«Сәт Транстың» сәтті қадамы
Семейде тұрғын үй құрылысының материалдарын шығаратын комбинат ел игілігіне жол тартты. «Сәт Транс» ЖШС-нің иелігіндегі комбинат өнімдері енді үй салумен айналысатын компаниялардың сұранысын орындайтыны өз алдына, жұртшылықты тиімді ұсыныстарымен де өздеріне назар аудартып отыр.
«Сәт Транс» ЖШС-нің атқарушы директоры Нұрлан Байбековтің айтуынша, мұнда шығарылатын материал ірі панельді үйлердегі материалдармен салыстырғанда екі есе жеңіл әрі құрамындағы темір үш-төрт есеге дейін аз болып келеді. Тағы бір тиімдісі – бағасы да қымбат емес. Комбинатта өндірілетін бетон плиталар өте түзу болып шығады. Соның нәтижесінде салынатын баспана өте жоғары дәлдікте тұрғызылады. Бұл әлеуметтік тұрғын үйлер үшін анағұрлым арзанға түседі.
Комбинат цехтарында оннан астам әртүрлі өнім шығарылады. Плита да түр-түрімен тапсырысқа қарай шығарыла береді. 1,20-дан 1,50 метрге дейін, 6 метрліктен 12 немесе 20 метрлік плиталар жасауға да мүмкіндігі бар. Бұлардың барлығы бір цехтың ішінде арнайы қалып бойынша жасалады. Тек ол қалыптар алмастырылып отырады. Арзандығы әрі қолайлылығы өз алдына, мұндай материалдан бой көтерген үйлерді алу да қолжетімді бағада болмақ. Жылдам тұрғызылатындығы тағы бар. Айталық, 9 қабатты үйдің пайда болуына бар-жоғы бір ай шамасындағы уақыт жетіп жатыр. Өйткені құрастырмалы нысан материалдарының 95 пайызы дайын күйде осы жерден шығады. Монолит үйлердің орнына болашақта материалы осындай технологиямен жасалған үйлер салынады.
Қысқасы, үй салам дегеннің бар қалауы табылатын отандық индустриялық құрылыс комбинаты Семей мен Шымкент қалаларында ғана бар. Оңтүстік өңірдегі өндіріс ошағы бұдан үш есе үлкен көрінеді. Ресейлік құрылғылармен жабдықталған комбинат әзірге жылына 50 мың шаршы метр бетон материалын шығарады. Жер сілікінісі кезіндегі сақтық үшін қажетті сейсмикалық каркасты шығаруға да қол жеткізген кәсіпорындағы қызу еңбек барған сайын жандана түскені көрініп тұр.