Қытай білген қарағайдың қадірін қазақ қашан ұғады?!

Қытай білген қарағайдың қадірін қазақ қашан ұғады?!

Қытай жақсы болды бізге. Темір-терсекті де, құрт-құмырсқаны да арзан бағаға өткізіп қойып, бетіміз бүлк етпестен отыра беретін болдық. Алып көршіміз енді өзіміз көп қадіріне жете бермейтін, отын мен құрылыс жұмыстарына пайдаланып, әрі кетсе, жаңғағын шағып, соған тамсанудан аса алмай жүрген балқарағайға қол сала бастаған секілді.
Балқарағай деген не дерсіз, бәлкім? Балқарағай – қарағай тұқымдасына жататын қылқанжапырақты биік ағаш. Ағаш болғанда жай ағаш емес, дәрілік қасиеті бар ағаш. Оның бүршігі – көп сырқатқа ем. Балқарағайдан кісінің көз жасы сияқты шайыр ағып тұрады, мұны балауыз дейді. Осы балауызды сағыз орнына шайнаса, ішкі құры­лысқа антибактерицидтік рөл атқарады. Бәрінен де кере­меті – балқарағайдың жаңғағы. Бүгінде бұл жаңғақ қып-қызыл бизнеске айналып тұр. Осы жаңғақтың арқасында күнін көріп, тіпті байып кетіп жатқандар да бар. Әсіресе бұл жаңғақтың қызығын қытайлықтар көріп отыр. Самыр­сын майы, яғни «кедровое масло» деп аталатын май осы балқарағайдан жасалады. Бізде емес, Қытайда. Ал Еу­ропа­да аталмыш майдың 100 грамының өзі жүздеген АҚШ дол­ларымен бағаланады. Біз тек шикізат дайындаушы мем­лекет ретінде пысық көр­шілерімізге жомарт Жер-Ана­мыздың жемісін жөнелтіп-ақ бағудамыз.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ау­да­нының көптеген ауылы осы жаңғақты кәсіп көзіне ай­налдырып отыр. Ауылдағы шикізат бағасының бір келісі – 200-250 теңге. Мұнда дайындалған қап-қап қара­ғай жаңғағы Қытай асып барған соң, дәні сығылып – майға, қа­бығы уатылып тәтті тоқаштарға, шоколадтарға қосы­ла­тын ұнға айналады. Ал Қазақстанда балқарағай әзірге ау­л­а­­дағы орындықта отырып шағуға арналған шемішкенің орнына ғана жүріп тұр. Оны шағу да оңай емес, шемішкені шақ келтірмей шағатындар балқарағай­дың дәніне келген­де кібіртіктеп қалатыны бар.
Себебі қабығы тастай қатты тау жаң­ғағын шағудың да өзіндік тәсілі бар. Оны катондықтар жақсы біледі. Айтпақшы, еліміздегі спирттік ішімдіктер өндіретін бірді-екілі мекемелер анда-санда балқа­рағай дәнін сатып алады екен, бірақ олар өте аз мөлшерде пайдаланады.
Катонқарағай ауданында Өрел деген ауыл бар. Сол ауылда бір отбасы осы кәсіппен шұғылданып келеді көптен бері. Осы үйдің ұлы Мұраттың айтуынша, бал­қарағай жинау – аса қауіпті жұмыстардың бірі. Оның бүршіктері ағаштың биік ұшында өседі, ал оған өрмелеп шығып, бұтақтан-бұтаққа секіріп жүру дегенің оңай шаруа емес. Бір жылдары тура осындай оқиғаның салдарынан, балқарағайға барған бала биік қарағайдан құлап мертігіп, оны облыс орталығына тікұшақпен әрең жеткізген екен.

  Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Мұрат ҚАЙСЕНОВ, Катонқарағай ау­даны Өрел ауылының тұрғыны:
– Бұл – оңай шаруа емес. Көкке қарасаң, төбеңдегі тақияң түсіп қалатын биіктікке өрмелеп шығасың алдымен. Сосын ағаш­тың бұтақтарын сілкілеп, бүршіктерді жерге түсіреміз, 30-35 метр биіктіктен ешқандай сақтандырусыз. Кейде бұтақтың ұшында қалың бүршік шоғырланып тұрады, оны түсіру үшін, шынымен де, қауіп-қатерге бас тігесің.
Осы жанұяның мүшесі Бейбіттің ай­туынша, балқарағай жаңғағы Қытай асып кеткенге дейін бірнеше өңдеу процестерінен өтеді, алдымен оны биік самырсындардың басынан өлім аузында жүріп, өрмелеп терген соң, қия-шатқал Алтайдың биігінен қап-қап бүршікті етекке түсіресің. Үйге келген бүршіктерді арнайы қолдан жасал­ған ет тартқышқа ұқсас құрылғымен үгітіп, оның дәні жел болса, желмен, жел жоқ болса тағы да халық өзі қолдан жасап алған автомобиль қалақшалары арқылы ұшыры­лады. Тазаланған дәнді жауын-шашынға тигізбей, күннің көзіне кептіріп алу үшін де асқан ұқыптылық қажет. Бейбіт Қытай­дағы кәсіпкермен тікелей байланысқа шығып, қаптары қызыл дәнге лық толған кезде Қытайға қоңырау шалады екен. Шетелдік кәсіпкер балқарағай дәнін сатып алу үшін арнайы Алтайдың арғы жағынан ұшып келіп, дайын дәннің келісін 400-450 теңгеден сатып алады.
– «Менен балқарағай дәнін сатып алатын Қытайдың өзі де делдал ғой деймін, ары қарай неше есе баға қосып сататынын бір Құдай біледі. Дайындаған дәнім 20 тоннаға толған кезде Қытайды шақырамын оның жанында ұлты ұйғыр шала-пұла қазақша білетін аудармашысы бар, келіп сатып алып кетеді. Өз жұмыстарына мығым, қолдарында ұзын сымға ұқсас арнайы үшкір аспаптары бар, қапқа бойлата тығып жібереді де дәннің дымқылдығын бірден біледі. Әлі кебе қоймаған қаптарды төгіп жіберіп жылдам кептіріп алады. Бал­қа­рағайдан өнім өндірілетін болса, оның теру, үгіту, ұшыру, кептіру сияқты ең ауыр жұмыс­тарын біз атқарамыз, оларға мінсіз дайын балқарағай дәнін сатамыз. Оларға дәнді өткізген соң ақшасын бермей, алдап кете ме деп те қорқып жүреміз, ақшаны қол­дарына ұстамайды екен, есеп­шоты­мызға 5-6 миллион теңгені аудара салады», – дейді Бейбіт.
Бейбіттің айтуынша, ауылда қазір 100 ден астам трактор бар. Барлығы осы бал­қарағайдың арқасы. Ерінбегендер айына 100 мың теңгеден артық ақша тауып жүр.
Біздің кәсіпкерлер бұл істі қиынсынып жүр
«Соншама әуреге түсіп, жинаған өнімді неге өзіміз өндіріп, пайдасын көрмеске? Неге өзімізде зауыт салып, балқарағайды ел игілігіне жаратпасқа?» деген сауалдың туындайтыны да заңды.
Анар БАЗАРҚЫЗЫ, биолог:    
– Балқарағайды кәдеге жарата біл­сек, оның пайдасы шаш етектен. Алайда біздің кәсіпкерлер бұл іспен шұғылдануға ерінетін секілді. Одан гөрі дайын жаңғақты Қытайға өткізіп, ақшасын алғанды тәуір көреді. Шындап келгенде, жаңа жобаларды қолға алып, жаңа зауыттар салсақ, балқарағай жаңғағы еліміздің игілігіне жарайтын еді.
Биологтың айтуынша, Ресей мем­ле­кетінің Шығыс Қазақстан облысымен ше­каралас Алтай өңірінде осы іспен шұғыл­данатын арнайы мекемелер бар. Олар осы өнімді өздері өндіріп, жергілікті жұрттың игілігіне жаратып жатыр. Сондықтан бұл істі өз елімізде қолға алатын кез жеткен секілді.

Біле жүрер бір дерек
Иван Грозный патшаның тұсында Ресей жылына 300 мың пұтқа дейін Швеция мен Англияға экспорттаған екен. Академик П.Палластың XVIII ғасырдағы жазбаларында Швецияның дәріханаларында омырау бездерінің ауруларына балқарағайдан жасалған дәрілер сатылатынын жазыпты. Ертеректе орыс емшілері кедр жаңғағының майын ги­пертония, атеросклероз, асқазан жарасы ауруларына қарсы пайдаланып, сонымен бірге тері­нің күйген жерлерін сылап сыйпауға, бұлауға пайдаланған. Адамның иммундық жүйесін күйшейтетін қасиеті бар балқарағай майында түрлі микро және макро элементтер бар. Оның құрамында ақуыз, көмірсу, А, В1 (тиамин), В2, (рибофлабин), В3 (РР ниацин) дәрумендері, сонымен қатар фосфор, марганец, кобальт, йод кездеседі. Балқарағай майының баланың өсуіне және адамның көз жанарына тигізер пайдасы бар екен.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста