Селге қарсы сабақ өттi
Көктем – Алматы қаласы үшiн қатерi көп мезгiл. Таулы аймақта орналасқандықтан, оңтүстiк астанамызға, әсiресе селдiң қаупi басым. Қазiр елiмiздiң iрi мегаполисiнде оның алдын алуға қатысты түрлi шаралар өткiзiлуде. Ең алдымен, табиғи апаттан балаларды қорғау мәселесiне көңiл бөлiнiп отыр.
Селден сақтану жаттығулары Алматының бiрнеше мектебiнде бес күн бойы өттi. №1 мектепте бұл шара «Азаматтарды және қоршаған ортаны қорғау» деп аталды. Оқушыларға апат бола қалған жағдайда қалай қорғану керектiгiн қорғаныс саласы мамандарының өзi түсiндiрдi. Әуезов аудандық қорғаныс бөлiмiнiң маманы Андрей Числовтың айтуынша, мұндай шаралар жыл соңына дейiн жалғасады.
Жалпы, республика бойынша, селдi бассейндердiң саны 300-ден асып жығылады. Олардың қатарына Жоңғар, Талас Алатауы, Қаратау және Тарбағатай тау жоталарының таулы өзендерi кiредi.
Селдiң қаупi мамыр, тiптi қыркүйек айларына дейiн сейiлмейдi. Балалар оның қаншалықты қаупi барына мән бере бермейдi. Мамандардың оларды ақпараттандыруға көңiл аударып отырғаны сондықтан.