Қостанай облысында полицейлер далада жоғалып кеткен 9 жастағы баланы бір тәулік іздеп, тапты
Полицейлер, құтқарушылар мен еріктілер Қостанай облысында далада адасып кеткен тоғыз жасар баланы бір тәулікке жуық іздеді. Осы уақыт ішінде бала жалғыз өзі он шақырым қашықтықты жүріп өткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Кәмелетке толмаған Мейрам Зубков мал бағумен айналысатын ата-анасымен бірге далаға шығып, хабар-ошарсыз кеткен.
"16 маусым күні сағат 11-лер шамасында шаруа қожалығының аумағынан бір отар қой кетіп қалып, ата-анасы мал іздей бастаған. Ұлы олардың қасына бірге ілесіп шыққан. Олар баланың басқа бағытқа қалай кеткенін байқамай қалған”, - деп хабарлады Қостанай облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Баланың адасып кеткенін білген ата-анасы оны өз беттерімен іздеп көрген. Алайда барлық талпыныстар нәтижесіз болған соң кешкі сағат жетіге таяп қалғанда олар баланың жоғалғаны туралы полицияға арыз жазған.
Шымкентте жоғалып кеткен жасөспірім Алматыда жұмыс істеп жүрген жерінен табылды
Алматыда жоғалып кеткен 17 жастағы қыз 1 айдан кейін Көкшетаудан табылды
"Баланы іздестіру дереу ұйымдастырылды. Іздестіру шараларына полиция қызметкерлері, т төтенше жағдайлар департаменті мен еріктілер қатысты. Жақын ауылдардың аумақтары, өзен жайылмалары қаралды, арнайы техникалар, іздестіру иттері қолданылды. Сондай-ақ ұшу аппараты да пайдаланылды", - деп нақтылады облыстық полиция.
Тоқтамай іздестіру жұмыстарының нәтижесінде таңғы сағат сегіздер шамасында Мейрам Молокановка ауылынан үш шақырым жерден табылды. Бала өзінің даладағы үйінен он шақырымдай жол жүрген.
"Бала жоғалған қойын іздеген ата-анасын көрмей далада адасып қалғанын, үй жаққа кетемін деп, адасып қалғанын, даланы жүріп өткенін, содан кейін ұйықтап қалғанын айтты", - деп хабарлады Қостанай облысының полиция департаменті.
Өз кезегінде облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Ерлан Омарбеков жоғалған бала туралы хабардар болып, жедел түрде полиция мен құтқарушыларға көмекке келген еріктілерге шынайы алғысын білдірді.