Қорықша үшін қорықпаймыз...
Бүгінде тұқымы тұздай құрып бара жатқан кей жануарларды қорғауға алу – күйіп тұрған мәселелердің бірі. Егер өте аз қалған оларды сақтап қала алмасақ, ертеңгі күні бармақ шайнап қалуымыз бек мүмкін. Сондықтан да қорғауға алынған өсімдіктер мен жануарлар мекен ететін қорықшаларды ерекше күтімге алу қарастырылуда.
Бүгінгі күні Жамбыл облысындағы Аңдасай мемлекеттік табиғи қорықшасын кеңейту жоспарланып отыр. Мұндағы мақсат қорғауға алынған өсімдіктер мен жан-жануарларға күтім жасап, оларды ерекше қамқорлыққа алу. Қазіргі таңда өңірде үш мемлекеттік қорықша жұмыс істеуде. Қорық емес, қорықша аталуының да өзіндік себебі бар. Өйткені оның аумағы анау айтқандай өте үлкен емес. Кішігірім ғана. Мәселен, Берікқара шатқалының аумағы 17,5 мың гектарды құрайды. Негізінен, ол кешенді қорықшаға жатады. Ал 3,07 мың гектар аумақты алып жатқан Қарақоңыз шатқалы ботаникалық болып саналады. Жалпы аумағы 1 000 мың гектарды құрайтын Аңдасай қорықшасы зоологиялық қорықшаға жатады. «Аңшылық зооөнеркәсіп» РМҚК-і облыста жануарлар әлемін қорғауды күшейту мақсатымен аталмыш жобаны қолға алып отыр. Аңдасай қорықшасының ауданын қазіргі бір миллион гектардан 2,7 миллион гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр. Бір артықшылығы «Аңшылық зооөнеркәсібі» қорықшаны сол аумақтағы жекеменшік жер иелерінен жерді алып қоймай, қайта жер пайдаланушылардың қолданыстағы шаруашылық қызметін шектемей-ақ кеңейту жоспарлануда. Алға қойған мақсат орындалса жер де бүтін, жануарлар да аман, өсімдік те түгел болмақ....