Сақшылардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды
Өткен жұма күні Алматының тәртіп сақшылары қызмет барысында қаза тапқандар рухына тағзым етті. Қалалық ішкі істер департаменті қызмет барысында қаза болған сақшыларды еске түсіру үшін қоян-қолтық ұрыстан жарыс өткізді.
Полицейлер бұл күні қызметте қаза болған әріптестерінің құрметіне ашылған ескерткішке гүл қойды. Алматының бас полицейі, полиция полковнигі Қайрат Тыныбеков айбынды алматылық сақшылардың ерлік істеріне тоқталды. Жиналғандар қызмет барысында қаза болған құқық қорғаушыларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Салтанатты жиынға қаза болған қызметкерлердің отбасы мүшелері қатысты, ішкі істер басшылығы оларға арнайы сыйлықтар табыс етті.
Қайрат ТЫНЫБЕКОВ, Алматы қаласы ІІД бастығы, полиция полковнигі:
– Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері 47 алматылық тәртіп сақшысы қаза тапса, оның 18-і аса қауіпті қылмыскерлерді тұтқындау барысында мерт болған. Соның ішінде патрульдық полк қызметкерлері – полицияның аға сержанты Әбдіров Ғалымжан Әбішұлы, полиция аға сержанты Дабылов Мақсат Ералыұлы, полиция аға лейтенанты Қайрақбаев Ержан Қинуллинұлы, полиция лейтенанты Қожахметов Ерназ Жаманқараұлы бар. Марқұмдардың Отан алдындағы ерлік істері өзге де әріптестеріне үлгі болып қалмақ. Біз олардың Алматы қаласы ішкі істер департаментінде қызмет еткенін мақтанышпен еске алатын боламыз.