Шекарашылар – қорғанымыз
Қызығы мен қиындығы қатар жүретiн мемлекеттiк шекараны күзету iсi қашан да үлкен жауапкершiлiк пен асқан қырағылықты қажет етедi. Ол үшiн шекарашыға батылдық пен қайсарлықтан бөлек, Отанға деген сүйiспеншiлiк пен елiм деп соғатын жүрек керек. Елбасының Жарлығымен 1992 жылдан берi аталып өтiп келе жатқан шекарашылар мерекесi биыл ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығымен тұспа-тұс келiп отыр.
Биылғы мерекелiк шара облыс орталығындағы Абай саябағынан бастау алды. Сап түзеген шекарашылар қызмет бабында ерлiкпен қаза тапқан әрiптестерiн бiр сәт үнсiз еске алды. Мұнан соң салтанатты шара облыстық филармонияда жалғасын тапты. Жиынды ҚР Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне қарасты Шекара қызметi «Оңтүстiк» өңiрлiк басқармасының бастығы, полковник А.Қалиев құттықтау сөзбен ашып, шекара шебiндегi үздiк сарбаздарға комитеттiң Алғыс хаттарын тапсырды. Облыс әкiмi Бейбiт Атамқұловтың iзгi тiлегiн облыстық iшкi саясат басқармасының басшысы Болатбек Төлеген жеткiздi. Ол шекара қызметiнде қырағылығымен көзге түскен бiрқатар әскери қызметкерлердi өңiр басшысының Алғыс хаттарымен марапаттады. Олардың арасында полковник А.Төлегенов, подполковник А.Манасов, майор А.Бекпаев, капитан Б.Сәрсенбаев, аға сержант А.Абдрахманова бар. Шара соңы концерттiк бағдарламаға ұласты.
Айта кетейiк, «Оңтүстiк» өңiрлiк басқармасының шекарашылары елiмiзге көршi жатқан Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерiмен арадағы шекараның қауiпсiздiгiне жауапты. Олар жалпы ұзындығы 2413 шақырымға созылатын мемлекеттiк шекараны күзетедi.
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстiк Қазақстан»