Құлаған ағаштар орнына екі есе көп жасыл желек отырғызылады
Алматыда мамырдың 17-сі күні болған дауыл салдарын жоюдың жоспары жасалды. Медеу мен Шымбұлақта түбірімен құлаған 6,5 мың ағаштың орнына екі есе көп түп отырғызылмақ. Сондай-ақ қалпына келген тау бөктерінде жас жұбайлар мен нәрестелер саябағы ашылады. Бұл туралы PosadiDerevo.kz қозғалысының өкілдері хабарлады.
Мұның алдында ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов өз блогында апат салдарын жою мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитетінің құрылымдық жетекшілері мен Алматыдағы табиғатты қорғау ұйымдары өкілдерінен құралған жұмыс тобы жасақталғанын хабарлаған болатын. Бұл топ орманды алқаптарды қорғаудың авиациялық шараларын күшейту, жасыл желек отырғызылатын жерлер мен ағаш қоры көлемін анықтау, тал-дарақтарды жел әсерінен қорғаудың жолдарын ойластыру, жұмыстардың қаржылық шығындарын есептеу сияқты жұмыстармен айналыспақшы. Н.Әшімовтің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта орманды алқаптардағы ағаштардың саны, көлемі мен ауданын анықтау үшін Іле Алатауы ұлттық саябағы мамандарының көмегімен ағаш кесу орындарын белгілеу және ағаш кесу мөлшерін бағалау жүйесі енгізіледі. Естеріңізде болса, мамырдың 17-сі күні қатты дауыл болып, жаңбыр мен бұршақ жауған еді. Табиғи апаттың салдарынан Алматы қаласы мен Іле Алатауы ұлттық саябағы аумағындағы мыңдаған ағаш құлап қалып, соның салдарынан бір адам қаза тапты. Ғимараттар мен электр және басқа да инженерлік желілерге зақым келіп, кейбір тұрғын үй аулаларын су басты.
Олег НОВИКОВ, PosadiDerevo.kz қозғалысының ұйымдастырушысы:
– Ресми мәлімет бойынша Медеу мен Шымбұлақта құлап қалған 6,5 мың ағаштың орнына екі есе көп жасыл желек отырғызбақпыз. Бұған қоса, жалпыұлттық ағаш отырғызу шарасын жариялай отырып, Іле Алатауы ұлттық саябағын қалпына келтіреміз. Ал қыркүйекте Медеуде жас жұбайлар мен нәрестелер аллеясын ашуды жоспарлап отырмыз. Біздің қоғамдық қозғалыс жасөспірімдердің жасыл желек отырғызуға қызығушылығын арттыруды көздейді. Қоршаған ортаның келешегі – солардың қолында. Біз «Табиғат» экологиялық одағымен бірге Алматының бұлақтарын және апорт алмасын жандандыруды да қолға алдық. Қала бойынша 1,5 жыл ішінде біздің бастамамызбен 1500 ағаш отырғызылды. Оның ішінде, 475 түп апорт егілді. Біз бұл жұмысқа жайдан-жай емес, тұқымды клондау сияқты ғылыми-зерттеулер нәтижесінде келіп отырмыз, ағаш егілгеннен кейін оны екі жыл бойы күтіп-баптаймыз.