ҚазҰАУ мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Меморандумға қол қойды
Қазақ ұлттық аграрлық университетіне Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен делегация келді. Басқосу жиынын ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Исабайұлы Есполов ашып, ұжымның атынан әріптестерге жылы ықыласын білдіріп, оқу орнының әлемдік деңгейдегі университетке трансформациялану стратегиясын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде қызылордалық әріптестер Қазақстандағы аграрлық саладағы көшбасшы университеттің бүгінгі шыққан биіктері мен жетістіктерін ерекше атап өтті.
Делегациясы құрамында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректорының міндетін атқарушы, профессор Абдикаримов Бахытхан Жүнайдұлы, Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор міндетін атқарушы, химия ғылымдарының кандидаты, профессор – Аппазов Нұрбол Орынбасарұлы, «Агробиологиялық және қолданбалы зерттеулер» ғылыми орталығының директоры, РhD – Бекжанов Серік Жолдахметұлы, Аграрлық технологиялар кафедрасының меңгерушісі – Көптілеуов Болат Жеткербайұлы, Аграрлық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы – Нұрғалиев Нұрали Шайкисултанұлы, Баспасөз хатшысы – Арайлым Байжігітова сынды мамандар бар.
Айта кетейік, биыл, жаңа оқу жылының басында, қыркүйек айында ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов бастаған ғалымдар тобы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барып, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ оқытушы-профессорларымен, білім алушы жастармен кездесіп, оқу орнының оқу-ғылыми инфрақұрылымымен танысып қайтқан болатын. Сол кездесуде тараптар екі университет арасындағы ынтымақтастық байланысты нығайту, тәжірибе алмасу мәселелерін талқылаған болатын. Қызылордалық делегацияның ҚазҰАУ-ға бұл жұмыс сапары сол кездесудің жемісті нәтижесі, ынтымақтастық байланыстың жалғасы.
Бүгінгі күні Қазақ ұлттық аграрлық университеті Сыр өңіріндегі көшбасшы жоғары оқу орны – Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, сонымен қатар, Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу интитуты, Арал өңірі агроэкологиясы мен ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, тәжірибелік шаруашылықтар мен аграрлық колледж мамандарымен бірлесе отырып, әр сала бойынша жергілікті тауар өндірушілерге консалтингтік қызмет көрсететуде.
Қызылордалық делегацияның ҚазҰАУ-ға жұмыс сапарының мақсаты – республикамыздың жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесіне өту міндеттеріне сай, университет трансформациясы мен аталған құрылымдық өзгерістерге байланысты тәжірибе алмасу.
2016 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университеті Үкімет Қаулысымен «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылды. Бұл университетке академиялық еркіндік алуға, автономияға көшуге және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып, өзін-өзі қаржыландыру қағидаларын іске асыруға мүмкіндік берді.
Кесдесу барысында ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов «Тиімді менеджмент – университет жетістігінің басты факторы», Трансформация офиісінің жетекшісі Марина Алексеева «ЖОО-ның ұлттық зерттеу университетке трансформациялануы: қадам-қадаммен», HR даму басқармасының бастығы Дарья Саудабаева «Адам ресурстарын дамыту», тақырыптарында баяндамалар оқып, тәжірибелерімен бөлісті.
Жиыннан соң қызылордалық әріптестер «ЖОО-ны басқару», «Академиялық сапа», «Ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметтің дамуы», «Студенттік өмір және студенттік өзін басқару» бағыттарында тәжірибе алмасу үшін университеттің факультеттерінде болып, оқу-ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Делегация мүшелері ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық Хаб құрамына кіретін Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік, Инновациялық Су орталығы, Инновациялық жылыжай мен Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы (МИИДБ) шеңберінде мамандар дайындауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларымен, «Аграрлық білім-ғылым-өндіріс интеграциясы» көрмесімен, университеттің жалпы оқу-ғылыми инфрақұрылымындағы жетістіктермен танысты. Жиынға қатысушылар сонымен қатар университеттегі «Назарбаев білім-ғылым орталығында» және жақында ғана ашылған «Parasat» сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру орталығында болып, оқытушы-профенссорлармен, білім алушы жастармен кездесіп, пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚазҰАУ мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті басшылары Меморандумға қол қойды. Өзара ынтымақтастықты дамытуға кең жол ашатын құжатта білім алу, ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді тағылымдамадан өту, оқу-өндірістік және ғылыми тәжірибеден өту үшін тараптарда бар мамандықтар бойынша бакалаврлар, магистранттар, PhD докторлар, оқытушылар және зерттеушілермен академиялық, кәсіби (оқу-өндірістік, өндірістік, зерттеу, дипломалды, педагогикалық) тәжірибелермен алмасу, жоғары білікті ғылыми педагогикалық кадрлар мен мамандарды және PhD бағдарламасын бірлесіп даярлау, бакалавриат пен магистратура деңгейінде қос дипломды білім беру бағдарламасын дайындау аясындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылған. Сонымен қатар профессорлық-оқытушылық құрамы мен әкімшілік құрамның «онлайн» режимінде дәрістерін ұйымдастыру, магистрлік және докторлық диссертацияны жазуда, PhD докторы ғылыми дәрежесіне ізденуге диссертация жазуда ғылыми кеңес беру және қос жетекшілік ету, біріккен ғылыми және ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізу, біріккен конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, симпозиумдар өткізу мәселелері қамтылған.
Жиын соңында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ басшысы Бахытхан Жүнайдұлы университет ұжымына алғыс айтып, ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Исабайұлына ғылым, білімді өркендетіп, екі жақты интеграцияны дамытудағы ерен еңбегі үшін «Қорқыт Ата атындағы Алтын медаль» табыс етті.
ҚазҰАУ Қоғаммен байланыс басқармасы,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Баспасөз қызметі.
Фото: Мамыржан БОТАБЕКОВ