Сотталғандар мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетті
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің негізгі міндеттерінің бірі қоғамдық ортадан оқшауланған сотталғандарды қайта тәрбиелеп, түзу жолға түсуіне ықпал ету. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жазасын өтеушілер түзу жолға түсуге бет бұрып, игі істермен айналыса бастайды.
Қылмыстық-атқару жүйесінің Алматы қаласы бойынша ЛА-155/13 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтеуші сотталғандар өз еріктерімен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету мақсатында 15 қаңтар күні мекеме бастығына өтініш жасаған.
Соған байланысты түзеу мекемесінің қызметкерлері өтініш жасаған жазасын өтеушілерді Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандар қорынан алынған мекен жайларға апарды. Олар ауыр жұмыс істей алмайтын жандарға өз көмектерін көрсетті.
Атап айтсақ, Түрксіб ауданы, Красногорская көшесінде тұратын 1974 жылы туған азаматша Шингызбаева Камаш Сейдигалымовна 1-топтағы мүгедек болғандықтан ауыр жұмыстар істеуге қабілеті жоқ. Оған "бүйректің жетіспеушілігі" диагнозы қойылған. Сотталғандар көмек ретінде осы азаматшаның үйінің ауласын тазалап, отындық ағаштарын кесіп, дайындап, оны сарайына реттеп, жинап берді.
Сондай-ақ, олар осы күні Түрксіб ауданы, Маяк шағын ауданы, Авиатор көшесінде тұратын 1951 жылы туған 2-топтағы мүгедек Атия Адилованың үйінің ауласындағы қарды тазалап, ауладын тыс шығарып берген.
Сотталғандардың көрсеткен көмектеріне разы болған мүмкіндігі шектеулі азаматшалар алғыстарын айтып, шынайы ризашылықтарын білдірді. Олардың жаза өтеу орнынан тез арада босап, өз отбасыларына оралуына тілекші екендіктерін айтты.