Құрылысшылар Қорғаныс министрлігіне өкпелі
«Макс Достройсервис-21» ЖШС-ның ҚР Қорғаныс министрлігіне өкпесі қара қазандай. Өйткені министрлік аталған компанияға екі жылдан бері 66 миллион теңге көлеміндегі берешегін қайтармай келеді. Кәсіпорын басшылары енді кімге шағынарын білмей, тауы шағылып отыр. Алматыда өткен баспасөз мәслихатында компания директоры Александр Скоропадский осылай деді.
Александр Скоропадскийдің айтуынша, әңгіме мынадан басталған: 2007 жылы «Макс Достройсервис-21» ЖШС мен Скоропадский ҚР Қорғаныс министрлігіне қарайтын «Гвардейская РЭЧ» мемлекеттік мекемесі арасында Жамбыл облысы Гвардейский қалашығында аулалар салуға байланысты келісім жасалады. Содан кейін компания тынбай еңбек етіп, жалпы 88 миллион теңге көлемінде шығындалады. Бастапқыда тендер ұтып алған мекемеге министрлік 18 миллион теңге береді. Банктен алған несиесін жабу үшін Александр Скоропадский кейін тағы 4 миллион теңгені жалынып сұрап алуға мәжбүр болады. Министрліктің компанияға берешегі осымен тоқтайды. «Бұл қалашықта басқа аула болмағандықтан, барлық бала осында келіп ойнайтын. Тұрғындарға арнап жол, бардюрлер салдық. Біздің еңбегімізді министрлік бағаламағанымен, тұрғындар мақтап жатыр», – дейді кәсіпорын басшысы. Оның сөзіне қарасақ, құрылыс материалдарының барлығы қарызға алынған. «28 миллион теңгеге асфальт алдым. Әлі банкке 21 миллион теңге қарызбын», – дейді ол басқа амалы қалмағанын айтып.
Қаржының бөлінбеуін министрлік құрылыстың ойдағыдай жүргізілмеуімен түсіндіреді. Александр Скоропадскийдің пікірінше, егер олар «Гвардейская РЭЧ» мекемесін сотқа бермегенде, бұл жай туралы ұмытылып та кетер еді. «Біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Бірінші соттан кейін біржақты комиссия құрылды. Олар кейін құрылыс туралы есептің 50 пайызға артық саналғанын айтты. Тағы да себепсіз тексерулер жалғасты», – дейді ол. Компания Қорғаныс министрлігіне орындаушы хатын жіберді. Енді олар ақша алудың кезегінде тұр. «Министрлік қаржысын еңбекақысын ала алмай жүрген 74 жұмысшы зарыға күтіп отыр. Бізді бұл жұмысқа қорғаныс министрінің өзі тартты, сондықтан істің оң нәтиже беретініне сенеміз», – дейді А.Скоропадский.