Қазақ ғалымын әлем таныды
Қазақ ғалымы физиология ғылымының лимфология саласы бойынша Еуропаның жоғары оқу орындарында дәріс оқитын болады. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Бейімделу физиологиясы» зертханасының меңгерушісі, биология ғылымының докторы Нұркен Мырзаханұлының еңбектерін батыс ғылымы жаңалық деп бағалады. Жуырда қазақ ғалымы әйгілі Вена университетінің құрметті профессоры атанды.
Еуропа Нұркен Мырзаханұлының ғылымға қосқан үш жаңалығын айырықша бағалап отыр. Олар – ағзадағы сөл алмасудың реттелуі туралы, лимфа түйіндерінің жиырылу қасиеті жайлы және білім туралы білім – эдукологияға қатысты зерттеулер. Ғалым 2006 жылы Халықаралық «Кәсібім – өмірім» сыйлығын «Медицина және биология саласын дамытудағы айрықша еңбегі үшін» аталымы бойынша жеңіп алған еді. Көп ұзамай Мырзаханұлы еңбектерін әлем танып, Оксфорд университеті ғылыми кеңесінің шешімімен оған Халықаралық Сократ сыйлығы да берілді. Енді, міне, Еуропадағы ең көне әрі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Вена университеті қарағандылық ғалымға құрметті профессор атағын беріп отыр. Бұл мәртебе биологтың батыстың жоғары оқу орындарында дәріс оқуына жол ашады.
Нұркен МЫРЗАХАНҰЛЫ, биология ғылымының докторы, профессор:
– Еуропалық ғалымдар менің лимфологиядағы сөл тамырларына қатысты зерттеулеріме қызығушылық танытып отыр. Адам ағзасында қан айналымы сияқты сөл тамырларының да жүйесі болады. Мен сөл тамырлары және сөл тасымалдау жүйесіне қатысты арнайы тұғырнама түздім. Оның тобықтай түйіні мынау: қоршаған ортаның бүлінуімен бірге біздің ағзамыз түрлі лас заттарға толады, осы заттар сөл тамырларының жұмысына кедергі келтіреді. Ал ағза жас кезінде бұл жүйе үнемі тазартылып отыруы керек. Мен өз еңбегімде осыны қажет жағдайда қалай реттеуге болатынын және оны қолданудың қандай ауруларды емдеуде пайдасы бар екенін анықтадым. Сөл тамырларын тазарту арқылы емдеу тәсілі Ресейде қолданысқа енген. Жалпы, бұл – қызықты әрі күрделі тақырып.