Қызылағашта тасқын құрбандарына арналған ескерткіш ашылды

Қызылағашта тасқын құрбандарына арналған ескерткіш ашылды

Алматы облысындағы сапарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Талдықорған қаласындағы құрылысы аяқталуға жақын Спорт сарайында жалғастырды.

Республикалық, халықаралық дәрежедегі ірі жарыстарды өткізуге ғана емес, бұқаралық спортты дамыту мен денешынықтыру үшін де лайықталып жасалған, әзірге елімізде теңдесі жоқ сарайда спортшылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Тренажердің бірнеше түрі, спорттың барлық түрлеріне арналған залдар, 1500 көрермен сыятын трибуна, сонымен қатар қонақүй кешені, фитнес-орталық, монша, журналистер үшін баспасөз орталығы, басқа да қажетті қызмет көрсету орындарымен толық қамтылған. Осы уақытқа дейін еліміздегі ғана емес, әлемдік спорттық бәсекелерде топ жарып, тамаша табыстарға жетіп жүрген спортшылардың ішінде жетісулықтардың есімі көш басында тұруы тегін емес. Бұл – осы салаға жасалып жатқан жан-жақты қолдаудың нәтижесі. Ал 3 млрд теңгеге зәулім спорт сарайының салынуы спортшыларға артылар сенімді еселей түседі. Сонымен қатар Елбасының бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылуына да үлкен ықпал етпек.
Мемлекет басшысы ат басын бұрған кезде мұнда облыстық «Жетісу» кәсіпқой волейбол командасы, ауыр атлетикадан Қазақстанның құрама командалары оқу-жаттығу ойындарына қызу кірісіп жатқан. Елбасын қол шапалақтап, үлкен ілтипатпен қарсы алған спортшылар қатарында зілтемір көтеруде әлемді мойындатқан толағай спортшыларымыз Владимир Седов, Илья Ильин, Мая Манеза, Светлана Подобедовалар да болды. Спортшылармен тілдескен Президент мұндағы жасалған жағдайлардың арқасында әлемді таңдандырып, толайым жетістіктерге жетуге мүмкіндіктері зор екендігін атап өтіп, алда үлкен белестерді бағындыруларына тілектестігін білдірді. Сонымен қатар «Жетісу» волейбол қыздар командасының ойынын тамашалады.
Наурыз айындағы Ақсу ауданында орын алған су тасқыны көпшіліктің есінде болар. Алайда бұл алапат халықты күйзелткенімен, күйрете алған жоқ. Сол қиын-қыстау күндерде жетісулықтар, тіпті бүкіл Қазақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар бірліктерін тағы бір рет дәлелдеді. 

Ауылды қайта түлету ісін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өз бақылауында ұстап, қадағалауының арқасында Қызылағаш тірлігінің тамырына қан жүгірді. Сонымен қатар ел болып ескеріп, жұрт болып жәрдемдесудің нәтижесінде ауыл бүгінгідей жақсылыққа қол жеткізгенін де атап өтуге тиіспіз.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, облыс әкімі Серік Үмбетов бастаған қонақтар Қызылағаш ауылындағы атқарылған істерге қанығу мақсатында аталмыш елді мекенге барды. Су бөгетінің бұзылуы салдарынан зардап шеккен ауыл қазір танымастай өзгерген. Тақтайдай жарқыраған жолдары мен сап түзеген көшелері алыстан-ақ менмұндалайды.
Президент алдымен күрделі жөндеуден өткен Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепке бағыт алды. Мұндағы барлық қажеттіліктермен қамтылған сыныптармен қатар, дене шынықтыру мен өнерге баулу залдарында да барлық мүмкіндік жасалыпты. Залдан саз аспаптарының қай түрін іздесеңіз де, таба алатыныңызға шүбәланбайсыз. Мектеп аумағындағы спорттық алаңдар жай алаң емес, талай жас спортшы үшін тәрбие алаңы болатын сыңайлы. Аталған мектеп пен жаңадан ашылған 120 орындық балабақшаға Елбасы бір-бір «Газель» автокөлігін сыйға тартты.
Жалпы су тасқынынан кейін 4 айдың ішінде Қызылағашта 500-ге жуық жаңа үй бой көтеріп, 30 үй күрделі жөндеуден өткізіліп, тұрғындар игілігіне берілген болатын. Сонымен қатар ауылдық әкімдік, аурухана, мешіт, «Қазпошта» ғимараты, аудандық ІІБ тірек пункті секілді әлеуметтік маңызы зор нысандар да есігін айқара ашқан.
Пайдалануға берілген баспаналардың барлығының қажеттіліктермен, жиһаздармен қамтамасыз етілуі қызылағаштықтардың қуанышын еселей түскені рас. Сондай-ақ облыс басшылығы жуырда теледидар мен тоңазытқыш алып береміз деп уәде берген болатын. Сол уәде үдесінен шығып, жақында әрбір үй аталған тұрмыстық техникаларға ие болды. Әрбір аулаға су жүйесі, ғаламтор желісі, телефон байланысы, кабельді телеарналар желісі тартылған. Ауыл тірлігін өркениет үрдісіне жақындата түсетін мұндай мүмкіндіктер үшін қызылағаштықтар дән риза.
Мұнан соң Елбасы бастаған ресми өкілдер Қызылағаш ауылының күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйіне келді.
3D форматты арнайы аппаратурамен жабдықталған мәдени ошақта қызылағаштықтар фильмді жаңа үлгідегі технология көмегімен көре алады.
Осы ғимаратта орын тепкен, 21 мыңға жуық кітап қоры бар Қызылағаш кітапханасы – ғаламтордағы кітапханааралық электронды абонементке қосылған тұңғыш ауыл кітапханасы. Ауыл халқының рухани байлығын арттыратын мұндай нысандардың заманауи техникалармен жабдықталуы Мемлекет басшысы тарапынан оң бағаланды.
Мәдениет үйінен шыққан соң, тасқын кезінде қаза болғандарға арнап қойылған ескерткіш-монументке тағзым етіп, сол жерде ауыл тұрғындарымен жүздесті.
– Қазақстанда ғана емес, әлемнің әр түкпірінде түрлі табиғи апаттар орын алып, қаншама халық зардап шегіп жатқанын білесіздер. Қызылағаштағы жағдайдан кейін Үкіметке жедел тапсырма беріп, арнайы комиссия құрып, үлкен жұмыстар атқардық. Зардап шеккен Қызылағаш, Ақтоған, Егінсу ауылдары 8 млрд теңгеден астам қаржыға атқарылған жұмыстар нәтижесінде қайта түледі. Бұл, біріншіден, мемлекеттің тәуелсіздігінің арқасы, екіншіден, оның күш-қуатын білдірсе, үшіншіден, елдің бірлігі мен ынтымағының нәтижесі деп білемін. Сонымен қатар Үкіметтің, облыс әкімінің, аудан басшыларының, Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрліктерінің жауапкершілікті түсініп, жедел іс-әрекет етуінің арқасында бүтін бір ауыл қалпына келтірілді, жаңарды.
Қызылағаш қазір қатардағы ауыл ғана емес, қаланың деңгейіндегі елді мекенге айналды. Ендігі айтарым – ауылды көркейтуді, абаттандыруды одан әрі жалғастыру керек. Мемлекетке қарап отыратын уақыт кеткен. Сондықтан маңайларыңыздағы жерге егін егіп, тіршілік жасаңыздар. Жақын күндерде әр отбасына жылқы, ірі қара, 10 қойдан беріледі.
Менің білуімше, ауылдағы халықтың жартысына жуығы Отанына аңсап оралған қандастарымыз екен. Қазақстан – әлемге шашырап кеткен қандастарын атамекеніне шақырып, басын қосып, бауырына тартып жатқан бірден-бір мемлекет. Мүмкіндігінше, сіздерге жағдай жасаудамыз. Сондықтан ел ішіне сіңісіп, үйренісіп, бала-шағаларыңызды өсіріп, жақсы өмір сүретіндеріңізге күмәнім жоқ.
Біз сіздермен қасиетті Рамазан айында кездесіп отырмыз. Алланың бізге деген шапағаты ешқашан таусылмасын. Жастарды білімді болуға, жақсы оқуға тәрбиелеу керек. Себебі – бүгін білім бәсекесінен озған ел ғана табысқа жетеді. Индустриялық бағдарлама жасап, Қазақстанда тек қана жер қойнауының байлығынан емес, басқа өндіріс жасайық деп талпынып жатырмыз, – дей келе, Нұрсұлтан Әбішұлы индустрияландыру бағдарламасы мен «Жол картасы» шеңберінде елімізде, оның ішінде Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі басқосулардың өткізілуі –  еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі туралы да атап өтті. Сонымен қатар журналистерге берген сұхбатында билік органдарының белсенді жұмысына, облыс әкімі Серік Үмбетовтің салмақты істі жауапкершілікпен атқарғанына ризашылығын білдірді.
Ауыл тұрғындары осындай игіліктерге кенелткен Нұрсұлтан Әбішұлына, күллі қазақстандықтарға алғыстарын жаудырды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста