Қызылорда облысында 20-дан астам мектеп оқушысы уланып қалды
Қызылорда облысындағы мектептің 25 оқушысы тамақтан уланып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 21 оқушының ауруханаға жатқызылғанын, қалған балалар амбулаторлық жағдайда дәрігерлердің бақылауында екенін хабарлады. Зардап шеккендердің барлығы улануды мектеп асханасындағы таңғы аспен байланыстырады. Улану фактісі бойынша тергеу басталды.
Оқиға 29 наурыз күні Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Кәукей ауылында болған. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, зардап шеккендердің барлығы осы аудандағы №225 орта мектептің 1-5 сынып оқушылары.
"Балалар таңғы асын 09:35-те ішіп, бір сағаттан кейін іші ауырған алғашқы шағымдармен үш бала мектеп медицина қызметкеріне жүгінген. Содан кейін бастауыш сыныптың тағы 22 оқушысы ауырғаны белгілі болды. Оның 21-і бірден ауырған. Балалар аудандық көпсалалы аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды, қалғандарына амбулаторлық ем тағайындалды, олардың барлығына тамақтан улану диагнозы қойылды”, – деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.
Науқастарды қабылдау кезінде денсаулық жағдайы "орташа ауырлықта" деп бағаланды, жалпы интоксикация белгілері және асқазан-ішек жолдарының бұзылуы анықталды.
"Санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу барысында бактериологиялық зерттеуге 120 сынама, 1 су сынамасы, 7 тағам сынамасы алынды, асхана жұмысшыларынан патогенді микрофлораға мұрын және жұтқыншақ жағындылары алынды.Қазалы ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулыларымен мектеп асханасының аспазшысы мен аспазының көмекшісі, сондай-ақ білім мекемесінің медицина қызметкері жұмыстан уақытша шеттетілді ", – деді департамент өкілдері.