Сегізінші Үкіметтің тізгінін Серік Ахметов ұстады
Кеше Қазақстанның саяси истеблишментінде кадрлық ауыс-түйістер болды. Сарапшылардың кадрлық саясатқа қатысты көптен бері болжаған сараптаулары жаңылыс кеткен жоқ. Саяси басқару ісінде аса маңызды жауапты қызметтерді атқаратын азаматтардың есімдері кеше мәлім болды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің фракциялар жетекшілерімен Қазақстан Республикасының жаңа Премьер-министрінің кандидатурасы бойынша кеңес өткізді. Отырыс барысында Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалған Кәрім Мәсімовке атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді және Қазақстан Республикасы Премьер-министрі қызметіне Серік Ахметовтің кандидатурасын ұсынды. Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазақстан Республикасы Премьер-министрі қызметіне Серік Ахметовтің кандидатурасын қолдау туралы бірауыздан шешім қабылдады.
«Серік Ахметовті Премьер-министр ретінде тағайындадым. Парламент бізге қолдау көрсетті. Бұл азамат қызметтің барлық сатысынан өткен, үлкен лауазымдарда болды, бизнеспен де шұғылданды. Қаланы басқарған, Астана қаласы әкімінің орынбасары, министр болды, Үкімет басшысының орынбасары қызметін атқарды, сондықтан тәжірибесі жеткілікті. Меніңше, депутаттардың қолдауына қарағанда, бұл дұрыс шешім болды деп санаймын», – деп. С.Ахметовтің кандидатурасын ұсыну себебін түсіндірген Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Үкіметтің құрамы алдағы он күннің ішінде мәлім болады.
Ел тарихындағы сегізінші Үкіметтің тізгінін қолға алған Серік Нығметұлы Ахметов 1958 жылы 25 маусымда Қарағанды облысында туылған. Білімі жоғары. Қарағанды металлургия зауыты жанындағы зауыт-ЖТОО-сын, Ресей басқару академиясының аспирантурасын бітірген. Мамандығы инженер-металлург, экономика ғылымының докторы.
Еңбек жолын Қарағанды металлургия зауытында бастаған Серік Нығметұлы 1983 жылдан 1990 жылға дейін партия және комсомол органдарында, Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған. Кәсіпкерлікпен шұғылданған, орталыққазақстандық «Кең дала» тауар биржасының президенті болған. 2001 жылдан Теміртау қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының мемлекеттік инспекциясының меңгерушісі, Қазақстанның кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» Одағы басқармасының төрағасы. Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2009 жылдың қараша айынан бастап Қарағанды облысының әкімі болған Серік Ахметов 2012 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Құрмет, «Парасат» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, мерейтойлық медальдармен марапатталған. Үйленген. Екі баласы (ұлы, қызы), екі немересі бар.
Кәрім Мәсімов Президент Әкімшілігіне жетекшілік етеді
Қазақстан тарихында ең ұзақ жыл Премьер-министр болған Кәрім Мәсімовтің жетінші Үкіметі жаһандық дағдарысты еңсеріп, Елбасы тапсырған көптеген бағдарламаны табысты атқарып шықты. Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Премьер-министрінің отставкасын қабылдады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Үкімет өз міндеттерін жаңа Министрлер кабинетінің бекітілуіне дейін атқарады. Үкіметтің соңғы отырысында сөз сөйлеген Кәрім Мәсімов Елбасына ризашылығын білдірді: «Мен еліміздің Президентіне маған осы жылдары артқан жоғары сенімі үшін алғысымды білдіргім келеді». Кәрім Мәсімов сондай-ақ Үкімет мүшелеріне атқарылған жұмыстар үшін ризашылығын жеткізді. «Біз ел Президентінің өзімізге артқан жоғары сенімін ақтауға тырыстық. Үкіметтің барлық мүшелеріне бірігіп жұмыс істеген жылдар үшін алғысымды білдіремін. Барлығымыз біздің Президентіміздің командасында қалуымыз керек, бұл – ең бастысы», – деп атап өтті К.Мәсімов.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өтінішімен қызметінен босаған Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовті Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті Әкімшілігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді. Кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаев Аслан Мусинге атқарған жұмысы үшін алғысын айтты және Президент Әкімшілігінің жаңа басшысы Кәрім Мәсімовті таныстырды.
Мемлекет басшысы кездесудің қорытындысы бойынша Президент Әкімшілігінің алдына бірқатар міндет қойды және нақты тапсырмалар берді. Аса білікті экономикалық топ-менеджер ретінде танылған Кәрім Мәсімовке Президент Әкімшілігінің жетекшісі ретінде бүкіл елдің саяси менеджмент саласында жауапты міндеттер жүктеліп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған Кәрім Мәсімовтің бай тәжірибесі елімізге қызмет етеді деп атап өтті.
Бақытжан Сағынтаев – «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары
Сондай-ақ кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» ХДП-ның орталық аппаратында партия төрағасының жаңа бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевты таныстырды. Бұрын бұл қызметті Парламент Мәжілісінің (төменгі палата) төрағасы Нұрлан Нығматулин атқарған болатын.
С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, еңбек жолын Алматы халық шаруашылығы институтының саяси экономика кафедрасының оқытушысы болып бастаған Бақытжан Әбдірұлына бас партияның бар жүгін еңсеріп алуы қиынға соқпайтыны анық. Өмір жолында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің төрағасы, ҚР Премьер-министрі кеңсесінің басшысы, Павлодар облысының әкімі, ҚР Экономикалық даму және сауда министрі секілді жауапты қызметтерді атқарған Бақытжан Сағынтаев Құрмет орденімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Ауыр салмақты саясаткерлер Мәжіліске барды
Өткен апта соңында 2008 жылдың қазан айынан бері Президент Әкімшілігін басқарған 62 жастағы Аслан Есболайұлы Мусин Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Президент кеңесшісі Е.Ертісбаевтың пікірінше, бұған дейін жоғары лауазымды қызметтерді атқарған А.Мусиннің қазіргі қызметі жауапты болып есептеледі. Себебі бұдан бұрын депутаттар Есеп комитетінің құзыретін күшейту туралы айтқан болатын.
Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің бюро қаулысымен Мәжіліс депутаттарының босаған мандаттары бірауыздан Серік Әбікенұлы Үмбетовке және Омархан Нұртайұлы Өксікбаевқа берілген болатын. Партиялық тізім бойынша сайланған екі мәжілісмен басқа жұмысқа ауысуларына байланысты өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатқан болатын. Олар Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау облысы әкімінің қызметіне тағайындалса, Жақып Асанов ҚР Бас прокурорының орынбасары қызметіне орныққан еді.
Бұған дейін Жамбыл облысын, Ауыл шаруашылығы министрлігін, екі рет Алматы облысын басқарған Серік Әбікенұлы Үмбетов – Алматы облысында қымыз өндірісіне зор қолдау көрсетіп, ұлт мәдениеті мен өнерінің жанашыры ретінде танылған тұлға. Ал бұған дейін Президент Әкімшілігінің Бас бақылау инспекциясының бастығы, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, тоғыз жылдай Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болған Омархан Өксікбаевтің «ревизорлық» тәжірибесі Мәжілісте де үлкен пайдасын тигізеді. Сайып келгенде, Мәжіліс ауыр салмақтағы саясаткерлермен толықты деуге негіз бар.
Ал Серік Үмбетовтің орнына бұған осы орган басшысының орынбасары қызметін 2006 жылдан бері атқарып келген Абай Айдарханұлы Бисембаев ҚР Президентінің іс басқарушысы болып тағайындалды. Абай Айдарханұлы Бисембаев 1967 жылы туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Нарық институтын бітірген, саясаттану ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесі бар.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін республика Ғылым академиясының Экономика институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Кейін Мемлекеттік мүлік жөніндегі мемлекеттік комитеттің басқарма бастығы, Министрлер Кабинеті іс басқармасының бас инспекторы, Президенттің жанындағы Экономикалық консультанттар кеңесінің консультанты болды. Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болып тағайындалды. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамының президенті, бірінші вице-президенті, вице-президенті қызметтерін атқарды.
Парламентарийлер пайымы:
Жаңа Үкімет елдің әлеуметтік жағдайына жаңа серпін берсе игі
Қуаныш Сұлтанов, Мәжіліс депутаты:
– Президенттің ұсынысын қолдадым және бұрынғы Үкімет басшысына алғыс айту ниетіне қосылатындығымды да айттым. Себебі, менің пайымдауымша, Серік Ахметовтің дайындығы мол. Ол өнеркәсіп пен өндірістің отына апталып, күлін қолымен көсеген, ыстық пен суықты, ақ пен қараны ажырата алатын атпал азамат деп білемін. Білікті басшы ретінде өзін талай көрсетті. Өңірлердің проблемасын бес саусақтай біледі. Ең бастысы, биліктің барлық мектебінен өткен, өндірістік, өнеркәсіптік, басқарушылық салаларының барлығында шеберлігін шыңдаған Серік Нығметұлы – қоғамның қайшылықтарын да айқын сезетін азамат. Ал жаңа Үкіметке айтар тілегім, біріншіден, елдің әлеуметтік жағдайына жаңа серпін береді деп үміттенеміз. Әсіресе, шындығын айтуымыз керек, ауыл тұрмысы, өңірлерді өркендету мәселесі әлі де өзекті. Бұны Президент өз Жолдауында да дөп басып көрсеткен болатын. Екінші мәселе – депутаттық сауалдар туралы. Парламент мінберінен жолданған депутаттық сауалдарға жаңа көзқарас керек. Үкімет, керісінше, депутаттық сауалдарды өз жұмысына сапалы пайдаланса, онда оның бәрі ел игілігі үшін атқарылған шара болар еді. Өйткені депутаттар мәселені тек биліктен жауап алу үшін емес, сол проблеманың шешімін табу үшін жолдайды. Міне, осы жағдайларға атқарушы биліктің жаңа құрамы тың серпінмен келсе деген үміт те, тілек те бар.
Орынбасарын көтеру арқылы Елбасы Мәсімов үкіметінің жұмысын жоғары бағалап отыр
Мұрат Әбенов, Мәжіліс депутаты:
– Менің ойымша, Президенттің ұсынысымен Серік Ахметовтің тағайындалуы бүгінгі Үкіметтің дұрыс бағытта жүріп келе жатқанын, атқарылып жатқан жұмыс сапасын бағалау деп есептеймін. Шынында, Үкімет басшысын жаңа қызметке ауыстырып, оны ауыстырар кезде қызметін бағалап, орынбасарын сол билікке әкелуінің өзінде үлкен мән жатыр. Жалпы, бір басшыны жоғарылатып, оның орнына орынбасарын тағайындау осы саладағы жұмыстардың нәтижелі екендігін білдіреді. Ал жаңа Үкіметтің қызметіне келер болсақ, ол қолға алынған индустриялық-инновациялық саясатты жалғастыратын болады. Индустриялық жобалардың, қабылданған бағдарламаның 10-12 жылға межеленген мерзімі бар. Соның жартысын Мәсімов Үкіметі бітіріп кетті. Ал Ахметов Үкіметі тура сол қарқынмен басталған істі сапалы аяқтайды деген үміт бар. Атқарушы биліктің алдағы жаңа құрамына келер болсақ, менің ойымша, Мәсімов Үкіметінде бірқатар министр өз қызметтерін сапалы атқарып келді. Кемшілігі болғанымен де, жұмыстағы нәтижелері көрініп тұрды. Дегенмен кейбір министрлер, оның ішінде Парламент депутаттары тарапынан көп сын естіп жүрген ведомство басшылары ауысуы мүмкін деп есептеймін.
Үкімет басшысын таңдауда Елбасы тағы да көрегендік танытты
Шалатай Мырзахметов, Мәжіліс депутаты:
– Мен мемлекет басшысы ұсынған Серік Нығметұлы Ахметовті бұрыннан білемін. Өзінің іскерлігі арқасында қай жерде отырмасын орнын тапқан азамат ретінде көрсетіп келді. Кез келген мәселені байыптылықпен талдап шешетінін танытып жүрді. Қарапайымдылығымен, кез келген іске белсенді кірісетіндігімен де ерекшеленді. Сондықтан да Елбасы кандидатураны ұсынғанда дұрыс таңдау жасап, тағы да көрегендігін танытты деп білемін. С.Ахметовтің кісілігі қарапайымдылыққа ұштасқан, қарапайымдылығы қазақи пайым мен рухқа жанасқан азамат деп білемін.
Үкіметтің алдағы жұмысына келсек, бұрынғы қарқын үдей түседі, жұмыс өз ырғағымен кетеді деп ойлаймын. Сол үшін де Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметтің ішкі «асханасы» қанық адамға таңдау жасап отыр. Дегенмен алда көп мәселе бар. Оның ішінде Мемлекет басшысының Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясына көп мән беріліп, индустрияландыру саясатын, инновациялық үдерісті шапшаңдатуымыз қажет деп ойлаймын. Біз, Мәжіліс депутаттары, осы бағытта жаңа Үкіметпен қоян-қолтық жұмыс жасау үшін кандидатураны бірауыздан қолдадық.