Семей мен Астана арасында жаңа теміржол бағыты ашылды
25 тамыздан бастап «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ Астана қаласы мен Семей арасында жаңа бағыт ашып отыр. Бұл тұрғындар үшін, шынында да, көптен күткен қуанышты жаңалық болды.
Өйткені бас қаламен қатынайтын ұшақтар тым аз, автобустар лық толы. Халыққа ең қолайлысы осы теміржол еді. Бұрын тек Астана-Риддер бағытындағы күн аралата жүретін пойыз бар еді. Жоба жаңа бағыттар ашу және жолаушылар пойыздарында қызметті жақсарту бағытында жүзеге аспақшы.
«Нөмірі 63/64-ші жүйрік пойызы «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құралған және екі аралықты небәрі 12 сағатта ғана жүріп өтеді», – дейді Семей теміржол бекетінің кезекшісі Айнұр Шағманова. Оның айтуынша, бұл бағытта 27 вагон болады, оның ішінде «Гранд» және «Бизнес» кластары, мейрамхана-вагон, қалтаға қонымды орындар да болады. Елордадан Алаш бесігі аталып кеткен тарихи-мәдени қалаға қатынайтын бұл жаңа жүрдек пойыз республикадағы осындай 6-шы бағыт. Қазір елімізде «Алматы – Астана», «Алматы – Шымкент», «Алматы – Қызылжар», «Ақтөбе-Астана», «Алматы-Атырау» бағытында «тұлпарлар» шауып жүр. Болашақта 2015 жылға дейін «Тұлпар – Тальго» вагондарынан тұратын пойыздар «Астана – Қызылорда», «Алматы – Ақтөбе» (2014 ж.) «Астана – Защита», «Алматы – Защита» (2015 ж.) аралығында да іске қосылады деп жоспарланған.