Қытайдан келген қандастарымыздан енді сотталмағаны туралы анықтама талап етілмейді
Қазірге дейін Қытай Халық Республикасынан келген қандастарымыздың Қазақстанда тұрақты тіркелуіне және азаматтық алуына басты кедергі болып келген құжат – сотталмағаны туралы анықтама енді талап етілмейді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығына толықтыру енгізіліп, аталған бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылы 4 қыркүйекте №12880 болып қайта тіркелді. Яғни, осы Бұйрықтың 10-тармағындағы «азаматтығы тиесілігі немесе тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы (соттылығының болмауы) туралы тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген құжат» - деп аталатын 6-тармақшасына «Қытай Халық Республикасы азаматтарының этникалық қазақтарын қоспағанда, егер өзге халықаралық шарттарда көзделмесе» - деген ескерту қосылды.
«Аталған анықтаманы талап етуді күшінен қалдыру, шыны керек, оңайға соққан жоқ. Бұл құжаттың қандастарымызға 2015 жылдың 9 ақпанынан, яғни «ҚР Кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына байланысты құрылған жұмыс тобының Мәжілісте алғашқы отырысы болып өткен күннен бастап тұсау болған еді. Биыл Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайындағы Елбасымыздың «Елге келгеннен соң құжат түгендеу үшін ары-бері сабылу болмауы керек. Қытай қазақтарының сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтама алу жайы ағайынның арғы беттегі еңбегіне проблемалар туғызады. Оны шекара тұрғысынан сол жерде анықтап, елменен ақылдасып, келісіп шешу керек» - деген тапсырмасына сай бұл мәселе шешімін тауып отыр», - дейді этникалық көші-қон саясатына белсенді араласып, заңдағы кедергілердің реттелуіне өзіндік үн қосып жүрген белгілі ақын Ауыт Мұқибек.
Айта кетейік, ҚХР-да сотталған азаматтарға шетелге шығуға арналған төлқұжат берілмейтіндіктен бұл анықтаманы алу мүмкін емес. Яғни, елге оралып жатқан ағайындардың барлығы сотталмағандар. Сол үшін де атажұртқа қоныс аударған қандастарымыз осы күнге дейін бір анықтама үшін екі ел арасында талай сабылған болатын.
Майгүл СҰЛТАН