Қазақстан экономикасы 7 пайызға өсті

Қазақстан экономикасы 7 пайызға өсті

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстанның 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізілді. Кеңестің жұмысына Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, Президенттің көмекшісі Бақыт Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов қатысты. Кеңес барысында 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері, егін жинауға әзірлік және оны өткізу мәселелері талқыланды.
– Бізге елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, келе жатқан астық жинау науқанына облыстардың дайындық мәселелерін талқылау ке­рек, – деді Президент кеңесті аша отырып. – Ай­дың басында біз экономикалық қоры­тынды жа­садық. Қазақстан экономикасы 7,1 пайызға өсті. Өндірістің 6 пайыздай өсуі – қуантарлық жағдай. Бұл 7 пайыздың 2,6 пайызы индус­триялық бағ­дар­ламалардың есебінен қамтамасыз етілді. Міне, индустриялық бағ­дарламалар бізге осын­дай пайда әкеліп отыр. Біз индустриялық бағдар­ламалардың жарты жылдық қорытын­дысын жасадық. 50-ден ас­там өндіріс іске қосылды. 160 мың адам жұ­мысқа орналасты. Жұмыссыздық 5,3 пайызға төмен­деді. Былтыр біз 152 жобаны жүзеге асырдық. Биыл 300-ге жуық жобаны іске асырамыз. Машина жасау 30 пайызға артты. Жаһандық дағдарысқа байла­нысты АҚШ-та, еуропалық елдер­де және өзге де көптеген елдерде жағдайы оңай болып отырған жоқ. Мемлекет өз қарызын қайтаруға дәрменсіз. Бюджеттік шығындар қысқарып, жалақы мен зейнетақы төмендеп жатқан кезде, біз 1 шілде­ден бастап бюджет қызметкерлерінің жалақы­сын көтердік. Жалпы алғанда, дағдарыс кезінде біз оны екі есе көбейттік. Біздің халық­аралық резерв­теріміз артып келеді. Соған қарамастан, әлемдік экономикадағы ахуал аз қауіп төндірмейді. Биылғы жыл – Тәуелсіздігімізге 20 жыл. Біз қалай өткіземіз, қалай аяқтаймыз? Үстіміздегі жылы астық бітік шығуы мүмкін. Бір жарым жылға дейін қор жинауға болады. Біз астық жинау науқанына қаншалықты дайынбыз? Қысқа әзірлік қалай жүріп жатыр? Осы мәселе­лердің барлығы талқылануы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.   
Кеңес барысында 2011 жылдың бірінші жартыжылдығының әлеуметтік-экономикалық қорытын­дылары және үстіміздегі жылдың аяғына дейінгі болжамдары туралы Премьер-министр Кәрім Мәсімов баяндама жасады.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, дағдарыс ке­зеңінде сіздің қабылдаған шешімдеріңіздің арқасында және дағдарысқа қарсы кезеңде сіз­дің тапсырмаларыңыздың арқасында индус­триялық бағдарламаларды дамыту туралы, Кедендік одақ құру және дағдарысқа қарсы шаралар бойынша 2011 жылдың бірінші жар­тысы айтарлықтай нәтиже бергенін атап өткім келеді. Мен тағы да бірқатар цифрларға назар аудартқым келеді: сіз атап өткен­дей, жалпы ішкі өнім көлемі бірінші жартыжылдықта 7,1 пайызға өсті. Сіз сәуір айында Үкіметке министрліктер мен ұлттық компаниялар арасында жауапкершілік болуы үшін карта, бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма бергеніңіздей, экономика министрлігі оны әзірлеп, Үкімет отырыстарында қабылданды. Қазірдің өзінде жарты жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 7,1 пайызға өсіп, шамамен 9,5 триллион теңге­ні немесе 65 мил­лиард АҚШ долларын құрады. Анық­тама цифр: былтырғы 2010 жылы ЖІӨ 21,6 триллион тең­гені немесе 148 миллиард АҚШ долларын құ­раған болатын. Бірінші жартыжылдықта мемле­кеттік бюджетке былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға артық табыс түсті. Бұл салықтың жиналуы мен эконо­мика­ның өскенін көрсетеді. Бірінші жарты­жылдықта мемле­кеттік бюджеттің дефициті былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда екі есеге жуық, яғни 44 пайызға қысқарды.  
2011 жылы республикалық бюджет қаржы­сының басым бөлігі сіздің Жолдауыңыздағы, «Нұр Отан» партиясының съезіндегі Үкіметке бер­ген тапсырмаларыңызға сәйкес жұмсалып жатыр. Қаржы секторының жағдайына байла­нысты, екінші деңгейдегі банк активтері жылдың басынан бері 2,5 миллиард АҚШ долларына немесе 361 миллиард теңгеге, яғни 3 пайызға артты. Бұл былтырғы осындай кезеңдегі қаржы секторындағы ахуалды ескеретін болсақ, жақсы көрсеткіш.  Елдің халықаралық резервтері 2011 жылдың алты айында былтырғы кезеңмен салыс­тырғанда 37,7 пайызға немесе 73 миллиардтан астам АҚШ долларына өсті. Оның ішінде Ұлттық қордың активтері шетелдік валюта бойынша 38,5 миллиард АҚШ долларын құрап, 45 пайызға ұлғайды. Экономиканың нақты сек­торының дамуын алғанда, өнеркәсіп өндірісі 6% – 5,8%-ға жуық өсті, өңдеуші саланың – 8,7%-ы, тау-кен  4,1% артуы қуантарлық жағдай. Яғни сіздің тапсыруыңыз бойынша бұл бағытта өңдеуші саланың артып отырғанын қазіргі кезде көріп отырмыз. Әсіресе, машина жасау саласы 30 пайызға артты, бұл сіздің тапсырмаңыз бойынша қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан индус­триялық бағдарламаның тиімді болып отырғанын көрсетеді. Біз 2011 жылы былтыр және жылдың басында іске қосылған кәсіп­орындардың нәтижесін көреміз.
Қазіргі кезде әлемдік конъюнктураға байланысты бірінші жартыжылдықта 7 пайыз өсімге қол жеткізіп, тапсырманы орын­дай алдық. Мен тағы бір мәселеге ерекше назар аудартқым келеді. Бұл – кәсіпкерлікті дамыту, бизнесті жақсарту. Сіз кедергілерді  азайту туралы нақты тапсырмалар бердіңіз, соған сәйкес заң жобасы сіздің қол қоюыңызға жіберілді. Жалпы алғанда, бірінші жартыжылдықта, 1 шілдедегі жағ­дай бойынша, шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны 8 пайызға артты. Жалпылай алған­да, қазір біздегі 678 мың шағын кәсіпкерлік субъек­тісінде 2,5 млн адам жұмыс істейді. Бұл ең­бекке қабілетті халықтың үштен бірінен астамын құрайды. Сіздің тап­сырмаңызды орындау мақсатында «Биз­нестің жол картасы» бағдарламасы қабыл­данды. 2011 жылғы 2 шілдедегі жағдай бойынша, жалпы бағдарлама ая­сында 1,2 млрд АҚШ доллары көле­мінде 436 өтініш қанағаттандырылды. Бұл – шағын және орта бизнес үшін жақсы цифрлар.     
Біз сіздің тапсырмаңыз бойынша олар­мен тұрақты түрде кездесіп отырмыз. Әри­не, жақсартылуы тиіс мәселелер бар, бірақ бұл – мейлінше оң бағыт. Соңғы бес ай бойынша Қазақстанда сыртқы сауда айналымы 40%-ға ұлғайды. Сізге соңғы бес ай бойынша Кедендік одақ жұмысы нақты нәтижелер беріп отырғанын айтқым келеді. Біздің Ресей Федерациясына бағыт­талған экспортымыз 60%-ға өсті, Бела­руське шығаратын өнім көлемі 2,3 есеге көбейді. Демек, қазақстандық кә­сіпкер­лерге өз өнімдерін еш кедергісіз экспорт­тауға зор мүмкіндік беріліп отыр. Сіздің нұсқауыңыз­бен маусым айының басында Мәскеуде үш ел бизнесі өкіл­дерінің және үш ел үкімет басшылары­ның қатысуымен кездесу өтті. Онда кәсіпкерлер Президент­тердің Кеден­дік одаққа байланысты ерекше қарқынмен шешім қабылдап, мемлекеттер ара­сындағы кедендік шекараны ашуы үлкен жаңалық болғанын айтты. Бұл өте ауқым­ды процесс болған­дықтан, әрине, мәселелер де туындады. Сіз тапсырғандай, үш ел басшыларының ше­шім шығар­ғанындай, Қазақстан Кеден­дік одақтың оңтүстік шекарасына жауап бере­ді, бұл жерде белгілі бір жұмыстар жүргізілуі тиіс. Тұрғын үй құрылысы сала­сындағы сіз берген тапсырмалар орын­далуда. Барлығы жоспарға сәйкес іске асырылып отыр. 2011 жылдың алты айында тұрғын үй құрылы­сының барлық көзіне 1,2 млрд АҚШ доллары бағыт­талды, алты айда 2,7 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Саладағы жаңа бағыт тәжірибе түрінде жүргізілуде, оның нәтижесі 2012 жылы болмақ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бойынша барлық жоспар қабылданды.
– Бұл – біз қолға алған жаңа маңызды бағыт. Бүгінде түсіндіру жұмыстары жетпей жатыр. Біз ескі үйде тұратын халыққа көмек­тесіп отырмыз. Мемлекет оларға бағдарламаға қатысуды ұсынады. Мемле­кет орталықтандырылған ком­муника­цияларды өз мойнына алады, ескі үйлерді жөндеуде қожайындардың 50 пайыздық үлесі болады. Қалғанының бәрін мемлекет өз жауапкершілігіне алады. Бірқатар облыста бұл процесс жақсы жүріп жатыр. Мысалы, Шығыс Қазақстанда, басқа облыстарда, Астанада. Ал жұмыс істемей жатқан басқа аймақтарда барлығы тоқтап тұр, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
– Сіз алдағы жылыту маусымына дайын­­­­дыққа қатысты нақты тапсырмалар бердіңіз. Туындаған мәселелер мен даму, құрылыс саласы бойынша сіз берген тапсырмаларды есепке ала отырып, вице-премьер Әсет Исекешев барлық дерлік облыс­ты аралап шықты. Бұл мәселе – әкімдердің жеке жауапкершілігі. Әр облыс­та біз дайындықтың жоғары дең­гейде екенін көріп отырмыз. Солтүстік Қазақ­станда кейбір мәселелер болды, онда құбыр жарылған болатын, біз бұл мәселені шешу үшін резервтік қаржы бөлдік. Жалпы алғанда, мен жоғары дайындықты көріп отырмын, тамыз айында бұл мәселені тағы пысықтаймыз. Отынмен қамтамасыз етуде бүгінде ешқан­дай мәселе жоқ.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз халық­ты әлеуметтік қорғау мәселесі бойынша теңдессіз шараларды қолға алған әлемдегі жалғыз Президентсіз. Еуропалық одақтың, ТМД-ның кез келген елін алып қарауға болады. Соңғы үш жыл­да зейнетақы – 2,5, бюджеттік ұйым­дарда жалақы екі есе көбейді. 2011 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап зейнетақы 30%-ға өсті, мемлекеттік базалық зейнет­ақы 50%-ға өсті, шілденің 1-інен бастап бюд­жеттік сала жұмысшы­ларының еңбек­ақысы 30%-ға көбейді, барлығы сезініп жатыр. Біз бұл инфляцияға айтарлықтай әсер ете ме деп қауіп­тенгенбіз, бірақ ондай әсер байқалмады. Нұрсұлтан Әбішұлы, еңбекпен қамту саласы бойын­ша сіз Үкіметке еңбекпен қамтудың 2020 жылға дейінгі бағдар­ламасын әзірлеуді ұсынған болатынсыз. Бағдарлама қабыл­данды, сіз қажетті заңды өзгер­тулерді ен­гіздіңіз, заңды күшіне енді. 2011 жылға ресурстар бө­лінді. Қазір әрбір облыста комиссия шең­берінде нақты жұмыстар жүргізіп жатыр­мыз. Маңғыстау және Оң­түстік Қазақстан облыстары бойынша біз жұмыстарды тексердік. Үкімет деңгейін­де барлық мәселе қарас­тырылып, қабыл­данды. Жекелеген жерлер­де бірқатар кешеуілдеу бар. Облыстық және аудан­дық әкімдер қандай мүмкіндіктер беріліп отырғанын түсіне бермейді. Тамыз айы бойы біз бұл жұмыстарды жетілдіреміз. Білім сала­сында, мемлекеттік бағдар­ламаға сәйкес, балабақшамен қамту деңгейі ұлғайып келеді. Бұл бағдарлама белсенді іске асы­рыл­уда, мектеп құрылысы, кәсіби-тех­никалық білім беру саласында сіз берген тапсыр­малар бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Денсаулық сақтау саласы бойынша бірқатар маңызды көрсеткішке  тоқталғым келеді. Сіз бөлген кейбір ресурстар мен бағдарламалар өз нәти­жесін бере бастады. Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында республикада ана өлімі көр­сеткіші – 45%-ға, нәрестелер мен балалар өлімі 15%-ға азайды, қан айна­лымы жүйесі ауруларының көрсеткіші – 6%-ға, туберкулезбен ауыру көрсеткіші 11%-ға азайды. Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл – сіздің шешімдеріңіздің нақты нәтижесі. Мен ойлаймын, резервіміз әлі де үлкен, бюд­жеттік комиссия аясында, әртүрлі кеңестер аясында біз тиісті жұмыстарды жүргізетін боламыз, яғни резерв бар, жұмысты жақ­сартатын мүмкіндіктер де бар. Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз тапсырғандай, денсаулық сақтау бойынша екі пойыз іске қосылды, облыстарға 11 жылжымалы медициналық кешен жүріп жатыр, бұл – сіз көрген машина­лар. Тағы 39 жыл­жымалы ме­дициналық кешен сатып алынып, іске қосылатын болады. Бұл пойыздар мен кешендер айтарлықтай сұранысқа ие болып отыр. Сіз «Халықтық IPO» бағ­дар­ламасы бойынша да тапсырма берген болатынсыз. Кеше біз «Самұрық-Қазына» директорларының кеңесін өткізіп, осы бағдарламаны қарас­тырдық. Тамыз айының соңында біз Үкіметте бұл мәселені талқылап, қыркүйектің 1-інде сіздің қарауы­ңызға ұсынамыз. Мәселе – түсін­діру жұмыстары мен халықтың қар­жылық сауаттылығы жеткілікті назар аударуды қажет етіп отырғандығында. Әзірше халықтың 26%-ы ғана мұны түсінеді. Біз жыл соңына дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізбекпіз. Ал келесі жылдың басында тиісті жұмыстарды қолға аламыз.
– Индустриялық бағдарлама бойын­ша, «Бизнестің жол картасы» бойынша, еңбек­пен қамту бойынша, тұрғын үй құрылы­сының жаңа бағдарламасы бойынша, ауызсумен қамту бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары бақылауда болуы керек, бұқаралық ақпарат құ­ралдары осы туралы айтып, халыққа түсіндіруі тиіс. Дағдарыс уақытында біз «Жол картасы» бағдарламасы қалай іске асып жатқанын көрсетіп отырдық, ал қазір ол жоқ. Біздің жұмысшыларымыз осы жөнінде халық алдында сөз сөйлеуі тиіс, тиісті министр­ліктер мен ведомстволар белсенді жұмыс істеуі керек, – деді Нұрсұлтан Назар­баев.
Сонымен қатар еліміздің ауыл шаруа­шылығы министрі Асылжан Мамытбеков жиын-терін барысы туралы баяндама жасады.
– Биылғы жылдың есебі бойынша, егістіктердің жалпы өткен жылғыдай аумағы 21,2 млн гектарды құрап отыр. Оның 16,3 миллионын дәнді дақылдар құрайды. Бұл көрсеткіштің 14,1 млн гек­тары бидайға тиесілі. Майлы дақылдар – 1,8 млн гектар, мақта өнімдері 15 мың гектар алқапты алып жатыр. Бұған қоса қант қызылшасы – 21,1 мың гектар, картоп және басқа да көкөністер 177,5 мың гектар алқапқа егілген. Жалпы алған­да, егістік алқаптарының диверсифи­ка­циясы жүріп жатыр деуге болады.  Өткен 2010 жылмен салыстырғанда жем дақыл­дары – 39 мың, күнбағыс – 63 мың, соя – 8 мың, зығыр – 73 мың, бұршақ­тұ­қымдас дақыл­дар 26 мың гектарға артық егілген. Осы орайда өнімділікті қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіп саласын тиімді қаржылан­дыру тетіктері жетіл­діріліп, арнайы шаралар қолға алын­ды. Биыл «ҚазАгро» қаржысы есебінен 177 млрд теңге бөлу қарас­тырылған. Негізгі болжам бойынша, бұл жыл ауыл шаруашылығы саласы үшін қолайлы жыл болмақ. Соны­мен қатар көктемгі егістік және жиын-терін жұмыс­тарына 94 млрд теңге бөлін­ген. Мұнымен қатар қосымша қара­жаттың көмегімен әлеу­меттік-кәсіпкерлік кор­пора­циялардың (ӘКК) кепілдік беруімен жеңілдетілген талаптар бойынша 17 млрд теңгенің жо­басын қар­жы­лан­дырдық. Осының арқа­сында көптеген ұсақ ауылшаруашылық өнімін өндірушілер «ҚазАгро» арқылы дер кезін­де қажетті несиеге қол жеткізіп, толық­қанды да сапалы егіс жұмыстарын жүр­гізуге мүмкін­дік алды.  Қаржы мәселесінің оңтайлы шешілуі алдағы уақытта өнім­діліктің артуына да айтарлық­тай септігін тигізеді деп отырмыз.
Былтыр еліміздің батысында құрғақ­шылықтан зардап шеккен алқаптарда биыл «Продкорпорация» ресурстарын жұмылдыра отырып, көктемгі егіс жұмыс­тарын дер кезінде жүзеге асыра алдық. Егуге берілген дақылдар шаруалар ара­сында қажетіне орай тиімді үлестірілді.
Негізгі қаржының 17 млрд теңгесі ай­мақтық тұрақты қорларды құруға жұм­салмақ. Бұл қаржыға кезінде шаруа­ларға тиісті тауарлар сатып алынатын болады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы маман­дарын қолдау мақсатында шағын несиелік бағдарламалар жетілдірілуде. Еліміздің егін егумен айналысатын ай­мақтарында агрометеорологиялық жағдай дұрыс қалыптасып келеді.
Қазіргі уақыттың өзінде Оңтүстік Қа­зақстан облысында жиын-терін жұмыс­тарының 22%-ы игерілді. Аймақтағы орташа өнімділік 14,7 центнерді құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,5 центнерге артық. Бүгінде барлық тауар өндіруші жанар-жағармаймен толық қам­тамасыз етілген. Техникалық дайындық 92%-ды құрап отыр. Бұл былтырғыға қарағанда 6%-ға артық. Бүгінгі таңда аймақтар жем-шөп дайындау маусымына әзір. Биыл жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, шөптің кемінде  бір жарым жыл­дық қорын жинақтап алу жоспарда тұр. Бұл – мал­ шаруашылығын тиімді қам­тамасыз етуге бағытталған шаралар­дың бір парасы. Қазіргі уақытта біз бес бағытта нақты жұмыс жүргізудеміз. Бұлардың ішінде саланы заңды-құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге, инфрақұры­лымдарды жетілдіру мен халықаралық стандарттарға көшуге басымдық беру­деміз. Бұл ретте арнайы индикатор бойын­ша әр аймақтағы іс-шаралар бақылауға алынып, қанша мал басы бар, олардың қаншасы асыл тұқымды, қанша қора-жай, қанша мал реп­родукторы қажет екені де есепке алы­нып отыр. Осыған байланысты әр аймақ­тың, әр ауданның өзінің ин­дикативті көр­сеткішіне сай жұмыс жүр­гізуіне жағдай жасап отырмыз. Осы жұ­мыстар барысы бойынша әр тоқсан сайын Премьер-министр деңгейінде се­лек­торлық жиындар өткізілуде. Биыл 17 мың орындық борда­қылау алаңын тап­сыруды жоспарлап отырмыз. 40 мың бас малды күтіп-бап­тауға арналған жаңа фермерлік шаруа­шылықтар құрылады. Бұл – жаңа бизнес, халықтық жоба.
Сонымен қатар қазіргі кезде біз астық қабылдайтын орындар мен оны сақтайтын қамбаларды арнайы құрылғылармен жабдықтап, дайындау үстіндеміз. Кейбір аймақтарда астықты сақтайтын арнайы орындардың тапшы болуына байланысты біз аргентиналық, канадалық  әдіс бойын­ша астықтың біршама бөлігін полимерлі қаптарда сақтайтын боламыз. Бұл – жаңа технология, әрі арзан, әрі тиімді. Бірінші рет бұл әдіс 2009 жылы қолданылған.
Келелі жиынды қорытындылай келе, Мемлекет басшысы бірінші жартыжыл­дықта ел экономикасының 7%-ға өсімін жыл бойы қамтамасыз етуге база жасал­ғанын атап өтті.
– Жалпы ішкі өнім өсіп келе жатыр, бұған қоса оның жан басына шаққандағы көрсеткіші де өсу үстінде. Бұл – халқымыз­дың тұрмысын жақсартуға бағытталған іс-шаралар. Ең бастысы – индустриялық бағ­дар­ламаның жұмыс істеп тұруы. Жаңа іске қосылған кәсіпорындар арқылы біз жаңа 160 мың жұмыс орнын аштық, жұ­мыс­­сыздықты азайттық. Барлық бағытта жұмыстар жүргізілуде. Ауылдық жерлерде еңбек еткісі келетіндерге шағын несие беріп отырмыз. Екінші мамандық алғысы келетін­дерді де арнайы оқытып, оларды жұмысқа орналастырамыз. Бұл – өте ау­қымды бағ­дарлама. Осы бағытта барлық облыс­тық, аудандық, қалалық әкімшілік Үкімет пен министрліктермен тығыз байла­ныста жұмыс істеуі тиіс. Бүгінде әлем елдерінде зейнетақы мен жалақы қыс­қарып жатқанда біз әлеуметтік саланы берік ұстап отыруы­мыз қажет. 1 қаңтардан бастап зейнетақыны – 30%-ға,  базалық зейнет­ақыны – 50%-ға, 1 шіл­деден бастап бюд­жеттік мекеме қыз­меткерлерінің жалақысын 30%-ға кө­тердік. Бұл ақша­лар елдің қолына тие бастады.
Біз Еуропада, жалпы Еуроодақта, мемлекеттік қарызға батқан Грецияда, өзге елдерде қандай қиындықтардың орын алғанын көріп отырмыз. Қазақстан экономикасы болса дұрыс таңдап алған жолдың нәтижесінде тұрақтылыққа ғана қол жеткізбей, жұмысымыздың әлеуметтік маңызының артып отырғандығын көрсетті. Бүгінде еліміздегі машина жасау саласы 30%-дық қарқынға жетті. Біздің жоба­лары­мыз ойдағыдай жүзеге асып келеді, дегенмен әлемдік нарықтағы жағдай ауысып тұрады. Қазақстан әлемдік эконо­миканың бір бөлігі болғандықтан, бұл факторлар бізге де әсер етпей қоймайды. Сондықтан да Үкіметпен болған үлкен жиында мен осы бағыттағы жұмыстардың аналитикалық жағының мықты болуын қадап айттым. Бізде әрдайым дағдарыстан шығу жоспары дайын тұруы қажет. Қазіргі уақытта әлемде дағдарыстан кейінгі ес жию жүріп жатқанымен, оның қайталан­басына кепілдік жоқ. Осының бәрін біз болжап, зерт­теп отыруымыз керек. Әрине, өмірдің өзі жоспарларымызға өзгерістер енгізіп отыр. Дегенмен мен Жолдауларымда айтқан басым бағыттар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Біздің тұрақты бағы­тымыз бар.
Ендігі мәселе – негізгі басымдық бе­рілетін сұраныстағы тауарлар мен қызмет көрсету және жұмыс түрлерінің бірыңғай тізімін жасау. Біз жұмыс орындарын ашып жатырмыз, енді сол жерлерден шыққан өнімдерді өз ішімізде және экспортқа шығару жағын есептеуіміз  қажет. Қандай бос тетіктерді пайдалана аламыз – бәрін таразыға салуымыз керек. Шағын бизнесті біз үнемі қолдап отырамыз. Бүгін мен лицензияларға қатысты заңға қол қойдым. Біз түрлі лицензияларды беруді  30%-ға қысқарттық. Үлескерлерге қатысты құ­рылыс бойынша  450 нысанды аяқтадық. Биылғы 2011 жылға енді 49 нысанды аяқтау қалды. Ауыл шаруашылығы бойын­ша өткен жылға қарағанда бұл жыл мол өнімді жыл болмақ. Бірақ мол өнімді жинау үшін де жақсы дайындық қажет. Бірақ жанар-жағармайға қатысты бір мәселені анық білгеніміз жөн. Бұл бағытта біздегі баға арзан деп мақтана алмай­мыз.

Қазақстан экономикасы 7,1 пайызға өсті. Өндірістің 6 пайыздай өсуі – қуантарлық жағдай. Бұл 7 пайыздың 2,6 пайызы индустриялық бағдарламалардың есебінен қамтамасыз етілді. Міне, индустриялық бағдарламалар бізге осындай пайда әкеліп отыр. Біз индустриялық бағдарла­малардың жарты жылдық қорытындысын жасадық. 50-ден астам өндіріс іске қосылды. 160 мың адам  жұмысқа орналасты. Жұмыссыздық 5,3 пайызға төмендеді. Былтыр біз 152 жобаны жүзеге асырдық. Биыл 300-ге жуық жобаны іске асырамыз. Машина жасау 30 пайызға артты.

– Үкімет жүктелген міндеттерді шешуде, бағдарламалар орындалуда және қалған уақытымыздағы біздің міндетіміз – Тәуелсіздіктің 20 жылдығына барлық жоспарды ойдағыдай орындап, табысқа жету. Және бұл міндет барлық қазақстандыққа қатысты, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста