақстанның атынан «Жас қанат – 2012» республикалық байқауының бас жүлдегері Димаш Құдайберген қатысты. Ол алғашқы күні композитор, әнші Ұлықпан Жолдасовтың «Өмір – көктем» әнін орындаса, ақтық сында белгілі музыкант, әрлеуші Бақытбек Зейнелов өңдеген халық әні «Дайдидауды» айтты. Эстрада орындаушылары конкурсының бас жүлдесін қазылар Әзірбайжаннан келген оркестрдің көркемдік жетекшісі Жалал Аббасовқа берді. Бірінші орынды Димаш Құдайберген жеңіп алса, екінші орындарды украиналық Денис Федоренко мен румыниялық Борис Коваль, үшінші орынды Литва әншісі Индре Малакаускайте иеленді.