Сот орындаушылары форма киетін болды
Соттың шешімін орындауда түрлі қиындықтар, тіпті борышкерлердің тиісті сот шешімін орындауда сот орындаушыларынан қаймықпай, заңды белден басатын кездер жиі кездеседі. Осы мақсатта ҚР Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитеті 2011 жылғы 14 қарашадағы №942 бұйрыққа сәйкес, сот орындаушыларына бірыңғай киім үлгісін тігуді қолға алды.
Жақында ақмолалық 70 сот орындаушысы да арнайы формалық киімге ие болатын болды.
Берік Беркімбаев, Ақмола облысы сот актілерін орындау департаментінің бастығы:
– Қазіргі уақытта сот шешімінен кейінгі атқару өндірістерінің тым көбейіп кетуіне байланысты сот орындаушыларының атқаратын жүгі де көбейіп отыр. Сондықтан, менің ойымша, сот орындаушысының киім формасын заман талабына сай етіп тігу олардың мәртебесін көтеріп, халық алдындағы беделін де нығайтуы тиіс деген сенімдемін.
Ақмола облысының аумақтық бөлімдеріндегі барлық сот орындаушылары бұл жаңалыққа қуаныштарын жасырмады. Себебі қарызды қайтару мақсатында борышкерлердің үйлеріне барған кезде үй иелері кіргізбейтін жағдайлар да кездесетін көрінеді.
Серік Қаракесеков, Степногор аумақтық бөлімінің сот орындаушысы:
– Басқа құқық қорғау орындары сияқты сот орындаушыларының да формалық киімде болуы өте жағымды жаңалық. Бұл біздің халық алдындағы беделімізді жоғарылатып, атқару құжатын уақытында орындауға септігін тигізеді деген пікірдемін.
Киім формасын тігу тендерді жеңіп алған қостанайлық жеке кәсіпкер «Арзиевке» тапсырылып, 666 мың теңге көлемінде қаржы бөлінетін болды.