Қазақ жерінде сакура гүлдейтін болды
Енді Қазақстанның мегаполисі саналатын Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары Жапонияның ұлттық нышаны саналатын сакураны тамашалай алады. Өткен сенбі күні қала әкімдігі ғимаратының жанында оның алғашқы көшеттері отырғызылды.
Сакура отырғызу рәсімі салтанатты түрде өтті. Жиынға қала әкімі Ахметжан Есімов, Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Сигэо Нацуи, Toshiba корпорациясының президенті Ацутоши Нишида, аталған корпорацияның вице-президенті Норио Сасаки, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ президенті Мұхтар Жәкішев және басқа да шетелдік қонақтар қатысты. Негізінен, бұл өсімдік түрі біздің халыққа достық сый ретінде 2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы елге сапары кезінде тарту етілген болатын. Оны тапсырған Toshiba корпорациясының өкілдері бұл кәде «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен арадағы достықты одан әрі жалғай түседі деген үмітте. Сакура – шие тектес өсімдік. Оны Жапонияның барлық жерінен кезіктіруге болады. Бізде егілген сакураның тоғыз сұрыбы қысы қатты, жазы құрғақтау болатын Хоккайдо аралынан әкелінген. Қонақтардың айтуынша, өсімдіктің бұл түрі Алматының ауа райына тез бейімделеді екен. Әкімдік алдына отырғызылған сакура үш жыл көлемінде толық жерсінгеннен кейін гүлдеуі тиіс. «Сонда ғана алматылықтар мен қала қонақтары осынау ғажайып ағаштың гүлдегенін тамашалай алады. Жапондардың «сакураны қызықтау» дәстүрі біздің мәдениетіміздің бір бөлігіне айналуы ғажап емес», – дейді олар.