Қуатты Қазақстанды көркейтудің жолдары

Қуатты Қазақстанды көркейтудің жолдары

Жаһанданған әлемде басқа елдермен бәсекедегі бекемдікті арттыратын Қазақстанның индустрияландыру бағдарламасын қолға алғалы 2,5 жыл өтіпті. Индустрияландыруда әу бастан қалыптасқан дәстүр бар: атқарылған жұмыстың қорытындысын шығару һәм бағдарлама барысы туралы әкімдер мен Үкімет есебін тыңдау, талқылау. Тағы ерекшелік «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!» атты ұранмен өтетін осынау индустриялық форум екі рет: жыл ортасы – жаздың шілдесінде бір, аяғы  желтоқсанда қорытындыланады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысатын осынау шарада халықтық жобаларға жол ашылып, индустрияландыру үдерісі үдей түсетіні белгілі. Кеше дәл сондай жиын елорданың жаңа ғимараты – озық технологиямен жарақтанған «Қазмедиаорталық» теле-радио кешенінде өтті. Аймақпен телекөпір арқылы байланысқан Президент Нұрсұлтан Әбішұлы индустрияландыру аясындағы 12 жобаның тұсауын кесті. Жиынды ғана емес, 2,5 жылдың жұмысын қорытқан Елбасы жетістіктен гөрі кемшіліктерді баса айтып, Үкімет қаперіне қадау-қадау тапсырма жүктеді.   
Индустрияландыру идеясы қолға алынғалы ұлттық экономика оң өсімге иелене бастағаны айқын. Жүзеге аса бастаған 2,5 жыл ішінде үдемелі бағ­дар­­ламаның жетістігі нешік? Бақсақ, аз уақытта ел бойынша 443 жаңа өндіріс ашылып, солар экономика құрылымын өзгертуге сеп болған. Бұған дейін Қа­зақстанда мүлдем шықпаған 100-ден астам өнім өндірілді. Бағдарламада бекітілген индикаторлар көрсеткіші де мерзімінен бұрын орындалыпты. Мәселен, бір ғана машина жасаудағы жиынтық қосылған құн 169 пайызға артып, өндіріс көлемі  500 млрд тең­геге жеткен. Құрылыс индустриясы да осымен шамалас қарқынға ұласыпты. Нәтижесінде, қазірдің өзінде отандық құрылыс материалдарының өсім көрсеткіші 67 пайызды құраған. Химия сала­сында өндіріс көлемі үш есеге арт­са, тау-кен металлургия секторындағы өсім 49 пайызды құрады. Ендеше, осын­дай елеулі қарқын ұлттық даму­дың бойына қан жүгіртті. Мұның дәлелі ретінде мынаны айтайық: 2,5 жылда еңбек өнімділігі өңдеуші өнер­кәсіпте 32 пайызға өсіп, 300-ден астам инновациялық жобалар мемлекеттік қолдауға кенелген. Бизнесті дамыту бойынша ынталандыру шаралары қанат жайып, нәтижесінде өңделген өнім экспорты 22 млрд доллардан асты. Қазақстандық кәсіпкерлерге жа­сал­ған мемлекеттік қолдау  340 млрд теңгеден асқан. Бұл да – ілгері жыл­дары игерілмеген зор жетістік. Жаңадан ашылған кәсіпорындар арқасында жүз­деген мың адам жұмысбасты бо­лып, инженерлік-техникалық маман­дық­тарға сұраныс күшейді. Ірі, шағын һәм орта бизнестің 3500-ге тарта кә­сіп­орны дамудың жаңа қарқынына көте­ріліпті. Осыны байқаған Doing busi­ness халықаралық рейтинг агент­тігін­де Қазақстанды 58 орыннан 47 орынға көтерген. Ал ағымдағы жылға келсек, алты айда Индустрияландыру картасының кәсіпорындары 300 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бұған кеше тұсауы кесіліп, Президенттің пәрмен беруі­мен ашылған 12 жобаны қосса­ңыз, дамудың даңғылын көз алдыға елес­тетесіз. Кешегі жиында алдымен эко­номикалық даму және сауда ми­нистрі Бақытжан Сағынтаев пен ин­дустрия және жаңа технологиялар ми­нистрі Әсет Исекешевтің осындай же­тістік­термен көмкерілген баяндама­сын тыңдаған Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Үкіметтің индустриялық жұмысын жал­пы, қанағаттанарлық деп бағала­ды. Бұдан соң өңірлерге телекөпірмен қо­­сылып, жаңа жобаларға батасын бер­­ген Мемлекет басшысы Н.Назар­баев қорытынды сөзінде жағымды жетіс­тікті ысырып, кем-кетік кедергілер мен кем­шіліктер туралы сөз қозғап, жа­уап­ты тұлғаларға қадау-қадау тап­сыр­ма жүк­теді. «Баяндалғанның бәрін тың­­дасақ, әрине, Үкіметтің жұмысына қа­на­ғаттанарлық баға беруге болады. индустрия және жаңа технологиялар министрі Исекешевтің үл­кен шаруа тындырып жатқанын бай­қай­мын. Осы қарқыннан таймайық. Д­е­ген­мен жетістікті қайталағым кел­мей­ді. Өйткені қанша қуансақ та кем­ші­лік толып жатыр. Соған тоқтағым ке­ле­ді», – деп сөз бастады Президент.
Индустрияландыру картасының мәртебесі артады
Мәліметке сүйенсек, 2010 жылғы индустрияландыру алғаш аяқтанған тұста 225 жоба қолға алынған болса, 2011 жылдың жартысында соның тек жартысының жұмысы ғана 60 пайызға ілгерілепті. «Әрине, мен түсінемін: кей­де зауыттар өндірістің қуатқа шы­ғуы үшін кемінде үш-бес жыл керек, алайда мынадай жобалар бір жыл бойы орнынан қозғалған емес. Сон­дықтан да, ең алдымен біз Индустрия­ландыру картасының мәртебесін арт­ты­руымыз керек», – деді Елбасы. Яғни бұдан былай министрлер мен әкім­дерде индустрияландыруға қатыс­ты жеңіл-желпі түсіністік болмайды. Бұл үшін картаға іліккен жоба бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгінің, келешек­тің та­лап­тарына жауап беріп, болашақ­тың сұраныс үдесінен шығуы шарт. Сон­дықтан да индустрияландыру ба­сым­дығына жоғары технологиялық өнім шығаратын, нақты негізге бекіген жобалар ғана ие болады. Ал түпкі нә­ти­жеге қол жеткізу үшін Президент индустрияландыру жобаларын бастап­қы кезеңде ғана емес, олардың өз қуа­тын толық игеретін кезеңіне дейін қолдауды жүктеді. «Үкімет жобалар проблемасын ұдайы қадағаласын, ал кәсіпкерлер сондағы проблемалары туралы «дабыл қағуға» дайын тұрсын. Оның үстіне Индустрияландыру карта­сында қажетті жобалардың бәрі толық қамтылған жоқ», – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы.  Елбасы тоқтаған екінші ма­ңызды мәселе  өңдеуші секторға ин­вес­ти­ция  тарту  болатын. «Дәл осы дағ­да­рысты кезеңде, капитал «тынық айлақ» іздей-тұғын тұста, бізге бар ақ­шаны тартуды үйренген абзал. Әлемде ақша жоқ емес, қаражат көп, тек соны тарта білу керек. Сол үшін инвестор ізденісімен «Самұрық-Қазына» айна­лысуы тиіс», – деп кесіп айтты Елбасы. Әйтсе де инвестор тарту ісінде  Мем­лекет басшысы әлемдік деңгейдегі қар­жылық мүмкіндіктері мығым ком­па­нияларды ғана емес, өзімен бірге Қазақстанға жаңа технологияларды жетектей келетін компанияларды тар­ту­дың маңыздылығын атады. «Ресми сапарлар барысында ұдайы жетекші елдер басшыларымен келіссөздер жүр­гізіп келемін. Ынтымақтастық тура­лы, инвестициялар туралы құжаттарға қол қоямыз. Онда үнемі технологиялар болуы тиістігі туралы мәселе қойып жүрмін. Соңғы жылдар ішінде мен Фран­циямен, Германиямен, Кореямен, Индонезиямен, Малайзиямен, Түркия­мен келісімдер жүргіздім, олардың барлығында  жаңа технология туралы әңгіме бар. Ендеше, Үкімет әлгіндей келісімнің Қазақстанда жүзеге асуын жіті қадағалап отыруы керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы елеген ендігі мәселе елімізде қызмет ететін ірі жекеменшік компания­лардың сатып алуындағы қазақстандық қам­ту мөлшеріне қатысты болды. Пре­зидент бастапқыда әдемі басталған көр­сеткіштің, соңғы уақытта тым төмендеп ба­ра жатқанына алаңдаушылық білдіріп, жекелеген мекемелерге «құлаққағыс» жа­сады. Расында, қазақстандық қамту бо­йынша сатып алу ауқымы көтерілудің ор­нына былтырдың өзінде 5 пайызға тө­мендепті. Соны айта отырып, сөз ара­сында Елбасы мынадай мәліметті алға тарт­ты: «ТеңізШевройл» бойынша қазақ­стан­дық қамту 4 пайыздан астамға, «Қа­шаған» жобасында – 2 пайыз, «Ақ­тө­бемұнайгаз» – 1,4 пайызға төмендеген, «Қаз­хром» – 3,8 пайызға азайған. «Мен же­ке­меншік болғанына қарамастан, осы ком­паниялар басшыларына тағы да қай­талап айтқым келеді, олар Қазақстан ау­мағында болғандықтан ел Президентінің та­лабы мен заңнамасынан асып ешқайда кете алмайды. Бұны әлгіндей компа­ния­лармен жұмыс жасайтын министр мен әкімнің де қаперіне салғым келеді», – деген  Елбасы мәселені түбегейлі өзгерту үшін «Үкіметке қажет болса, заңнамалық тетіктерді де қарастыруға» тапсырма берді.
Жаһандық индустриялық революцияны кім жүзеге асырса, сол жеңіске жетеді
2020 жылға дейінгі даму стратегия­сы­ның бірінші кезеңі осы индус­трия­ландырумен ұштасқаны белгілі. Президент сөз арасында Үкіметке индус­трия­лан­дырудың екінші кезеңіне әзірленуді жүк­теді. «Қазіргі әлемде реиндустрияландыру үр­дісі байқалады. Еуропа елдері өзіндік индустриялық база қалыптастырудың ма­ңыздылығын жете түсінеді. Осыларды ес­кер­сек, бүгінгі шақта үшінші жаһандық ин­дустриялық революцияны кім жүзеге асыр­са, сол жеңіске жетеді», – деді Елбасы. Ал осынау жаһандық жеңістің тетігі – тех­нология, инновация. Ендеше, басым бағыт бұған дейін де айқындалған. Тек соны терең зерделеу – басты шара. Осы ретте, Мем­лекет басшысы алдағы уақытта өн­дірістің тиімділігін арттыру үшін жа­ңар­тылатын энергия көздерін дамытуды, энер­гияға үнемшілдікті де алға тартты. Бұл үшін бүгінгі Еуропа жетістігі тағы да мысал бо­ла алады. Мәселен, Еуроодақ өздерінде 191 млн ғимарат бар екенін санап шы­ғып­ты. Сосын олардың әрбіріне шағын электр стансыларын салуға ұмтылыс жасап отыр. «Әлем­нің төртінші экономикасы саналатын Германияда тұтынылатын энергияның 22 пайызы қайта қалпына келіп, жаңартылады. Ал бізде ше? Нөл! Осы тақылеттес қадамдар жалпы экономикалық құрылымның пара­диг­масын өзгертеді. Біздің күн батареясы, жел стансылары туралы мәселеміз сөз жү­зінде ғана. Бірде-бір қауқарлы стансы Қазақстанда жоқ», – деді Елбасы. Түйіндей келгенде, Президент Қазақстанға жоғары технологиялық өндіріске ұмтылып, әлемдік экономикадағы өзгерістерге әзір болу керектігін алға тартты. Сол үшін Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасын да, стратегиялық жоспарды да қайта қарап, жаңартып отыру керектігін алға тартты. Ендеше, осы мақсатта білім бе­ру жүйесін, маман даярлау ісін қайта қа­рас­тырып, жаңару арқылы «баяу жақындап келе жатқан өнеркәсіптік революцияға» бе­йім тұрғаны ләзім. «Индустрия­лан­ды­рудың тиімділігін арттырамыз десек, бізге қолжетімді ресурстарды басымдық берілген бағыттардағы шектеулі жобаларға жолдау керек. Қаржыдан шашау шығара бе­рудің жақсылығы болмайды. Иә, Құ­дай­ға шүкір, бізде қаражат баршылық. Дегенмен сол қаражатты қайда жұмсауды біл­ген де маңызды емес пе?! Сол үшін ал­дағы уақытта ұдайы мониторинг жасап, бағ­дарламалар мен жобаларды күзеп-тү­зеп отырған абзал», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.  
Бұдан бөлек, Президент алдағы уа­қытта көп күш өңірлерге түсетінін ескере келе, бұл бағытта да қадау-қадау мін­дет­терді айқындап берді. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін жергілікті деңгейден бастап, орталық органдардың әбжіл қимылы қажеттігін айтып өтті. «Шағын және орта бизнестің, кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін арттыруымыз керек. Бүгінгі күні кез келген дамыған елдің экономикалық негізін шағын және орта бизнес қалыптастырып отыр. Облыс әкімдері дәл осы мәселені назарда ұстасын. Кәсіпкерге көмектесіп, оларға керек болса үйрету керек, аяқтан тұруға жәрдем, сүйеу болғаны абзал. Алайда біздің көптеген кәсіпкеріміз мемлекеттің қолдау шаралары туралы мүлдем аз біледі.  Бұл – Экономикалық даму және сауда министрлігі мен «Даму» қорының кем­шілігі», – деген Елбасы осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.  Айта кетер­лігі, «Бизнестің жол картасы–2020» бағ­дарламасына үш жыл бойына 80 млрд тең­геден астам қаражат бөлінгеніне қа­рамастан, әлгі қаржы белсенді кәсіп­кер­лердің бар-жоғы 0,3 пайызы мен 1600-ге тарта нысанды ғана қамтыған. «Биыл микрокредиттеуге 12 млрд теңге бөлінді. Оның төрттен бірін Батыс Қазақ­стан облысы сұрап отыр. Қалғаны неге үнсіз екені түсініксіз. Мысалы, Қостанай облысы – 174 млн теңге, Маңғыстау – 200 млн, Алматы облысы, 273 млн теңге сұрапты. Сонда қалай? Осы облыстардағы жұртшылыққа қаражат керек емес пе?» – деген Президент салғырттық танытқан облыс басшыларының жауаптарын жеке-жеке тыңдады.

Елбасы айтады
«...Карнегидің әңгімесі бар: біреу жүріп бара жатып, бәтеңкесінің табаны түсіп  қалғанына қатты назаланады. Сосын одан әрі көше қиылысына келгенде екі аяғы да бірдей жоқ адамның, мүгедектің қоларбада отырғанын әрі көңілді болып, өлең айтып отырғанын көреді. Әлгі көңілді кісі «бауырым, көшеден өткізіп жіберсең» деп өтінеді. Мүгедекті көшеден өтуге көмектескені үшін алғысын білдіріп, одан әрі өлеңге қайта басып кете барады. Міне, сонда әлгі бәтеңкесіне бола көңілі түскен адам әбден абдырады: мен табаны түсті деп назаланамын, ананың тіпті аяғы да жоқ қой...»
***
«...Жастарға айтқым келеді: еңбексіз өмірде игілік болмайды. Қазақстаннан тысқары жерден жұмақ іздемей-ақ қойыңдар. Біз үшін жұмақ – осында. Басқа жерде бізден жақсы екен деп ойламаңдар. Қай елге барып адам болам дейсіңдер, кімге керексің мынадай арпалысқан, жайлы орын үшін таласқан заманда. Басқа жерде ешкімге де керек емессің. Мынандай қуатты еліміз бар, өндірісіміз, жағдайымыз, қарқынымыз бар. Ендеше, берекені өз еліңде ғана табасың, өз еліңде бақытқа жетіп, өз еліңмен бірге көркейесің. Өз еліңді көркейтсең, бала-шағаңды, немере-шөбере, үрім-бұтағыңды көркейттім деп сана...»  
***
«...Қазақтар жер тырмалап, зауытқа барып, мамандық игеруге ұмтылмайтын болса, біз Қазақстанды дамыта алмаймыз, жағдайымызды түзеп, балаларымыздың болашағын жасай алмаймыз. Еңбек, еңбек және еңбек. Бүгін еңбек етемін деген адамға қазақстанның әр түкпірінен жұмыс табуға болады. Әрине, оңай жолмен жүріп, неше түрлі қилы-қилы дүниемен айналысуға да болады. Алайда екі қолың бар, басың иығыңда, аман-саусың, неге өзіңе лайықты еңбек етпейсің? Ауылда да, қалада да жұмыс беріп отырмыз. Бұлай болатын болса, біз өркендемейміз де, өспейміз де, елді құртып аламыз. Ойлану керек»...
***
«...Дүниежүзінде жұмысты ең көп істейтін оңтүстік көрейлер екен. Ана  батыстың өзі тәулікке шағып аз уақыт жұмыс істейміз деп неге ұрынғаны белгілі. Қарызға батып, бұрынғы күнін армандайтын болып барады. Кәрістер күніне 10 сағат, аптасына 6 күн жұмыста. Соның арқасында қойнауында ешнәрсесі жоқ ел болса да, дүниенің озық он елінің ортасында тұр. Басқасын қойып, көршілерімізді алып қараңдар: жермен қалай еңбек етіп жатыр. Барлықтарыңызға салар ойым: масылдық психологиядан кетпесек, алысқа бара алмаймыз...»

Шенеунік отандық көлікке отырсын...
Сөз арасында Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілерге қолдау мә­селесіне тоқтала келе, осы саладағы ақсап тұрған жайттарға да назар аударды. Бұған дейін айтылған сынның нәтижесіздігіне де қайран қалды Елбасы. «Мен ұлттық компанияларға отандық автокөліктерді сатып алу туралы тиісті тапсырмаларды бердім. Әнеки, олар көрмеде тұр. Бәрі бар: жеңіл, жүк машинасы, полиция көлігі, шенеунікке арналғаны – бәрі бар. Алайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінен басқалары келісімшарт жасаған жоқ және техниканы шеттен алуды жалғастырып жатыр. Бұл бассыздық қашан тоқтайды, Кәрім Қажымқанұлы?!» – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметбасына қарата айтып. Сосын бұл мәселенің түйінді ше­шімін де талап еткен Президент: «Осыны қа­шанға дейін жыр етеміз? Көлік өзімізден шығады, ал бұлар «Мерседеспен» ғана жүргісі келеді. Керек болса, қалтасынан шығарып сатып алсын. Дереу тыйым салыңдар! Бұған бюджеттің қаражаты жұмсалмасын», – деді. «Өзін ауқатты санайтындар 200 мыңға (АҚШ доллары – авт.) көлік мінгісі келсе, мінсін. Дегенмен де байлығы тасыған батыстың өзінде отбасылар үшін шағын көлік сатып алады. Себебі үлкен көлікті тұраққа қою, онымен қалада жүру мүмкін емес. Бензин шығыны да төрт есеге артық. Ал бізде не? Жаңа ғана байыған секілді еді, ендігіде танкіні  жеңіл көлік секілді сататын болса, оған да мінуге дайын. Яғни өз-өзін көрсету үшін техниканы мәртебе деп санайтындар баршылық. Міне, мәдениетсіздік пен сауатсыздық деп осыны айтуға болады», – деп атап өтті Елбасы.
Әлеуметтік жаңғыруға басымдық беріледі
Еске салсақ, биылғы Елбасы Жолда­уында әлеуметтік жаңғыру мемлекеттік ба­сымдық ретінде айқындалған болатын. Дәл осы басымдыққа нақты тапсырмалар берілгені мәлім. Алайда соған қарамастан Мемлекет басшысы  әлеуметтік жаңғыру мәсе­лесінің орындалуына толық қана­ғат­та­нбайтынын жеткізді. Бұл ретте Елбасы әлеуметтік мәселелерді кейінге ысырып, оны экономикалық мәселеден айырып тас­тауға болмайтынын, сол үшін қара­пайым қазақстандықтардың өмір сүру сапа­сына қатысты мәселенің бәрі қоғамға тү­сінікті әрі ұзақмерзімді әлеуметтік бағ­дарламамен ұштастырылуы тиістігін айтты. Сосын 2030 жылға дейінгі жалпыұлттық әлеу­меттік даму тұжырымдамасын даярлауды тапсырды Президент. Әлгіндей тұжырымдама ең әуелі 2030 стратегиясына сабақтасуы шарт. «Мен бүгінгі күндері әлеуметтік жаңғырудың 20 міндеті туралы мәселемен айналысып жатырмын, оны толығырақ жақында жариялайтын боламын. Дегенмен соның кейбір контурын қазір де айтқым келеді. Мұнда қарапайым азаматтар үшін көкейкесті мәселелері және оны қалай шешудің міндеттері қамтылады», – дей келе Елбасы басым міндеттердің біразын тізбелеп шықты.
Біріншіден, әлеуметтік жаңғырудың кезек күттірмес міндеті – әлеуметтік еңбек қатынасының тиімді үлгісін құру. «Бізде қалай? Ескерту механизмі, еңбек даулары­ның алдын алу жеткілікті деңгейде дамы­маған», – дейді Н.Назарбаев. Осы төңірек­тегі екінші мәселе – әлеуметтік еңбек қақ­тығыстарын қоздырғаны үшін құқықтық жа­уапкершілік те жеткіліксіз. «Еңбек кодек­сін­де, басқа да заңнамаларда жұмыс беру­шілер, жауапты тұлғалар мен жекелеген аран­датушылар тарапынан еңбек қақ­тығыстарын тудырғаны үшін жауапкершілік қарастырылмаған.  Әлеуметтік заңнаманы орындауда отандық қана емес, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік бизнеске де  жауапкершілік болуы шарт», – деп санайды Президент. Үшінші өткір проблемалық мәселе – кәсіподақтар мә­се­лесі. Президенттің пайымынша, қол­даныстағы кәсіподақтар туралы заңнамада ұжым­дық келісімшарттар ұғымы да бұлың­ғыр көрсетілген, тіпті әлеуметтік әріптестік туралы түсінік те қамтылмаған. Мұны жетіл­діру шарт. Төртіншіден, лайықты жұ­мыспен қамту. «Индустрияландыру бағ­дар­ламасы – еліміз үшін нөмірі бірінші мә­селе,  Қазақстанның келешегі – осында. Со­ның аясында жаңа жұмыс орындары ашы­луда. Алайда өзін-өзі жұмысқа қам­тығандардың барлығы бірдей жаңа жұ­мыс­қа ұмтылатынын көре алмай отырмыз. Жұ­мыс бар, ұсыныс бар, ал  олар жұмыс істе­гісі келмейді», – дейді Президент. Осын­­дай кереғарлықтың төркіні масылдық пси­хологияда жатқанға ұқсайды. «Өкінішке қа­рай, қажырлы еңбектен гөрі жеңіл-желпі бол­са, зауыттан гөрі арбакеш болсам, әйт­песе көпбалалықтың жәрдемақысымен күн көрсем деп те ойлайтындар баршылық. Жаңа мамандық алып, өзінің мәртебесін, өмірге құштарлығын арттырсам дегенді ойлау керек. Егер Қазақстанның халқы бәсекеге қабілетті болғысы келсе, мұндай психологиядан арылу керек. Мемлекет басшысы атаған бесінші мәселе – көптеген қазақстандық үшін маңызды баспана мәселесі. «Біз «Қолжетімді баспана» бағдарламасын жолға қойдық. Ендігіде жалға берілетін тұрғын үйді де дамыта түсуге тиіспіз. Бұл – әлемдік оң тәжірибе», – деді Елбасы. Алтыншыдан, әлеуметтік әлсіз санаттарды қолдау. Ең алдымен, мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасылар қолдау көруі шарт. «Біздің кейбір қағылез жұмыс беру­шілер әйелдерді жұмысқа алу барысында екі арыз жазуды талап ететін көрінеді, оның бірі жұмысқа алу туралы өтініш болса, екіншісі – аяғы ауырласа қажет бола қоятын жұмыстан босату туралы өтініш. Бұл не сонда? Мен халық санын 20 млн адамға жеткізейік деп жүргенім қайда қалды? Сонда олар маған қарсы жұмыс істеп жатқаны ғой. Бұл масқара! Бәрін байқағыш журналистер осындай компания басшы­ларын анықтап, масқарасын неге шығар­майды?!» – деді Н.Назарбаев.
Несиеге батып, байлық іздегенше, еңбекпен игілікке кенелген абзал
Жиындағы сөзін қорытындылай келе, Президент бүгінгі жаһандық әлем мен осы әлемнің құндылықтары шапшаң өзгеріп жат­қанын айтты. «Иә, тіпті 180-градусқа десе де болады. Біз соңғы он жыл бойы ұдайы семіп, үлкейіп отырған қоғамдық тұтынудың одан сайын бұлдырланып бара жатқанын байқап келеміз. Өмір бойы борышқа батып, мойынға несие алып өмір сүруге болмайды. Кредиттен ұдайы береке іздеу, қарыздарды тұрақты арттырудың сазайы да болады. Бұған Еуропа елдерінің жағдайын да мысал етсек: қарызға алды, оны өтеу үшін үстіне қарыз алды, ал оны өтеу үшін тағы батты. Бір күні «болды, тоқта, қарызды қайтар» десе беретін ештеңесі де қалмаған, Жайлы өмір сүрді, жақсы тапты, бас-басына бірнеше үй сатып алды, 4-5 көлікпен жүрді. Енді төлеу уақыты келгенде дағдарысқа ұласты. Нәтижесінде жоғалған қаражаттың өзі бір­неше триллион долларды құрады. Жүз­деген миллион жан жұмыссыз қалды», – деді Елбасы. Сөзін түйіндей келе, Президент қазіргі таңда тұтынудың бұрыс идеологиясы дамыған елдердегі жаппай әлеуметтік әлсіздікті тудырғанын атап өтті. Мұның өзі жаһандық дағдарыстың басты себептеріне де айналып отырғанын айқын байқауға болады. «Сондықтан да тіпті дамыған елдерде де жүзеге аспайтын «жалған идеяға» қарсы басқа сындарлы балама табуымыз керек. Мен бұған балама ретінде «баршаға тән еңбек қоғамын» ұсына ала­мын. Еңбек қана игілік пен береке әкеледі. Кредит те, ақша да, қаржы жүйесі де емес, тек өндірісті еңбек қана. Ақшадан ақша жасап байып жатқандар да бар. Дегенмен соңғы мәселе – өндіріс, яки ең­бек», –  деп қадап айтты Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Елбасының пайымынша, барлық эко­номикалық-мәдени байлық, виртуалды қаржы институттарымен емес, еңбекпен келеді. Сондықтан да нақты өнімді еңбек – әлеуметтік саясаттың бастауында болуы шарт. «Либералды болсын, мейлі әлеу­меттік бағдарланған болсын, утопиялық идеялардың заманы өтті. Бүгінгідей қасаң өмір­де біздің экономикалық-әлеуметтік саясатымыз бәсекеге қабілетті, баршаға тән еңбек ету қоғамының жасампаздығына ба­ғытталуы шарт. ХХІ ғасырдың келе­ше­гін­де тек еңбек қана қазақстандықтардың са­палы өмір сүруіне кепіл бола алады», – де­ді Елбасы.

15 миллиард теңгенің отандық өнімдеріне тапсырыс берілді
Астанада Елбасының қатысуымен өткен индустриялық форум барысында «Қазақстандық тауарды сатып ал» деген ұранмен отандық өнім өндірушілердің көрме –жәрмеңкесі де ұйымдастырылған болатын. Оған еліміздің барлық өңірлерінен машина жасау, химия, дәрі-дәрмек шығару, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығына қатысты 250–ге жуық өнім өндіруші кәсіпорын қатысып, тауарларын таныстырды.
Нәтижесінде, жалпы құны 15 миллиард теңгенің 48 меморандумы мен келісімшар­тына қол қойылды. Олардың, яғни біздің өнімдерді сатып алуға тапсырыс беру­ші­лердің қатарында Қазақстаннан тысқары ел­дердің кәсіпорындары да бар. Мысалы, Қыр­ғызстанның ұлттық теміржол ком­паниясы жалпы сомасы 3 501,5 миллион тең­геге Астанада шығатын «Эволюшн» ТЭЗЗА сериясындағы тепловоздар сатып алатын болса, ресейлік «Евросиб СПБ-транспортные системы» компаниясы  осындай тепловоздарды 2013 жылдан бастап алатындығын мәлімдеді.
Сонымен  отандық өндірістің өнімін көтеруді мақсат тұтқан көрмеде жасалған келісімшарттардың негізгілерін атап айтсақ, бұл күні «Қазақтелеком»  АҚ отан­дық кабель және өткізгіш желілер шы­ғаратын компаниялармен арада 4 ме­мо­рандумға, Павлодар мұнай-химия зауыты ма­шина жасау саласындағы кәсіп­орын­дардың түрлі жабдықтарын сатып алу үшін 10 меморандумға қол қойыпты. Ал отан­дық машина жаб­дықтарын, түрлі металл кон­струкциялары мен резина-техникалық құралдар шығаратын кәсіпорындармен арада Атырау мұнай өңдеу зауыты 4 ме­морандум, «ПетроКазахстан ойл продактс» АҚ  4 меморандум бекітті. Сол секілді «Ин­тер­газ Орталық Азия» АҚ-ы  «Қазмұнай­газ­маш», «Батысқазақстандық машина жасау компаниясы»,  «Мұнайгаз изоляция», «Өскемен арматура зауыты» кәсіп­орын­дарымен, сондай-ақ  «Астана қаласы мүге­дек­терінің ерікті қоғамдары қауымдастығы» ЗТБ-мен арада барлығы 8 келісімшартқа қол қойды.
Сөйтіп, осынау көрме бір Қазақстанда тұрып, бір-бірін кезіктіре алмай жүрген отан­дық тауар өндірушілердің өзара ынтымақтастығын жолға қойып қана қой­май, «Қазақстанда жасалған»  өнімдердің саты­лым көлемін ұлғайтуға да септігін ти­гізіп қалды.  
Альберт РАУ, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі:
– Бүгінгі шара біздің кәсіпорын­дары­мыз­дың  ынтымақтастығын нақты іс пен өз­ара тиімділік «жазығына» шығаруға  мүм­кіндік берді. Оған қоса, бүгін қол қо­йылған ұзақмерзімді уағдаластықтар мен меморандумдар  біздің өнім өндірушілерді кепілдендірілген тапсырыспен қамтамасыз етті. Бұл өз кезегінде отандық өндірістің дамуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Айбын БАҚЫТҰЛЫ, Астана

Телекөпір барысындағы құттықтау
Хамадун ТУРЕ, Халықаралық электрбайланыс одағының төрағасы:
– Құрметті Президент мырза! Осы сәтті пайдаланып, Қазақстанда Ұлттық эфирлік сандық хабар тарату жүйесінің іске қосылуына байланысты Сізді Халықаралық электрбайланыс одағы атынан құттық­тай­мын! 2006 жылы Женевада – Еуропа, Азия, Америка, Африканың 100-ге тарта елдері және Австралия 2015 жылға қарай сандық эфирлік телехабар таратуға өту туралы «Женева-06» келісіміне қол қойған болатын. Қазақстанда ірі қалалар мен шалғай ауылдардың арасындағы «сандық алшақтықтың» еңсерілуін біз де құптаймыз. Бұл ретте, Сіздің ел DVB T2 жаңа стандартын бірінші болып енгізе бастады. Мен хабар таратудың сандық технологиясына Қа­зақстанның сәтті өтетіндігіне сенімдімін.

Президент мырза, Сізге және тұтастай Қазақстан халқына сәттілік пен өркендеу тілеймін. Рақмет!

Әсет ИСЕКЕШОВ, ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрі:
Бизнеске жағдай жасау – басым бағыт
Индустриялық бағдарламаны іске асы­ру шетелдік инвестицияны бел­сенді тарту, экспортты қарқынды қол­дау, ин­новациялар, еңбек өнім­ділігін арт­тыру сияқты 10 шешуші қа­ғидаға не­гізделеді. 2,5 жыл ішінде үдемелі ин­дустриализацияның институ­цио­нал­ды қаңқасы жасалды: 50-ден астам өз­геріс енгізіліп, қабылданды, са­лалық, функцио­нал­ды және ау­мақ­тар­ды дамытудың 23 бағдарламасы ма­құлданды.
Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың 100-ден астам шарасы қолға алынды. Осы уақыт ішінде бұл шаралардың игілігін 3000 қазақстандық компания көрді. Бүгінде бағдарламаның 114 көрсеткіші инди­ка­тор­ларының 90%-дайының бекітілген жос­пар­ларға сәй­кес орындалып жатқанын талдау көр­сетіп отыр. Сонымен бірге 10 көрсеткіш бойынша игерілмеушілік қау­пі бар. Олар бо­йынша тиісті шаралар қолға алы­нып, жұмыс күшейтілді. 2,5 жыл ішінде белгілі бір нәти­желерге қол жетті. 2011 жылы өңдеу өнер­кәсібінің өсімі тау-кен саласына қарағанда бес есе жылдам болып шықты. Еңбек өнім­ділігін арттыруды қамтамасыз ету маңызды мін­дет болды. Екі жыл ішінде өңдеу өнер­кәсібінде еңбек өнімділігі 32%-ға артты. Эко­номиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ете­тін бәсекеге қабілетті бизнесті қалып­тастыру мен дамытуға қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің басым бағыты. Бұл жұмыс үш бағыт бойынша жүргізілуде: ше­шу­ші функционалды және салалық саясатты әзір­леу, іске асыру және жобаларды жүзеге асыру. Жүйелі қолға алын­атын шараларға биз­нес-климатты жақсарту, бәсекелестік нары­ғын дамыту, мамандармен, ин­фра­құ­ры­лыммен, қаржыландырумен қамтамасыз ету жатады.
Инвестицияларды тарту. Инвестициялар жөніндегі Ұлттық жоспар қабылданып, 20 басым бағытты инвестор-ел мен олардағы 150 технологиялық көшбасшы анықталды. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «бір терезе» ретінде инвесторлар үшін роуд-шоулар топтамасын өткізді. 400-ден астам инвестициялық бастама бойынша сомасы 20 млрд доллар болатын бір межеге бағытталған жұмыс жүргізіліп жатыр.
Салалық саясат. Екі жылда біз бағдар­ла­­маның барлық саласын, олардың экс­порттық әле­уетін және еңбекпен қамту на­ры­ғына әсерін терең зерттедік. Жүр­гі­зілген талдаудың нәтижесінде біз басым са­лалардың екі негізгі тобын анықтадық. Бі­ріншісі – базалық сала­лар, индустриали­за­цияның негізі – мине­рал­ды-шикізат ке­шені, энергетика және кө­лік. Қазіргі мезгілде 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді тұғырнама жасалды. Шешуші мә­се­лелер, мақ­саттар мен оларға жетудің ресурстары анық­талды. Есептеулер бойынша 2030 жыл­ға қарай электр энергиясын тұтыну са­ғатына 170 млрд/кВт-ты құрайды. Энергия үнем­деу жөнінде жүргізілген саясат қуат тұтыну көлемін сағатына 145 млрд/кВт-ға де­­йін азайтуға мүмкіндік береді. Осы қа­жет­­тілікті баға қалыптастырудың жаңа те­тіктері шеңберінде қамтамасыз ету үшін 2009 жылдан 2015 жылға дейін 1 трил­лион тең­ге­дей инвестицияланады. Өнді­ру­ші қуат­ты­лықтарды іске қосу 2940 МВт-ты құрауы керек, қазірдің өзінде оның 580 МВт-ы енгізілді. Бүгін біз Екібастұз ГРЭС-1-інің сегіз энергетикалық блогын іске қосамыз. Жаңа құрылыстар аясында Орал ГТЭС-і (54 МВт), Мойнақ СЭС-і (300 МВт), Ақшабұлақ ГТЭС-і (87 МВт) жобалары іске асырылады. Жаңа генерация құрылысы үшін Балқаш ЖЭС-і, Торғай ЖЭС-і, Қарағанды ЖЭС-4-і сияқты «қуат нарығы» іске қосылады. Салалардың екінші тобы – экспорттық өсімнің ең жоғарғы әлеуеті критерийі бойынша анықталған салалар. Олар – тау-металлургия кешені, хи­мия, мұ­най химиясы, агроөндірістік ке­шен, атом өнер­кәсібі, транзиттік логистика және туризм.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР экономикалық даму және сауда министрі:
Сұраныстың артуы экономиканың өсуіне оң әсер етіп отыр
Кешегі телекөпір барысында ҚР экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев 2012 жылдың бірінші жартыжылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы баяндама жасады.
Министр атап өткендей, әлемдік эконо­ми­ка мен сыртқы нарықтың айқын бол­ма­уы­на қарамастан, Қазақстан эконо­ми­ка­сының орнықты өсімі қамта­масыз етілді. Ал­дын ала есеп бойынша, елдің жалпы іш­кі өнімі 5,6 пайызға өсті.
Жыл басынан бастап халықтың нақты та­бысы – 12,8 пайызға, нақты жалақы  11,5 пайызға артты. Мамыр айында жұ­мыс­сыздық деңгейі 5,3 пайызды құрады. Өнеркәсіп өсімі 101,9 пайызды құрады, өң­деу өнеркәсібі 105,7 пайызға өссе, не­гізгі капиталға салынған инвести­циялар кө­лемі жылдың басынан бері 5,9 пайызға ұл­ғайды. Макроэкономикалық тұрақтылық сақ­талып келеді. Қаңтар-маусым айында ин­фляция көлемі 2,7 пайызды көрсетті, был­тырғы жылы бұл көрсеткіш 5,1 па­йыз­ды құраған болатын.
Экономиканың өсіміне тұтынушылық сұ­раныстың артуы қолайлы әсер етті, бұған кө­терме және бөлшек сауданың – 14,3 па­йыз­ға, көлік қызметінің – 7,2 пайызға, бай­ланыс қызметінің 13,3 пайызға өсуі дә­лел бола алады.
Тұрғын үй құрылысы 20,8 пайызға өсті. Құ­рылыс саласына 134 млрд теңге ин­вес­тиция салынды, 2,4 млн шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілді.
Қаржы нарығында депозиттердің – 14,8 пайызға, несиелердің 17,4 пайызға өскені байқалды. Республи­калық бюджет түсімі 25,5 пайызға артып, 2,7 трлн тең­гені құраса, шығыс көлемі 19,5 пайызға өсіп, 2,4 трлн тең­геге жетті.
Сыртқы сауда айналымы қаңтар-сәуір ай­лары ара­лы­ғында 21,6 пайызға ұлғайды. Тауарлар экспорты – 18,4 пайызға, импорт 30 пайызға артты.  Сауда балан­сы­­­ның оң саль­­до­сы 17,4 млрд АҚШ дол­ла­рын құра­ды.
Министр өз сөзінде елімізде іске асы­рылып жатқан үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасына тоқталды жә­не ауыл шаруашылығы мен бизнеске үл­кен қолдау көрсетіліп жатқанын атап көр­сетті.
Жыл аяғына дейін тұтыну коопера­цияларын дамыту тұжы­рымдамасы, сондай-ақ бөлшек сауда саласын жаңғырту бағ­дарламасы бойынша жол картасы әзір­ленбек. Тағы бір айта кететін мәселе, елі­мізде биз­нес-климатты жақсарту жө­нін­дегі жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2020» бағдар­ла­масына толықтырулар қабылданды. Бұл толық­тыруларға сәйкес, өз істерін енді бастаған кәсіпкерлерге 1,5 млн теңгеден 3 млн теңгеге дейінгі сомада грант­тар беріледі, лизингілік мәмілелер суб­сидия­ла­нады және несиелерді ке­піл­дендірудің жаңа жүйесі іске асырылады. Сон­дай-ақ 60 млн теңгеден 750 млн тең­геге дейінгі несие­лер­дің жалпы сомасының 50 пайызы көле­мінде индивидуалдық ке­пілдемелері, оған қоса жұмыс істеп жатқан жә­не жаңада бас­таған кәсіпкерлер үшін экспресс-кепіл­де­мелер ұсынылып отыр.
Осынау шаралардың арқасында 1 мау­сымдағы жағдай бойынша белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 24 пайызға артып, оларда жұмыспен қамтыл­ған­дар­дың саны –- 6,5 пайызға, шығарылған өнім 3 пайызға өсті.
Сонымен қатар «Жұмыспен қамту-2020» бағ­дар­ламасы жаңа бағытпен – «Ауылдық ел­ді мекендерді дамыту» бағытымен толық­ты­рылды.
«Бағдарламаның танымалдығы күн сайын артуда, өткен жарты жылда бағдар­ла­маның барлық бағытына 89 мың адам қа­тысты, ал өткен жылы қатысушылардың са­ны 100 мың адам болған еді»,– деді ми­нистр өз сө­зін­де.

Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ, ҚР көлік және коммуникация министрі:
Отандық жаңа телеарналарды ашуға мүм­кіндік
– Ұлттық спутниктік те­лехабар тарату­дың іске қосылуының арқасында шалғай елді мекен тұр­ғын­дары отандық арна­лар­ды қарауға мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда 150 мың отбасы «ОТАУ ТВ» спут­никтік же­лісіне қо­сылды. Халықты ға­рыш­тық теле­визияға қосылуға қа­жетті жабдықтармен қам­тамасыз ету үшін  қа­былдағыштар мен де­ко­дерлердің отандық өн­дірісі ұйым­дас­тырылды. Абоненттерді «ОТАУ ТВ»-ға қосу ісіне шағын және орта бизнестің 500-ден ас­там кәсіпорны қат­ы­су­да. Спутниктік теле­ар­на­ларды қосумен бір ме­з­гіл­де хабар таратудың ұлттық цифрлы эфирі желісінің құрылысы басталды. Бұл жұмыс еуропалық DVBТ-2 озық стандарты негізінде іске асырылады. Бүгінде жо­баның алғашқы кезеңін іске асыру аяқталды. Биыл 370 елді мекенде тұ­рып жатқан 3,5 мил­лионнан астам аза­ма­тымыз цифрлы теле­ви­зияға қол жеткізеді. Бар­лық қазақстандық теле­арна хабар таратудың цифрлы жүйесіне кө­ше алады. Бейне мен дыбыс­тың сапасы айтарлықтай жақсарады. HD – жоғары дәлдік форматындағы бейнелерді таратуға мүмкіндік туады. Ұлттық эфир желісінің іске қо­сылуы отандық жаңа телеарналарды ашуға да мүм­кіндік беріп отыр.

Кәсіпкерлер пікірі

Сағат АМАНТАЙ, Қазақ-қытай бірлескен «Лудэ-Каз» ЖШС-нің директоры:
– Қостанайдағы асфальт қоспаларын шығару құрылғыларын жасайтын «Лудэ-Каз» кәсіпорыны өз жұмысын бастады. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы болып табылатын бұл зауыт ТМД елдері бойынша 2-нысан болып отыр. Аталмыш кәсіпорынның жылдық қуаты 80 құрылғыны құрайды. Және сол құрылғылардың 40 пайызы қазақстандық өнім десек те болады. Болашақта 60 пайызға көтерілуі мүмкін. Өнімділігі 90-нан  175 т/сағ дейін төрт модельді асфальт араластырғыш қондырғыларды шығару ұйғарылып отыр. Өндіріс орнын салуға 10 млн АҚШ доллары жұмсалған.
Телекөпір барысында тұсауы кесілген зауыт еліміздің көлік жолдарын, транс­порт­тық қатынасын дамытуға орасан зор үлес қо­сарына сенімдіміз. Дәл қазір біз екі ме­кемемен нақты келісімшарт орнатып үл­гер­дік. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай өн­ді­рістік орын болған емес. Қазақстанды айт­пағанда, ТМД елдерінің арасында тек Ук­раинада ғана болды. Бұған дейін Қа­зақ­стан мұндай құрылғыларды Украина мен Қытайдан тасып отырды. Ал енді осы зауыт қазақстандық сұранысты толық қамтамасыз ете алады деген үміт бар.
Әрине, бұл жобаны іске қосуға Үкімет, жергілікті әкімшілік тарапынан көп көмек болды. Енді Мемлекет басшысымен теле­көпір барысында іске қосылып жатыр. Осының өзі біздің мүмкіндіктеріміздің үл­кен екенін көрсететіндей. Елбасының, елі­міз­дің үмітін ақтай аламыз деп ойлаймыз.

Білімтай ТҮМЕНБАЕВ, Алматы облыстық кәсіпкерлік басқармасының маманы:
– Алматы облысы бойынша телекөпірге үш бірдей мекеме қатысқан еді. Атап айтқанда, арнайы құбырлар шығаратын «Сонник» компаниясы жылына 10 000 тонна өнім шығаратын болады. Бұл нысан Іле ауданындағы «Даму» кешенінде орналасқан. Телекөпірге қатысқан екінші мекеме Талдықорғанда орналасқан аккумулятор зауыты болды. Ол биыл іске қосылған жоқ. Дегенмен биылдан бастап түрлі жаңа функцияларды мойнына алып отыр. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан теміржолы» сынды ірі ком­панияларға өнім жеткізіп беріп отыратын болады. Жоспар бойынша, жылына 10 000 аккумулятор өндіреді.
Аталған шараға Алматы облысының атынан қатысқан үшінші мекеме Талғарда орналасқан «Тексти лайн» киім фирмасы болып отыр. Бұл компания Елбасына ба­лаларға арналған киім үлгілерін таныс­тыр­ды. Мемлекет басшысы аталған фир­ма­ның өнімдерімен толық танысып шығып, оң бағасын берді.

Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:
– Мемлекет басшысы Екібастұз МАЭС стансысындағы 500 мегаВаттық 8-энер­го­блок­ты іске қосты. Алдағы уақытта стансы қуа­ты 3 мың мегаватқа дейін артатын бо­ла­ды деп жоспарлануда. Индустрияландыру бағ­дарламасына сәйкес, аталған энер­го­блокта ең жаңа жабдықтар орнатылған бо­латын. Басты ерекшеліктерінің бірі – жаңа электр-сүзгі зиянды заттардың 99,6 па­йы­зын ұстап қалады. Яғни қоршаған ортаға ке­лер зиянды заттар азаяды. Жалпы, жо­баны іске асыруға 500-ден астам адам қа­тысты.
Мемлекет басшысы біздің жобаға «Қа­зақстанда биыл іске қосылатын ірі жо­ба­лар­дың бірі» деген баға берді. Қазақстан өн­дірісінің тынысы электр мәселесімен бай­ланысты екенін айтып, Екібастұз 1-МАЭС-інде  іске қосылып жатқан блокты көп­тен күткенін жеткізіп, жұмыстарымызға та­быс тіледі.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста