Сауда және ойын-сауық нысандары көбейеді
Қаржы және бизнес орталығы ретінде дамып келе жатқан Алматы қаласы сауда және көңіл көтеру орындарымен толығатын болды. Биыл жазда оңтүстік астанада үш ірі сауда орталығы пайдалануға беріледі.
Eurasia RED қазақ-венгр компаниясы және IFC халықаралық қаржы корпорациясының бірлесуімен салынып жатқан «Апорт» сауда-ойын-сауық орталығы Қазақстандағы аса ірі нысандардың бірі болмақ. Оның аумағы 111 000 шаршы метр жерді алып жатыр. Сауда және ойын-сауық орталықтары Алматы қаласындағы негізгі көлік магистралі саналатын Райымбек даңғылында және Құлжа тас жолы бойында орналасқан. Қазақ-венгр компаниясының қаржы жөніндегі директоры Дмитрий Ревиннің айтуынша, кешен аумағындағы «Рамстор» гипермаркеті, құрылыс материалдарын сататын «Қазмарт» сауда үйі және «Городок» балалар дүкендеріндегі тауарлар қаладағы басқа сауда орындарымен салыстырғанда 10 пайыз төмен бағамен сатылмақ. Киносүйер қауым үшін ашылатын сегіз залдық кинотеатрда фильмдер 3D пішінінде, яғни ең үлкен экрандарда көрсетілетін болады. Келушілер үшін барлық жағдай жасалатын кешенде 3500 көлік сыятын автотұрақ та салынып жатыр. Алматы қаласының инфрақұрылымын дамытуға үлес қосатын жоба құрылысын алдағы тамыз айында аяқтау көзделген.