Қазақ та балық сияқты үндемей қала ма?
Бүгінде Қазақстан үшін өзен-сулардың экологиялық тазалығын сақтау мәселесі өзекті проблемаға айналды. Әлбетте, оған, ең алдымен, көрші мемлекеттер жауапты болуы тиіс. Себебі Жайық, Тобыл, Есіл, Ертіс, Сырдария, Іле сияқты ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды өзендердің бәрі Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қытайдан бастау алады. Алайда бұл көршілердің қазақты ойлап жатқаны еш көрінбейді. Қытай Іле өзеніне химиялық қалдықтарды жіберіп, біздегі балықтың қырылып жатқанына себеп болса, Жайықтың үстінде отырған Ресейден де келетін экологиялық қауіп-қатер жетіп-артылады.
Ал Қоршаған ортаны қорғау министрлігі және Ауыл шаруашылығы министрлігі сияқты мемлекеттік органдар баяғы «біз бәрін тексеріп жатырмыз, алдағы уақытта белгілі болады» дегеннен басқа уәж айтпайды. Өзен басында отырған көрші мемлекеттерге тепсініп талап қойып жатқанын да байқамаймыз. Ең басты өзен-суларымыздың экожүйесі осылай бұзыла берсе, ертең қазақтың да балық сияқты қырылып жатпайтынына кім кепіл?
Ілені улаған кім?
Өткен аптада қорықшылар Алматы облысы Панфилов ауданының халқы дабыл қағып, Іле өзенінде балықтың жаппай қырылғанын хабарлаған болатын. Қаяз, сүген мен сазан сияқты балықтың өзен жағасында қырылып жатқанын Жаркент өңірінің қорықшылары өз көзімен көрген. Бүгінгі болжам бойынша, Қытай жағы трансшекаралық суларға химиялық қалдықтар төккен. Соның салдарынан Іле өзенінің қазақ жерінде балығы қырылды. Осы мәселе бойынша, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қазіргі болжамды растап отыр. Алайда бұл оқиғаға жауапты болғандардың қалайша жазаланатынын айтқан жоқ.
Қайырбек МҰСАБАЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:
– Шекарашылар өзен суының ластануы мен бірнеше балық түрінің қырылғанын анықтады. Қазір біз арнайы сараптаманың нәтижесін күтіп отырмыз. Ол алты күннің ішінде дайын болады. Сол кезде ғана қырылған балықтың себебін айтуға болады. Негізі, өзеннің Қытай жағы ластанған болуы керек.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бір қызығы, ондай жағдай бірінші рет болып жатқан жоқ. Жергілікті халықтың сөзіне қарағанда, 1999 жылғы балықтардың жаппай қырылуы 2008 жылда да қайталанған. Осыдан кейін оның бір-екі жылда қайталанбайтынына кім кепіл? Өкінішке қарай, мұндай халықаралық мәселелерге келгенде біздің шенеуніктер батылдық танытып, нақты шара қолданудың орнына бастарын бүгіп қалады. Дипломатиялық дайындық жетіспей ме? Жоқ, әлде бір-біріне қарап отыра ма? Әйтеуір, «аш құлақтан тыныш құлақ» деп жылы орындарынан қозғалмай жатады. Енді қытайлықтар өзенді жоғары жақтың тапсырмасымен улап отырмаған шығар. Оны Іле бойымен орналасқан өндірістік ошақтардың жасап отырғаны айдан анық. Соларды билік арқылы қысып, жазалауға болады ғой.
Жайық өзенінің экологиялық жағдайы аса қауіпті!
Қазіргі кезде Ресейден келетін Жайық өзенінің мәселесі де өзекті болып тұр. Башқұртстан жерінен бастау алып, Ресейдің Челябі, Орынбор және Саратов облыстары арқылы өтетін Жайық өзені бізге жеткенше біраз тартылып қалады. Ал оның бойында орналасқан өндірістік ошақтар суды технологиялық қалдықтарымен ластап жатыр. Соның салдарынан Жайық экологиялық апаттың сәл-ақ алдында тұр. Ол туралы ресейлік шенеуніктер де ашық айтып отыр.
Виктор ШОРИКОВ, Орынбор облысының сыртқы байланыстар министрі:
– Негізі, Орынбор облысы Ресейдің аса қиын экологиялық аймағына жатады. Биыл атмосфераға шығарылған зиянды заттардың жалпы көлемі 923,8 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 11 пайызға артық. Бізде дұрыс тазартылмаған сулар қоймаларға төгіледі. Соның салдарынан ауызсудың тапшылығы да барынша байқалады. Орынбор облысының басты су артериясы – Жайық өзені де ластанып жатыр. Бүгінде біз оның экологиялық жағдайын аса қауіпті деп бағалап отырмыз.
Нуритдин ИНАМОВ, Ресей Федерациясы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры:
– Ашығын айту қажет, екі елдің халық шаруашылығы үшін үлкен маңызы бар Жайық суының бүгінгі сапасы өзекті мәселеге айналды. Бізде тұрғын үй шаруашылық нысандары, тау-кен және тау-кен өндіру кәсіпорындары аталған өзеннің негізгі тұтынушылары болып отыр. Олардың өндірістік қалдықтары суды ластап жатыр. Біздіңше, өзеннің қазіргі экожүйесін сақтап қалу үшін тазарту құрылғыларын барынша жаңартып, жаңа технологияларды енгізу керек.
Қазақстан Жайық өзенінің төменгі жағында орналасқан. Енді 2,5 мың шақырымға созылатын өзеннің бізге дейін жиналып келетін зиянды қалдықтарының зардабын есептей беріңіз. Оған қоса, бүгінде су тапшылығынан үрейленген орыстар суқоймаларды көптеп сала бастады. Мәселен, қазақ жеріне дейін Жайықтың суы 315 (!) суқоймаға бұрылады. Содан бізде су тапшылығы жылына 4,7 текше шақырымға жеткен.
Елена ТАРАСЕНКО, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Бұл мәселе бойынша ғалымдар бұрыннан бері дабыл қағып жатыр. Қазір Жайықтың суы тартыла бастады. Өзен бойындағы орман мен жемшөптер азайды. Балықтың саны күрт төмендеп кетті. Әсіресе бекіре тұқымдас балықтар жойылуға жақын. Басты мәселе – судың аздығы. Мысалы, 2001-2005 жылдары Жайық өзенінің ағысы 11 пайызға азайса, 2007 жылы – 21 пайызға, ал 2008 жылда ол көрсеткіш 39 пайызға жетті. Ғалымдардың санауы бойынша, қазір өзен бойында 3100 мыңнан астам тосқауыл бар. Оның барлығы адамның қолымен суды жинақтау мақсатында тұрғызылады.
Бүгінгі ресми мәліметке сәйкес, Жайық өзені бойымен тұрғызылған қоймалар жалпы көлемі 5 млрд текше метр суды ұстап отыр. Соның кесірінен Қазақстанның батыс аймақтарына келетін су да азайып қалған. Осылай жалғаса берсе, ол жерлердің ауыл шаруашылығы құлдырап, сан алуан техногендік апаттар болуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселені көп кешікпей, шешіп алған жөн болар.
Жайықты мүшкіл халден Еділ құтқара ма?
Бүгінде қазақ жеріндегі өзен-сулардың басым бөлігі шекараның арғы жағынан бастау алады. Сондықтан көрші елдерде болатын сан алуан техногендік апаттар мен суды қолдан тоқтату шаралары салдарынан Қазақстанның аса қатты зардап шегетінін барынша ескеру керек. Себебі барлық улы қалдықтар бізге келіп жиналады. Ал Жайық өзені арқылы Каспийге құйылса, халықаралық дау-дамайдың ауылы да алыс емес. Ондайда теңіз бойымен орналасқан мемлекеттердің бәрі Қазақстанды жауапқа тартады. Осыған байланысты бізге әрбір өзен бойынша нақты бір шешімнің болғаны тиімді. Ондай құжаттар жоқ емес, бар. Жайық өзені бойынша да тиісті келісімнің жобасы дайын. Алайда оны Қазақстан емес, Ресей жағы дайындап қойған, тіпті ағымдағы жылы қыркүйекте Екатеринбург қаласында екі ел президенттерінің қатысуымен өтетін аймақаралық форумда аталған құжатты рәсімдеуді ұсынып отыр. Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрлігі болса, үндемейді. Әзірше жаңа келісімнің кімге және қаншалықты тиімді болатындығы белгісіз.
Астанада өткен «Жайық өзені трансшекаралық бассейнінің өзекті мәселелері және шешу жолдары» тақырыбындағы дөңгелек үстелге де министрлік емес, депутаттық корпус мұрындық болды. Онда қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Ерлан Нысанбаев Жайық өзені бойынша кезінде рәсімделген хаттамалардың Ресей тарапынан бұзылып отырғанын меңзеп көрді. Бірақ одан аса алмады. Жайық өзенінің су деңгейiн сақтау мақсатында Едiлдiң бiр саласын қосуды да ұсынды. Алайда ресейлік делегация оған ешбір жауап қатқан жоқ. Содан біздің шенеуніктер Жайықты қорғауға кететін қыруар қаражат мәселесін айтып тынды. Осындайда ел мүддесін қорғап жүрген ағаларымызға патриоттық сезім жетіспейтін сияқты. Қазақстан жастарын патриот болуға үгіттегенде әдемі сөйлеп жатады. Алайда нақты іске келген кезде өздері әрекетсіздік танытып қалады. Бұлай жалғаса берсе, балық секілді үндемей жатқан қазақтың да балық сияқты қырылып қалмасына кім кепіл?!.
Р.S.
Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасындағы трансшекаралық өзен-суларды тиімді пайдалану мәселесі екі елдің үкіметаралық келісімшарты аясында реттеледі. Оған сәйкес, арнайы комиссиялар да құрылып, Жайық, Есіл, Тобыл мен Ертіс өзендерінің суын қорғау шаралары жүргізіледі. Қазақстанның тарапынан осындай комиссиялардың біреуін қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Ерлан Нысанбаев басқарады. Оның кезекті отырысы шілденің 23-25-сі күндері Атырау қаласында өтпек. Бәлкім, сол жерде нақты бір шешімдер жасалар...