Сиыр тепкенді кім естіген?..
Семейде үш адамды өгіз сүзді. Зардап шеккендер түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.
Қалалық жедел медициналық көмек беру стансасының берген мәліметіне сай, төтенше жағдай 9 маусым күні кешкі сағат 20:00-де Ескі қорған кентінде орын алған.
Оқиға былай басталады. Кеш қылаң бере қала маңындағы Ескі қорған ауылының тұрғындары сиырларын жайылымнан әкеле жатады. Осы кезде шарбақта қамалып тұрған бұқа қорғанды бұзып шығып, шабуыл жасайды. «Бастапқыда адамдарды мүйіздеген өгіз біраз уақыттан кейін ашуға мініп, оларды тұяғымен таптапты», – деді дәрігерлер.
Ақ халатты абзал жандардың айтуынша, оқыс оқиға кезінде 57 және 48 жастағы екі ер адам, соған қоса 24-тегі қыз бала зардап шеккен. Жәбірленушілер бірнеше жерден дене жарақаттарын алып, сүйектері сынған.
Ең ауыр жарақат алған 48 жастағы ер адам ауруханаға жатып, ем қабылдаудан бас тартыпты. Оның миы шайқалып, кеуде қуысына зақым келген. Зардап шеккендер бірден жедел медициналық жәрдем емханасына жатқызылды.