Сары жолақты басушы болмаңыз!
29 ақпаннан бастап Т.Рысқұлов көшесіне пилоттық жоба негізінде қоғамдық көліктерге арналған арнайы сары жолақтар сызылмақ. Белгіленген жолмен тек автобустар ғана жүреді. 3 наурыздан бастап жолаушы тасымалымен айналысатын автобустар белгіленген арнайы жол бөлігімен жүрмеген жағдайда әкімшілік тәртiп бұзушылық туралы хаттама толтырылады.
Ал, сары жолақты жолдарға үйренуге үшінші шаһардың жүргізушілеріне 1 апта уақыт беріледі. Онан ары тәртіп бұзып, «А» жолағына шыққан жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш (601-бап. Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау) көлемінде айыппұл төлейді. Ал оңға не солға бұрыламын дейтін көлік жүргізушілер үшін авто жолда арнайы белгілер көрсетіледі.
Мұндағы басты мақсат «Қауіпсіз қала» акциясы негізінде шаһар аумағындағы көлік қозғалысын ретке келтіру. Қоғамдық көліктің бәсекелестігін арттырып, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау.
Айта кетерлігі, бұл жұмыстар арнайы құрылғының көмегімен әуеден бақыланатын болады. Егер, заң бұзушылық орын алған жағдайда Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметі тиісті шара қолданады.