Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасындағы жаңа белес

Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасындағы  жаңа белес

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстан Президенті Ислам Каримовты қабылдап, екіжақты келіс­сөздер өткізді. Ақордада жеке-дара кездескен екі елдің басшылары Орталық Азия аймағындағы аса маңызды проблема – трансшекаралық су ресурстары, оның ішінде көрші мемлекеттердің Сырдария мен Әмудария өзендерін пайдалану мәселесін кеңінен талқыға салды. И.Каримов Тәжікстан мен Қырғызстанның ортақ өзен-суларды энергетика үшін пайдалану бастамаларына қарсы. Ал Елбасы Арал мәселесіне алаңдайды.

Арал мәселесін шешуге мүмкіндік бар
Орталық Азия аймағындағы ортақ су ресурстарын тиімді әрі бірдей пайдалану мәселесі көптен бері тал­қыланып келеді. Кеңестер құрамында болған мемлекеттер тәуелсіздік алып, өз шаруасын өздігінше шешуге кіріскеннен бастап, өзен-суларды мемлекеттің жеке мүддесі үшін пайдалану проблемасы туындады. Біз үшін ол – Сырдария және Әмудария мәселесі. Себебі осы өзендердің арқа­сында қазіргі Арал көлінің мәселесін шешуге мүмкіндік бар. Сол себепті Орталық Азияның ортақ су-энергетикалық ресурстарын бірлесіп пайдалану мәселесі Қазақстан және Өзбекстан Президенттері арасындағы келіссөздердің басты тақырыбына айналды. «Әсіресе «Аралды құтқару» халықаралық қорының қызметін жандандыру аса ма­ңызды. Осыған байланысты Сырдария мен Әмудария­ның басында отырған көрші ағайындарымызға тағы бір бауырластық сәлемімізді жолдаймыз. Себебі біз, осы өзендердің аяғында жатқан Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан, судың тап­шылығын барынша сезіп отырмыз. Бұл – миллиондаған адамның өмірі. Сон­дықтан аталған мәселелерді біз бірлесіп шешеміз деп сенемін», – дейді Н.Назарбаев. Президент «Аралды құт­қару» халық­аралық қорына төрағалық ететін Өзбек­стан­ның осы саладағы жұмысқа жаңаша серпін бере­тіндігіне сенім білдірді.
Өзбекстан Тәжікстан мен Қырғызстанның бастамаларына қарсы
И.Каримов Сырдария мен Әмудария өзендері бойында қалыптасқан жағдайды Қырғызстан мен Тәжікстан ушықтырып отыр деп санайды. Оның айтуынша, бұл елдер трансшекаралық өзендерді энергетикалық әлеуетін көтеру үшін пайдалануды көздейді. Осының салдарынан басқа көрші мемлекеттерге су бірқалыпты таралмайды. «Олар Сыр­дария мен Әмударияның трансшекаралық өзендер екен­дігін ұмытқан сияқты. Ел ішіндегі өзендер болса ша­руа­мыз жоқ. Ал трансшекаралық сулар болғаннан кейін, оны халықаралық шарттарға сай пайдалану қажет. Ол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының төрт бірдей кон­венциясы бар.
Неге ол мәселеге соншама көңіл бө­лінеді дейсіз ғой. Себебі бүгінгі са­рап­шы мамандардың болжамына сәйкес, су ресурстары болашақта үлкен проб­ле­маға айналып, оның төңірегінде мем­ле­кетаралық байланыстар ушығып оты­ра­ды», – дейді И.Каримов. Оның сөзіне қа­ра­ғанда, Орталық Азияда қалыптасқан бүгінгі жағдай мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты қиындатып қана қой­май, соғысқа да апаруы әбден мүмкін. «Сон­дықтан трансшекаралық өзендерді пай­даланған кезде көрші елдердің келісі­мін ескеру қажет. Бұл – біздің нұсқауымыз емес, ол әлемдік қауымдастықтың шеші­мі. Осы орайда Сырдария мен Әмудария, әсі­ресе Сырдария өзені бойында ғасыр­лар бойы өмір сүріп жатқан миллиондаған қазақ пен өзбек халықтарын ұмытпау қа­жет. Сондықтан осы жағдайды ескермей, қандай да бір жоспарлар жасалып жатқан кезде біз тыныш жата алмаймыз», – деді Өзбекстан елінің басшысы. Осыдан кейін И.Каримов Қырғызстан мен Тәжікстанның ортақ су ресурстарын пайдалану саласын­да­ғы жоспарларын ашып берді. Бүгінде Қыр­ғызстан Сырдария өзені бойында «Қам­бар ата – 1» жылу электрстансысын сал­у­ды жоспарлап отыр. Биіктігі 275 метр бо­латын алып құрылысқа 5 млрд доллар жұм­салмақшы. Ал Тәжікстан «Рогун» ЖЭС-ін салуды жоспарлап қойған. Су бөгетінің биіктігі – 350 метр. «Бұл әлемдегі ең биік бөгет болмақ. Олар Гиннесстің рекордына жету­ді көздейді-ау деймін. Бірақ бұл жер­де рекордтар емес, адам өмірі мәселесі тұр ғой. Ал америкалық сарапшылардың хабарлауынша, «Қамбар ата – 1» және «Рогун» құрылыстары салынатын аймақта жердің тектоникалық (жер қатпарының қозғалуы – авт.) қаупі жоғары. Бізде нақты мә­лімет те бар. Мәселен, соңғы жүз жылда «Қамбар ата – 1» жерінде 9-10 баллды аса қат­ты жер сілкінісі болған. Ал осы құбы­лыс­тың алдағы жүз жылда қайталанбай­тынына кім кепіл бере алады? Сол кезде ол бөгет жарылып, «Тоқтағұл» қоймасындағы сумен бірге лап ете түседі. Қазірдің өзінде олар қыста, бізге мүлдем керек емес уа­қыт­та артық суды жіберген кезде Шар­да­рада не болып жатқанын өзіңіз жақсы білесіз. Қызылорда облысының ауылдары судың астында қалып отырады. Бұл – реттелетін судың көлемі. Ал техногендік апат жағдайында не болатынын болжай беріңіз», – деп И.Каримов бәрімізді ойға қалдырды. Өзбекстан басшысы аталған құ­рылыстарды бастаудың алдында халық­аралық сараптама өткізуді ұсынды.
Ауғаннан әскер шығару мәселесі талқыланды
Н.Назарбаев пен И.Каримов Ауған же­рін­дегі жағдайды да талқыға салды. Осы орайда Өзбекстан Президенті былай деп өз ойын сабақтады: «Орталық Азия айма­ғын­да келіспей жатқан әлемнің ірі дер­жаваларының көзқарастары туралы бәрі біледі. Оны былай да анық байқауға болады». Оның ойынша, ISAF (Қауіпсіз­дік жөніндегі халықаралық күштер – авт.) атты бітімгерлік күштер Ауғанстаннан шы­ғарыл­ғаннан кейін кейбір жағдайларда ушығып, сан алуан қарама-қайшылықтар туындауы мүмкін. Осы ауған мәселесінің кесірінен кезінде Өзбекстанның опық жеп қалғаны белгілі. 1999 жылы өзбектер Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан бас тартып, Ауғанстандағы әскери опера­ция­ла­ры үшін АҚШ-қа Карши-Ханабад әскери базасын берген еді. 2005 жылы болған Әндижан­дағы қанды оқиғалардан кейін АҚШ пен Еуропаның сынына ұшыраған ресми Ташкент Ұжымдық қауіпсіздік шар­ты ұйымының қатарына қайта кіруге өтініш бер­ді. Сол кезде АҚШ Карши-Ханабад база­сын тастап кетуге мәжбүр болды. 2008 жы­лы И.Каримов Еуразиялық экономика­лық қауымдастық­тан шығатынын мәлім­де­ді. Ал ағымдағы жылы Ұжымдық қауіп­сіз­дік шарты ұйымының мүшелігінен толы­ғымен бас тартты. Саяси сараптама халықаралық инс­титутының директоры Евгений Мин­ченконың айтуынша, Өзбек­стан­ның өз мүшелігін тоқтатуы ұйым қыз­метіне әсер ет­пеуі тиіс.
Тауар айналымы екі есе артады
Сонымен, Өзбекстан Республикасы­ның Президенті И.Каримовтың ресми сапары бойынша екі елдің басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ Қа­зақ­стан мен Өзбекстан ара­сында реа­дмис­­сия туралы үкіметаралық келісімге және оны іске асыру тәртібі туралы орындау хатта­масына қол қойылып, 2000 жылы 7 шілдедегі екі ел үкіметтері ара­сын­дағы азаматтардың өзара сапарла­ры­ның шарт­тары туралы келісімге өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы хаттама бе­кітіл­ді. Оған қоса, 2006 жылғы 4 қыр­күйек­тегі Қазақ­стан Үкіметі мен Өзбекстан Үкі­меті арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мем­лекеттік шекарасы арқылы өткізу қо­сын­дары жөніндегі келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хатта­маға қол қойылды. Бұған дейін кездескен сырт­қы істер министрлерінің 2012-2014 жыл­дарға арналған Қазақстан Республи­касы мен Өзбекстан Республикасы ара­сын­дағы ынтымақтастық бағдарламасы­на қол қойғандығын да ерекше атап өткен жөн. Биыл қазан айында Қазақстан мен Өзбек­стан арасындағы дипломатия­лық қарым-қатынастарды орнатқанына 20 жыл толады. «Тәуелсіздік жылдары екі ел ара­сын­да келісімшарттың мол қоры қалып­тасты. Біз 100-ден астам құжатқа қол қой­дық. Осы жолы біз барлық құжат­тарды түген­деп, керек емес құжаттарды алып тастап, жетіспей жатқан келісімдерді қосу­ды ұйғардық», – деді Н.Назарбаев. Өткен алты айдың ішінде Қазақстан мен Өзбек­стан арасындағы тауар айналымы 925,6 млн долларды құрады. Екі елдің Прези­дент­тері бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуды көз­деп отыр. Өз сөзінде Өзбекстан елінің бас­шысы «келісіп пішкен тонның келте бол­масын» ашық білдірді. «Меніңше, ке­рек кезде бізге жиі кездесіп тұру қажет. Се­бебі бүгінге дейін біраз мәселелер жи­налып қалады да, кейін оны шешу қиынға соға­ды. Орталық Азияның өз ішінде және оның айналасындағы жағдайды ескерсек, осы жолғы жеке және кеңейтілген құрам­дағы кездесулердің жөні бөлек болды. Қа­зіргі алмағайып заманның қитұрқы жағдай­ларына қарамастан, біз ортақ мүдде үшін жұмыс істеп, екіжақты байланыстарды күшейтетін боламыз деп сенемін», – деді И.Каримов.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста