Сарапшылар елдегі шөлейттенуге қарсы күрес туралы айтты
Астанада "Орталық Азиядағы шөлейттену: бағалау, болжам, басқару" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстанда 60-жылдардан бастап бүгінге дейін шөлейттенуге бейім аумақтардың 10-12 пайызға ұлғайғаны жасырын емес. Егер бұрын шөлейттенуге, негізінен, аридті және субаридті аумақтар мен шаруашылыққа үздіксіз қолданылатын жерлер (шөл және шөлейт) бейім болса, бүгінде шөлейттенудің шекарасы Қазақстанның солтүстігіне, негізгі астықты аумақтарға қарай ауысты. Бұл - орманды алқапты, далалық аймақтар", - деді География институтының директоры Ахметқал Медеу конференция шеңберіндегі брифингте.
Ол топырақтың азуы мен шөлейттену қоршаған ортаның айтарлықтай өзгеруіне ғана емес, кез келген елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де ықпал ететінін айтты.
БҰҰДБ Жер ресурстарын тұрақты басқару жөніндегі бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Ерлан Жұмабаев шөлейттену мәселесін табиғи шөлейттенумен шатастырмау керектігін айтты. "Шөлді аумақтар бар, олар - өзінің өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесі бар табиғи экожүйе. Қазақстанда Балқаш жағалауы мен Арал өңірі проблемалық аймақтар болып тұр. Қазір жайылымдарды бұзылудан сақтау жөніндегі мәселелер шешіліп жатыр. БҰҰДБ мамандарының пікірінше, бұл өңірлерге көп көңіл бөліп, ауыл шаруашылығын ынталандыру, оны дамыту, жердің азуына жол бермеу мүмкін болу үшін ол проблемаларды экономикалық жолмен шешу қажет", - деді Жұмабаев.
Медеудің айтуынша, шөлейттену процесін басқара білу үшін бір топ міндетті шешу керек. "Біріншісі: климаттық және басқа да процестердің әсерінен табиғи шөлейттену белең алған жағдайда қандай шараларды қолға алу керектігін анықтау; жердің мүлдем өнімсіздігіне әкеліп соғатын шөлейттену жағдайында не істеу керектігін анықтау. Бұл жұмыстар аймақтық, жеке, елдік жобалардың шешімін қарастырады. Бұл орайда барлық үш өлшем бойынша шөлейттенуді болдырмайтын, оның кері процесін азайтатын нақты әрекеттер ойластырылған", - деді Медеу.
География институты директорының айтуынша, Қарағанды облысындағы Шет ауданында мемлекеттік бағдарлама аясында топырақты аздырмау жөнінде үлкен жұмыс жүргізілді. Арал теңізінің құрғаған түбіндегі топырағы азыған аймақта, Маңғыстау облысының топырағы азыған аймағында, Атырау облысында жұмыстар қолға алынды. "Жобалар бар, бірақ нақты шаралар атқару үшін, әрине, алдымен тиісті зерттеулер жүргізу қажет", - деді институт директоры.