Ресей төрінде қазақ экслибрисінің көрмесі өтеді
Қазақ экслибрисінің көрмесі 8 қараша күні Мәскеудегі экслибрис мұражайында ашылады.Ресей төрінде бірінші рет болайын деп тұрған көрмеге ерлі-зайыпты суретшілер Әнуар Өтеген мен Мәрзия Жақсығаринаның 520 экслибрис туындылары қойылады. Және атап өтерлігі, олардың бұл туындыларын әрі қарай көрмелерге тұрақты түрде шығарып тұру үшін мұражай қорына сұраған.
Әнуар Өтеген тана мен Мәрзия Жақсығарина – 1970 жылдан бері Қазақстанда экслибрис өнерін насихаттап жүрген танымал, бірегей талант иелері. Чехия, Болгария сияқты елдерде жеке көрмелерін өткізіп, шетел экслибрисшілерін тамсандырып жүр. Соңғы 15 жылда экслибрис және графика бойынша өткен халықаралық жеті көрмені ұйымдастырған, Ақтөбені экслибрис астанасы атандырған танымал суретшілердің туындылары Мәскеу қаласында шыққан «Қазақстанның сурет өнері» деген журналында жарық көрген. Бұл – Қазақстан суретшілері туындыларының жинағынан құралған журнал. Сонымен бірге ақтөбелік екі суретші Қазақстан Суретшілер одағының мерейтойлық медалін алды.
Мәрзия ЖАҚСЫҒАРИНА, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
– Бұл дербес көрмені Мәскеуде өткізу туралы ұсыныс алғалы көп болды. Бірақ әкімшілік қызметтен кеткеннен кейін ғана қолым тиіп, соңғы үш айдың ішінде дайындық жұмыстарын жүргіздім. Жұбайым Әнуар Өтеген мен өзімнің экслибристерімді жинақтап, тізімі мен аннотациясын жазып, Мәскеуге жібердім. Қазақстан бойынша экслибрис өнерін суретші Кукурузадан кейін насихаттап жүрген жұбайым Әнуар Өтеген туралы мақала жаздым. Ол бүкіл әлемге тарайтын Ресейдің экслибрис журналында басылды. Шығармашылық адамы, оның ішінде суретші үшін өз туындысын көрермен үшін салады. Көрмелерге сол үшін шығарады. Сөйтіп, өз еңбегінің бағаланғанын көреді. Бұл оның жаңа туындылар жасап шығуына серпіліс береді.