Қазақстан әлемге жеңімпаз ел ретінде танылуы керек
Астанада Қазақстанның ғана емес, әлемдік спорттың тарихына алтын әріппен енетін салтанатты шара өтті. Жаһандық спорт менеджментінің заманауи талаптарына жауап беретін «АСТАНА» президенттік кәсіби спорт клубының тұсауы салтанатты түрде кесілді. Әлемдік аренада қазақ спортының атағын шығаратын осынау мультиспорттық жобаның салтанатты шарасымен танысуға аты аңызға айналған португал футболшысы Луиш Фигу мен немістің аса көрнекті қақпашысы Оливер Кан, әлемдік хоккейші, «Вашингтон Кэпиталз» клубының шабуылшысы Александр Овечкин және қазақстандық даңқты боксшы Геннадий Головкиндер келген болатын. Салтанат барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордамен аттас клубқа батасын беріп, ақ тілегін арнады.
Соңғы жылдары әлемнің әйдік спорт сарапшылары «Қазақ спортының құдіреті неде?» деген сауалдарды көп төңіректеп жүр. Лондонда өткен жаһандық Олимпиада додасынан кейін қазақстандық толағай Илья Ильиннің қыр соңынан қалмаған француздар «қазақ алыбы жылқы етін жейді, күніне мұнша сағат ұйықтайды екен» деп жарыса жазды. Әлемнің 205 ұлттық құрамасы арасынан 12-орынды иеленген қазақ спортының бәсі қалай биіктегеніне дүние жұрты қызықты. Сосын ұлы даладағы спорттық дүмпудің жолын саралауға да біразы кірісті. Astana атауымен байланысты клубтарға делебесі қозатындардың қатары да әлемде күрт артты. Дүниежүзілік деңгейдегі түрлі ұйымдар, беделі зор спорт саңлақтары дәл сол өздеріне таныс естілетін Astana атты қалада бірінен соң бірі бой көтеріп жатқан алып нысандарға тамсанып, оның жаһандық шараларды өткеруге қауқарын мойындап, әділ бағасын да беріп жатты. Енді, міне, кезек «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының ресми ашылуына да келіп жетті.
Елбасы «Астана» клубының Құрметті Президенті атанды
Ресми тұсауы кесіліп отырған «Астана» кәсіби клубына келсек, бұл, ең алдымен, заманауи талаптардың үдесінен шыға отырып, Қазақстанның спортын, жаңа спорттық менеджмент пен маркетингті біріктіретін мультиспорттық жобаға айналады. Жұртқа түсініктірек болуы үшін айталық, «Астана» кәсіби спорт клубы әлемдегі атақты «Бавария», «Барселона», «Реал-Мадрид», ЦСКА секілді деңгейге ұмтылады. Ендеше, миссия да зор. Ал «Астана» миссиясын Елбасының сөзімен түйіндесек: «Гегель айтпақшы, «күштілер біріксе, онда оларды ешкім жеңе алмайды». Сондықтан да біздің спортшыларымыздың нағыз жеңімпаз болғанын тілеймін. Алдыңғы қатарлы технологиялар, спорттық менеджментті қамтыған «Астана» клубы біздің осы бағыттағы әлеуетімізді еселеп, мүмкіндік шекарасын одан сайын кеңейте түспек».
Дегенмен клубтың өзіндік қазақстандық сара жолы болады. Әйгілі шетелдік клубтарға қарағанда «Астана» клубының басты ерекшелігі – ұлттық спортқа да баса мән беруінде. Президенттік клубтың қолдауына «Қазақстан Барысы» жобасының енуі де соны аңғартса керек. «Екіншіден, бұл мультибрендтік құрылым болмақшы. Өйткені мұнда халықаралық деңгейдегі «Астана велокомандасы», «Астана арландары» кәсіби бокс командасы, «Астана-Дакар Тим» командасы, «Барыс» хоккей клубы, су және атүсті полосы командалары, «Астана» футбол және баскетбол командалары еніп отыр. Кәсіби клубтың туы астында қазақ спортының жарық жұлдыздары Илья Ильин мен Денис Тен бар», – дейді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының атқарушы директоры Дархан Қалетаев. Оның айтуынша, кәсіби спортта жетістікке жетіп жүрген басқа да жұлдыздар «Астана» клубының қатарына енетін болады. «Ал Геннадий Головкинге келсек, оның да «Астана» кәсіби клубына қосылуға барлық мүмкіндігі бар. Онымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Дегенмен Генаның деңгейі жоғары, дәрежесі де бөлек, оған төленетін қаражат та қомақты. Шындығын айталық, мұнда таза бизнес те, таза қаржылық тетіктер де бар. Сондықтан Гена да өзі тауып отырған қаражаттан қағылып қалмайтындай, «Астана» клубы да өзіне ауыр жүктеме алып ұтылып қалмайтындай болуы тиіс. Дегенмен келіссөздер жүріп жатыр. Генаның бүгінгі командасы өте мықты. Солай болғанымен, біз ортақ тіл табамыз деген үміттеміз», – деді Дархан Қалетаев. Тұсауы кесілген клубқа Халықаралық Олимпиада комитетінің маркетинг жөніндегі директоры Майкл Пэйн «құтты болсын» айтып, бастаманы жоғары бағалады. Айтпақшы, ресми тұсауы кесілген шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» кәсіби клубының құрметті президенті атанды.
Қазақстан әлемге жеңімпаз ұлт ретінде танылуы керек
Салтанатты шара барысында Елбасы «Астана» кәсіби спорт клубы әлемнің жетекші сарапшыларының қолдауын тапқанын ерекше айтып, болашақта олардың барлығымен әріптестік қарым-қатынас жасалатынын жеткізді. «Лондон Олимпиадасы біздің спорттық стратегиямыздағы жетістікті әлемге паш етті. Алайда біз бұған тоқмейілсіп, тоқтап қалмауымыз керек. Чемпион ұдайы жаттығуда болуы керек. Сондықтан да спортты дамытудың бұл бағытында барлық ресурстарды интеграциялай отырып, одан да жоғары кәсіби деңгейге көтерілуге тиіспіз. Ендеше, «Астана» президенттік кәсіби клубы жеңістің жаңа шыңын бағындыратын трамплин болмақ», – деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар Елбасы мұндай кәсіби клубтар көптеген елде құрылғанын, олардың жетістіктері де зор екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы спорттағы жетістіктер Қазақстанды жер-жаһанға таныта түсетінін еске салып, Қазақстан да әлемге тек жеңімпаз ұлт ретінде танылуы керектігіне ерекше екпін түсірді. «Биік жетістіктерді бағындырған заманауи спорт – бұл жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің нышаны», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде. Ендеше, «Қазақстан-2050» стратегиясында діттелгендей әлемнің озық 30 елінің қатарына енуді көздейтін Қазақстан барлық салада жетістікке жетуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, экономикада да, саясатта да, мәдениетте де, спортта да Қазақстан озық 30-дың қатарынан қалмауы керек.
Қазақстан қысқы олимпиаданы өткізуге де ұмтылады
Сөз арасында Мемлекет басшысы қазақ спортының алдындағы аса маңызды міндеттерге де тоқталды. Оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән берілді. «Ұлт денсаулығы – біздің сөзсіз басымдығымыз болып қала береді. Спорт дегеннің өзі – мәдениет. Өзі үшін спортпен айналыспаған адамды мәдениетті деу қиындау. Ал мемлекет бұқаралық спорт үшін бар жағдайды жасап жатыр. Бүкіл облыс орталықтарында стадиондар салынды, қалаларда алаңдар ашылып жатыр. Бұл – ұдайы қаперде тұратын маңызды міндет», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Елбасы қазақстандық талантты жастарды жүйелі түрде спортқа тартудың маңызына тоқталды. Бұл үшін мемлекет тарапынан да зор шаралар атқарылып жатқаны – шындық. «Қазақстандық өскелеңді спортқа барынша баулудан, оларды шынықтырып, жаттықтырып, жетістіктерімен мақтанудан асқан қуаныш бар ма? Сондықтан да бұқаралық спорт бізге келешек чемпиондарды табуға көп септігін тигізетін база бола алады. Өскелең спортқа қанша тартылған сайын, біз де жастарды барынша тани түсеміз. Ал жаңа қанат қағып отырған «Астана» президенттік кәсіби клубы мұндай миссияны зор сеніммен атқара алады», – деді Н. Назарбаев. Мұнымен қатар Елбасы алдағы амбициялы міндеттерге де көз жүгіртті. «2017 жылы универсиаданы өткізгеннен соң, біз қысқы олимпиадалық ойындар өткізуге үміткер ретінде ұмтылатын боламыз. Алматы қаласында бұған қатыстының барлығы дерлік істеліп жатыр. Жалпы, мұндай мүмкіндіктерді жүзеге асыруға үміттіміз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы. Ел спорты. Елорда
Шындығында, қазақ даласында әлем назарын өзіне аударар тағы бір спорттық дүмпу дүниеге келді. Қалай пайда болды дегенге ден қойсақ, онда Елбасы мен ел спортының егіз ұғымға айналғанын да аңғарамыз. Иә, шындығында Елбасы мен ел спорты – егіз ұғым. Әлбетте, Тәуелсіздік таңы атқалы бері Президент Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттіліктің барлық тетігі берік қалануын талап етті. Соның ішінде Президент денешынықтыру мен спортты да бір сәт те назардан тыс қалдырмады. Ауылдағы ағайынның баласына жағдай жасаңдар, таланттарды тартыңдар деп жергілікті билікке жүктей жүріп, әкімдерден қалалықтардың спортқа деген қайратын шыңдауды да талап етті. Өзі де бұқараға үлгі болды. Өйткені Елбасы – нағыз спортшы! Теннис, гольф спортынан біраз әріптестерін тұқыртатынын да естіген едік. Ендеше, ел де сондай болуы керек. Ал «Астана» секілді президенттік кәсіби спорт клубының ашылуына қарап, бұқаралық спорттың да адымы арта түсетінін аңғаруға болады. Ең бастысы, Елбасы кәсіби клубтың атауының өзінде үлкен мән барын да меңзеген еді. «Ендігіде клуб өз жетістіктері арқылы елорданың атын әлемге әйгілеп, сол арқылы бүкіл Қазақстан жаһанға танылуы тиіс. Бұл барша спортшылар мен жанкүйерлер үшін мерейлі шаққа айналса игі. Сол үшін біздің командамыздың аты әлемге әйгілі болады деп сенемін», – деп құттықтаған еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысының ұлтқа қатысты ұдайы көтеріп келе жатқан екі мәселесін еске салғымыз келеді. Оның бірі – Президент айтып жүрген: «Дені сау ұлт – болашақтың кепілі». Бұқаралық спортты барынша дамыту, денешынықтыру мен спортты мемлекеттің айрықша назарында ұстау туралы Мемлекет басшысы айқындаған «Қазақстан-2050» стратегиясында да айтылды. Елбасы айтатын екінші қағидат – «қай елдің спорты мықты болса – сол елдің мерейі үстем». Денсаулығы мықты елдің спорттағы табысы орасан, ендеше мерейі де үстем болмақ. Кеше ашылған «Астана» спорт клубының да Елбасы ұстанған осынау қағидаттан шығатынына әбден сенімдіміз. Алға, қазақ спорты, желбірей бер, Көк туымыз!