СІМ Жанболат Мамай ісі бойынша Қазақстанға келген топ жайлы: Ұлыбритания Парламентінде бұндай ресми комиссия жоқ
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Жанболат Мамай ісі бойынша Қазақстанға келген «Британдық парламент» туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
«Біз Жанболат Мамайдың ісін тергеу бойынша Қазақстанға «британдық парламенттік комиссия» деп аталатындардың келгенін естідік. Айта кетейік, Ұлыбритания Парламентінде құрылған бұндай ресми комиссия жоқ. Британдық тараптың ақпаратына сәйкес, бұл комиссия елдің парламенті немесе үкіметінің мүддесін білдірмейді. Қазақстанның анонимді азаматтары тобының тапсырысы бойынша «Биндманнс» жеке заң компаниясы жүргізетін өз тергеуі бар. Тергеуге, беделге ие болу үшін, бұл компания британ парламентінің үш мүшесін тартты. Олардың қандай шарттармен келгені туралы ақпаратты олардан өзінен білуге болатын шығар. Бұлардың қандай компания екенін және не істейтінін, интернеттен өзіңіз көре аласыз, барлық ақпарат бар», - деді Айбек Смадияров.
СІМ ресми өкілі аталған комиссияны ресми рөлі жоқ ұйым ретінде сипаттады.
«Неліктен парламентшілер өздерін күмәнді шыққан ақша үшін жалған, тәуелсіз комиссиялармен байланыстыратынын түсінбейміз. Бұл комиссияның ресми рөлі жоқ.
Әйтпесе, өзіңіз қараңыз: ұлттық парламент белгілі бір комиссия құрады, егеменді мемлекетке келеді, тергеу жүргізеді. Бұл мемлекеттер арасындағы қатынастардың халықаралық-құқықтық нормаларына сәйкес келе ме? Жауабы анық», - деді ол.