Қазақстанда салықтық және кедендік тексерулер тоқтатылды
Төтенше жағдай кезінде еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру шаралары аясында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Қазақстанда бақылау шаралары тоқтатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.
Министрлік мемлекеттік кірістер органдары бастаған салық және кедендік тексерулерді, сондай-ақ тауарлар шығарылғаннан кейін басталған кедендік құжаттар мен ақпараттарды тексеруді 2022 жылдың 1 ақпанына дейін тоқтата тұру және кейінге қалдыру туралы хабарлады.
"1 ақпанға дейін мемлекеттік кірістер органдары бастамашылық еткен барлық тексерулер тоқтатылады. Сондай-ақ, көрсетілген мерзімге дейін мемлекеттік кірістер органдары өтініштер негізінде құқық қорғау органдары бастаған тексерулерді қоспағанда, жаңа тексерулерді бастауды тоқтатады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 1 ақпанға дейін мемлекеттік кірістер органдары камералдық тексеру жүргізуді, сондай-ақ камералдық тексерулер туралы хабарламаларды және салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды қалыптастыруды тоқтатты.