Қырғызстанның атауын "Қырғыз Эл" деп өзгертуді ұсынды
Қырғызстандағы "Ар-Намыс" парламенттік фракциясы елдің атауын Қырғыз Республикасы немесе Қырғыз Эл Республикасы деп өзгертуді ұсынады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы депутаттар фракция отырысында айтты. Елдің атауын өзгерту туралы мәселені 2015 жылдың қазан айында бүкілхалықтық референдумға шығару жоспарланып отыр.
"Біз екі нұсқаны ұсынамыз. Біріншісі - "Қырғыз Республикасы". Бұған елдің көне атауы негіз болады, біз мемлекеттілігіміздің тарихында болған "Қырғыз Мемлекеті" атауына ораламыз. "Қырғыз Республикасы" тіркесі өзге тілдерде де солай аталатын болады және септелмейді. Екінші нұсқа - "Қырғыз Эл Республикасы". Юдахиннің сөздігінде "эл" сөзінің ел, халық, мемлекет деген бірнеше мағынасы бар. Айтпақшы, Қазақстанда да мемлекеттің атауын "Қазақ Елі" деп өзгерту мәселесі көтерілді. Ал бұл мәселені тұңғыш болып, өздерін "Марий Эл Республикасы" деп атаған Ресейдегі автономиялық құрылымдардың бірі қолға алды", - деді "Ар-Намыс" парламенттік фракциясының жетекшісі Феликс Құлов.
"Ар-Намыс" депутаттары "стан" жұрнағының парсы тілінен шыққанын және қырғыздарға еш қатысы жоқ екенін айтады. Бұған қоса, депутаттар "Қырғызстан" сөзі Қырғыз КСР-і құрылған кеңес заманында пайда болғанын да алға тартып отыр. Еске сала кетейік, ақпан айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: "Уақыт өте келе біздің еліміздің атауын "Қазақ елі" деп ауыстыруға көшу мәселесін қарастыру керек шығар, бірақ алдымен мұны халықпен бірге талқылап алу қажет", - деп мәлімдеген болатын.