Қазақстан – тұрақтылықты тұтас өңірге экспорттаушы ел
Дамушы нарықтың екінші Еуразиялық форумы бұған дейін де бірқатар басқосу өткізіп, көптеген елдердің келешегіне көз жүгірткен, қайсыбіріне кем-кетікті айтып, енді бірінің бағытын баянды еткен ұйым. Мұндай форумға сарабдал саясаткерлер мен тұлға қайраткерлер, тау қопармаса да, терең тәжірибесімен көзге түскен бұрынғы мемлекет пен Үкімет басшылары қатысып, өз ой-пікірлерін айтады, бағасын да, батасын да береді. Орталық Азияға алғаш аяқ басып, Астанада ту тіккен осы форумға «Назарбаев Университеті» АҚ мұрындық болып, оның тақырыбы «Еуразия ХХІ ғасырда: Жаңару арқылы жетекшілік» деп аталды. Кеше форумның алғашқы отырысы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтті.
Дамушы нарықтардың Еуразиялық форумы халықаралық аренада салмағы бар саясаткерлер мен шешім қабылдаушы мемлекет арасында пікір алмасу үшін бейтарап тұғыр ретінде саналады. Ендеше, Еуразия кіндігіне келіп, пікір айтуға шақырылған мәртебелі меймандардың әрбір сөзін қалт жібермеу Қазақстан үшін, әлбетте, өзекті. Сондықтан да сындарлы пікір алмасу үшін әуелгі сөзді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алып, мәртебелі меймандар алдында Президент «Қазақстан-2050: Әлемнің 30 дамыған мемлекетінің қатарына кіру» тақырыбында баяндама жасаған болатын. Тақырыпқа келсек, бұның таңдалуы да өзіндік мәнге ие. Мемлекет басшысы былтырғы желтоқсанда «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасын жариялап, оның негізінде еліміздің әлемдегі озық 30 мемлекеттің біріне айналуы көзделген болатын. «Осы мақсатқа жетуге еліміздің толық мүмкіндігі бар, Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміздің өзі осыған дәлел. Дегенмен сіздердің бүгінгі талқылауларыңыз бен ұсыныстарыңыз біздің бағдарламамызды толықтырады, бізге дұрыс жолды таңдауға септігін тигізеді деп сенемін», – деп бастады Елбасы шетелдік сақа саясаткерлер алдындағы баяндамасын.
Қазақстан жетекші елдер тобына ену мәртебесін нығыздай түсетін болады
Өткенде ғана Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Петербордағы «G-20» саммитіне шақырылып, онда жаһандық дағдарыстан шығу туралы өз көзқарасын «жетекші жиырмалық» алдында жариялаған. Шындап келгенде, анау-мынауға мұрын шүйіре қарайтын «Үлкен-20» елдерінің арасында Қазақстанның қатысуы біраз жайтты аңғартса керек-ті. Елбасы да сөз барысында осы жағына назар аудартып қоймай, ел Үкіметінің ендігі басым міндетін де саралағандай болды. «Әлем тағдыры сөз болған Санкт-Петербордағы «G-20» форумында қызу талқылауларға араласқан Қазақстан бұл клубқа «де факто» қатысты. Ендігі міндет елге бұйырғалы тұрған бұл мәртебені «де юре» деңгейінде тіркеу үшін шаруаны нығыздай түсу», – деп түсіндірді Елбасы жиынның мәнін. Шындығында, өткен 22 жылдағы жетістік Қазақстан үшін зор бедел әкелді. Кеңес Одағы күйреген тұста экономикасы 30 пайызға құлдырап, бұрынғы КСРО елдерінің арасында «аутсайдер» аталған Қазақстан қазір сенімді экономикалық өсімнің даңғылына түсті. Бұл тұрғыда Н. Назарбаев 1991 жылғы Тәуелсіздік жарияланған күннен бастап «тек тіршілік үшін» жұмыс жасалғанын, сол жылдары Қазақстанның ел болып қалыптасу немесе құрдымға кету мәселесі төтеден тұрғанын айтты. «Мемлекетіміз көп ұлтты болды, экономикамыз тұралап қалды, жұмыссыздық жайлап, инфляция 2160 пайыз деңгейге шарықтады. Болжамның өзі сұсты болды. Алайда біз сол сұсты болжамдарды өзгертіп, басқа бағытта жол салдық», – деді Елбасы. Сонымен қатар, Президент жаңа ғасыр басында, яғни алғашқы 10 жылда Қазақстан экономикасы 9-10 пайыз қарқынмен дамығанын, орташа алғанда осы жылдары даму деңгейі 6-7 пайызды құрағанын атап өтті. Қазақстандықтардың өмір сапасында елеулі серпіліске қол жетті, халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ үлесі 600 доллардан биыл 12,5 мың долларға өсті. Осының бәрі әлеуметтің әлеуметтік жағдайына оң әсер етті. «Бар болғаны 22 жыл бұрын ғана біз барша рейтингтен сырт қалған едік, мұндай көрсеткішті тек арман ретінде елестетінбіз. Ал бүгін бәрі басқаша. Біз ұлттар арасындағы осы бәсекелестікте Қазақ елінің тек алға ұмтылып келе жатқанына тек қуанамыз», – дейді Н. Назарбаев.
Дамыған 30-дың қатары – Қазақ елі діттеген тарихи меже
2050 жылға дейінгі айқындалған стратегия туралы айта келе, Елбасы ондағы жас мемлекеттің алдына қойылған басты міндет – барынша дамыған 30 елдің қатарына ену екендігін атап өтті. «Біздің қоғам үшін бұл – құрғақ қиял емес, керісінше аса қажетті тарихи меже. Осы отыздықты еңсерсек қана біз өзіміз үшін сенімді келешекті тек ХХІ ғасырда ғана емес, одан кейінгі дәуірде де қамтамасыз ете аламыз. Тек осы жағдайда ғана біз Қазақстанның «әлемдік жанұядағы» лайықты орнын тауып, өз азаматтарымыздың сапалы өміріне кепіл бола аламыз», – деп түсіндірді
Н.Назарбаев. Сонымен қатар Елбасы 2050 жылға қарай көз жүгірте отырып, «о заманның бүгінгіден барынша өзгеше болатынына» назар аудартты. «2050 жылы әлемдегі барынша дамыған 30 елдің жиынтығы қазір біз көріп жүрген елдерге қарағанда мүлдем басқаша болуы әбден ықтимал. Өйткені осы өткен онжылдықта ғана әлем дамудың аса қиын кезеңіне аттады, дағдарыстар мен болжамсыз дүниелер, қым-қуыт қақтығыстар өршіді. Ал мұндай жағдайда көшбасшылық позициясы шыдамдылықтың жоғары деңгейін көрсеткен елдерде ғана сақталатыны белгілі», – деді Елбасы. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы ендігі 37 жылда (яғни, 2050 жылға қарай) «дамыған ел» ұғымының өзі бүгінгіден әлдеқайда құбылып кетуі мүмкін екенін айтып, оған нақты мысалдарды алға тартты. «Өзіңіз қараңыз, ХХ ғасыр басында дамыған елдер деп негізінен отаршыл империялар айтылатын, ал 30-40 жыл ішінде «дамыған ел» деген терминге жоғары өнеркәсіптік әлеует пен әскери қуатты мемлекет жатты. Тағы 20-30 жыл өткен соң жоғары ғылыми-білім беру әлеуетіне ие қоғам «дамыған» деп саналды. Қазіргі ғасыр басында дамығанның басты көрсеткіші ақпараттық ілкімдікке қарай жіктеледі. Яғни, әлемдік даңғылда жаңа трендтер аяқ астынан туындауы ғажап емес», – деп пайымдады Елбасы
Н.Назарбаев. Бұл ретте Президент 70 жылдары КСРО секілді империяның күйрейтінін ешкім болжай алмағанын, ал Қытай әлемдегі екінші экономикаға айналуы мүмкін еместей көрінгенін де мысалға алды. Солай дей келе, Елбасы дамыған елдердің негізгі критерийлеріне қатысты бірқатар сапалық сипаттамалар да жасады. Мәселен, Нұрсұлтан Әбішұлының пайымынша, алдағы уақытта дамыған жұрт – ең алдымен экономикалық және әлеуметтік өсімнің жоғары қарқынымен ерекшеленеді. Яғни, «дамыған ел» деп өз елінің өмір деңгейі мен экономикасындағы көпжылдық сенімді дамуды қамтамасыз ете алған мемлекет айтылады. «Екіншіден, дамыған елдің мобильді экономикалық құрылымдары болуы шарт. Бұл әсіресе ұлттық экономиканың құбылмалы конъюктураға шапшаң әрекет етуі тұрғысынан маңызды. Үшіншіден, «дамыған ел» деп жоғары технологиялық, ғылыми қамтымды инновациялық экономика секторына ие елдер айтылады. Онда еңбек өнімділігі жоғары болып, энергия тұтыну төмен болуы шарт. Төртіншіден, ғасыр ортасында «дамыған ел» деп жан-жақты ақпаратқа ие қоғам аталуы мүмкін. Бесіншіден, жұртшылықтың әлеуметтік өмір стандарттары жоғары болуы керек. Мұндағы басты әңгіме жоғары білім беру әлеуеті, денсаулық сақтаудың сенімді жүйесі мен аз қамтылған халық жігінің әлеуметтік қорғалуы туралы болып отыр. Сосын нағыз перспективалы болып Жалпыға ортақ еңбек қоғамы саналады деп ойлаймын. Адам өзінің, өз мемлекетінің игілігіне жұмыс істегенде ғана нәтиже оңға басады. Алтыншыдан, дамудың маңызды өлшемдерінің бірі – саяси-қоғамдық қатынастардағы өмірдің жоғары мәдениетімен байланысты. Жетіншіден, ұлттың даму деңгейін оның жаһандық, өңірлік интеграциялық жобаларға жоғары белсенділігімен де айқындалады», – деді Н. Назарбаев.
Қазақстан перспективалы ұлттардың топ-парағына ене алады
Баяндама арасында еліміздің өткен жолдарын саралай келе Елбасы, бүгінгі даму деңгейінің елді жетелейтін мүмкіндіктеріне де тоқталып өтті. «Мен әлемнің болашақ даму моделінде Қазақстан лайықты орын алатындығына әрі әлемнің перспективалы ұлттарының топ-парағына енетіндігіне сенімдімін. Біз дамыған ел болғымыз келсе бұдан басқа жол жоқ», – деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясының басты мақсаттарына қол жеткізу үшін жақын жылдары атқарылатын нақты жұмыстар аясында 2 концептуалды басымдықты атап өтті. «Бірінші басымдық адами капиталды дамыту саласында сапалы серпін жасау үшін жағдай жасау. Кез келген жағдайда да адами ресурстар қоғамның дамуын айқындайтын болады. Сондықтан да, ең алдымен бүгінгі таңда қазақстандықтарға білім берудің жаңа сапасы талап етіледі», – деді Н.Назарбаев. Елбасы айтқан екінші басымдық – бұл ел дамуының жоғары қарқынын қамтамасыз ететін экономикалық және құқықтық институттардың тиімді жүйесін қалыптастыру бойынша жұмыстардың зор бағыты. «Бұл шаралар өз кезегінде ел дамуының жоғары қарқынын қамтамсыз ететін болады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Шикізат экономика өсімін қамтамасыз еткенімен, мемлекет кірісінің басты көзі болмауы керек
Сөз арасында Мемлекет басшысы ғылыми қамтымды экономикаға өту үшін барынша маңызды саналатын Стратегияның нақты міндеттеріне тоқталды. «Оның бірі – көмірсутек ресурстарын басқарудың тиімді жүйесі. Шикізат қоры экономика өсімін қамтамасыз етуі тиіс, алайда мемлекет кірісінің басты көзі болудан тыйылуы шарт. Бұл – Үкіметтің басты міндеті», – деді Елбасы. Бұл ретте Мемлекет басшысы мұнай өндірудің түрлі сценарийін де саралап шықты. Мәселен, Президент пайымынша консервативті сценарий бойынша 2050 жылға дейін мұнай ресурстарын тұрақты өндіру және экспорттауды сақтап қалудың барлық мүмкіндігі бар. Демек, осындай жағдай сақталса дамудың Ұлттық қорына кірістердің тұрақты түсімін қамтамасыз етуге болады. Ал орын алуы мүмкін агрессивті сценарийде Қазақстанның мұнай ресурстарын экспорттау мүмкіндігі тез арада түгесілуі әбден мүмкін. «Жалпы Қазақстан халқының тұтынуына жылына 2 млн баррель мұнай өндіру жеткілікті. Сондықтан да, біз бұндай қадамды алдағы уақытта барынша ескеретін боламыз», – деді Н. Назарбаев.
Бұдан бөлек, Елбасы елдегі энерготиімділік мәселесін, балама энергияны дамытуды да қозғады. Тоқтала кететін жайт, Қазақстанда «болашақ энергияның» айтарлықтай әлеуеті бар екенін көп жұрт біледі. Осыған орай, Мемлекет басшысы бұған дейін де 2050 жылға қарай балама энергияны елімізде өндірілетін барлық энергияның жартысына жақындатуды, ал 2020 жылға дейін Қазақстанда энергия тұтынуды үнемдеу жылына кемі 2,5 пайызды құрауы тиістігін тапсырғаны есте. «Мұндай межені бағындыру үшін не қажет? Біріншіден, таза энергияны дамыту жөніндегі агенттік құру, екіншіден, балама энергия жобаларын қолдау жөніндегі қор құру, үшіншіден, энергия сервистік компаниялар құруды қамтамасыз ету, төртіншіден, энергия үнемдеу үшін шаруашылық субъектілерін ынталандыру қажет», – деді
Н.Назарбаев. Сонымен қатар Елбасы өндірісті солғын тарттыратын салалардан бас тарта отырып, ағымдағы индустриалды саясатты оңтайландырудың қажеттігіне де көз жүгіртті. «Біз 4 жыл индустриалды бағдарламаны жүзеге асырып келеміз, жүздеген жаңа кәсіпорындар іске қосылып, 1,5 миллионнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Бірақ Қазақстанда не салып, нені дамытуымыз керек? Бір мезгіл тоқтап, соны қарауымыз қажет», – деді Н.Назарбаев. Осы орайда Мемлекет басшысы басымдықты салаларды шектеп, жоғары технологиялық салаға бағдарлану маңызды екендігін баса айтты. Мәселен, таза энергетика, робототехника, нанотехнология, аэроғарыш өнеркәсібі, гендік инженерия. Бұдан бөлек, Елбасы Қазақстан үшін аумақтық даму мәселесі маңызды екенін де атап өтті. «Біз өсудің қуатты нүктесі ретінде қалалық агломерацияны дамытуға басымдық берміз. Ұзақмерзімді мақсат – Астана мен Алматы арқылы әлемдік деңгейдегі мегаполистер агломерациясын қалыптастыру. Әзірше осы екі қаланың жұртшылығы, оның ішінде Алматы 1,5 млн халыққа жақындаса, Астана халқы миллионға жақындап келеді. Біздің алдымызда бұлардан бөлек екі мегаполис құру, сосын «ақылды», «жасыл», «қауіпсіз» қалалардың қатарын арттыруды міндет етеміз», – деп түйіндеді Н. Назарбаев.
Сарапшылар бүй дейді:
Романо ПРОДИ, Италияның экс-премьері:
–Менің ойымша, Қазақстан барынша дамыған 30 елдің қатарына 2050 жылдан да ертерек іліге алады. Біз бұл бағытта өз көмегімізді көрсете аламыз деген сенімдемін. Ал маған тиген энергоресурстарды ұқыпты игеру тақырыбына келсек, энергетикалық ресурстарды пайдалануды ұзақмерзімді перспективаға ысыру мәселесі маңызды. Бұл энергетикалық ресурстары жоқ елдер үшін ғана емес, Қазақстан секілді кенге бай ел үшін де аса өзекті. Өйткені энергия ұзақмерзімді ресурс, сондықтан оған ұзақмерзімді стратегия қажет.
Альфред ГУЗЕНБАУЭР, Аустрияның экс-федералдық канцлері:
–Біз бүгінгі күні бүкіл әлем бойынша білім беру революциясының табалдырығында тұрмыз. Білім беру революциясы –бұл сол білім пирамидасының ең ұшында ғана емес, оның табанынан бастап барлық деңгейін қамтамасыз етуі шарт. Сонымен қатар дәл осы біліммен ұштасқан мәселе Қазақстан секілді мемлекеттер үшін аса маңызды. Өйткені Қазақстан халқының саны бар-жоғы 17 млн адам екенін ескерсек, оның әрбір тұлғасының, әрбір жанының өз орны, өзіндік салмағы болуы, сол салмағы білініп тұруы қажет. Сондықтан да, мен Қазақстанда барлық деңгейдегі ұлттық білім беру істеріне толық әлеуетті жұмсай отырып қана өздері беттеген мақсатқа қол жеткізе алатынына сенімдімін.
Александр КВАСЬНЕВСКИЙ, Польша Республикасының бұрынғы президенті:
–Назарбаев ұсынған стратегия – бұл аса амбициялы жоспар. Мен бұл жоспардың шынайы, шындыққа әбден жақын келетін дүние екеніне көз жеткіземін. Сонымен қатар, Қазақстан – тұрақтылықтың көзі ғана емес, сол тұрақтылықты тұтас өңірге экспорттаушы ел.