«Қош бол, COVID-19»: Ғалымдар вирусқа қатысты күтпеген мәлімдеме жасады
Соңғы айларда COVID-19 вирустың таралу жылдамдығы әлем бойынша бәсеңдей бастаған. Сонымен қатар, вирус жұқтырып ауруханаға түскен науқастарда дәл бұрынғыдай асқынулар байқала қоймаған. Осыған қарап мамандар алдағы күзде коронавирустың екінші толқыны болмауы да мүмкін деген жорамал жасай бастады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
РИА Новости ақпарат агенттігінде Италиядағы Vita-Salute San Raffaele университетінің проректоры, белгілі вирусолог Массимо Клементидің мәлімдемесі жарияланды. Мәлімдемеде күзде коронавирустың екінші толқыны болмауы да мүмкін екені, әрі соңғы зерттеулер коронавирустың әлсіреп жатқанын көрсетіп отырғаны айтылады.
Клементидің айтуынша, мамырда ауруханаға түскен науқастарда коронавирустың асқынуын аса байқамаған. «Бұл коронавирустың біртіндеп әлсіреп жатқанын көрсетеді», - деп мәлім еткен Массимо Клементи.
Сол секілді Қытайда, Еуропада, АҚШ-та тараған вирустарды зерттеп, сараптама жүргізген ағылшын ғалымдары да бұл пікірдің растығын дәлелдеп отыр. Олардың сөзіне сенсек, вирустың бұл түрі таяуда әлсірейді. Яғни адамдарда респираторлық аурулардың белгілері ғана болуы мүмкін.
Айтпақшы, ДДҰ өкілдері де жағымды ақпарат айта бастады. Олардың сөзіне сенсек, COVID-19 белгілері жоқ тасымалдаушылар өзгелерге вирус жұқтырмайды. Жұқтыру жағдайы да өте сирек кездеседі.
«Біздің мәліметтерге сүйенсек, COVID-19 белгілері жоқ тасымалдаушыларда басқаларға вирус жұқтыру қаупі төмен. Өзге елдердің де есептері бар. Онда да вирус белгілері жоқ тасымалдаушыларға бақылау жүргізіледі, олармен байланыста болғандар да бақылауда, бірақ вирус әрі қарай тарап жатқан жоқ. Бұл өте сирек кездесетін жағдай», - дейді ДДҰ өкілі Мария Ван Керкхове.