Қазақстанның екі жерсерігі ғарышқа ұшады
Биыл ел тарихында алғаш рет Жерді қашықтан бақылаудың қазақстандық жерсерігі ғарышқа ұшырылады. Оның маңыздылығы сол – қазақтың кең-байтақ жерін ғарыштан бақылау арқылы сан алуан табиғи апаттарды болжап қана қоймай, шекара аймағындағы түрлі қозғалыстарды қадағалауға болады. Бұл – ұлттық қауіпсіздіктің кепілі. Содан болар, Қазақстанның осындай жерсерігін ұшыру бойынша Астанада өткен халықаралық семинарға Германия, Ұлыбритания, Испания, Жапония, Түркия, Сербия сияқты елдердің арнайы өкілдері де келді.
Негізі, бүгінде Жерді қашықтан бақылаудың екі бірдей қазақстандық жерсерігін ғарышқа ұшыру жоспарланып отыр. Оның бірі – орта дәлдігі бар аппарат ағымдағы жылдың қазан-желтоқсан айларында Ресейдің «Ясный» алаңынан ғарышқа аттанса, жоғары дәлдігі бар екінші спутник келесі жылдың аяғында Францияның «Куру» ғарыш айлағынан ұшырылады. Әлбетте, осы жерде «Қазақстан ол аппараттарды неге өз жерінен, яғни «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырмайды?» деген сауалдың туындайтыны хақ. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев оның себебін былай деп түсіндірді: «Мәселен, жоғары дәлдігі бар жерсерігінің өзіндік техникалық құпиялары бар. Сондықтан француз жағы оны өз жерінен ұшыруды жөн көрді». Айта кетейік, екінші спутник EADS ASTRIUM француз компаниясының қатысуымен құрастырылады. Ал биыл ұшырылатын орта дәлдігі бар жерсерігін Ресейдің ғарыш айлағынан ұшырудың нақты себебі белгісіз. Бір нәрсе анық – бүгінде осы аппаратты қазақстандық зымыран тасығышы негізінде орбитаға жеткізу жайы қарастырылып жатыр. Осы жерсеріктерінің екеуі де өзге елден ұшырылса да, өз жерімізден, дәлірек айтсақ, Астана қаласынан басқарылатын болады. Бүгінде бұл жерде Жерді қашықтан зондтаудың (бақылау – авт.) ғарыштық жүйесі құрылуда.
Ғабдуллатиф МЫРЗАҚҰЛОВ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ президентi:
– Биыл жерден басқару инфрақұрылымы толығымен салынып бiтедi. Жыл соңында орта дәлдiктi жерсерiгi ғарышқа ұшырылғаннан кейiн, оны өзiмiздiң инфрақұрылыммен басқарып отыратын боламыз. Келесi жылы желтоқсанда жоғары дәлдiктi жерсерiгiн ұшыру жоспарлануда. Оны да өзiмiзден басқарамыз. Қазiргi таңда жерден басқару орталығы дайын. Тамыз айында бiздiң француздық әрiптестерiмiз EADS ASTRIUM компаниясы барлық технологияларды орнатады.