Шұбаркөл көмірі қымбаттады
Аяз қысқанда көмір қымбаттады. Қарағанды облысының «Шұбаркөл» кенішінде әр тоннасына тағы 790 теңге қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Осылайша қаңтардан бастап қатты отынның әр тоннасы 8790 теңге болып бекітілді. Яғни, былтырғымен салыстырғанда 9,9% өскен. Мұны кеніш басшылары растады. Олар бағаны нарық реттейтінін, көмір жылдық инфляция деңгейіне қарай өскенін айтады. Қазір бұл кеніш жылына 12,5 млн тонна көмір өндіріп, ел нарығының 50% қамтамасыз етіп отыр.
«Шұбаркөл көмір» отынды тұрғындарға тікелей сатпайды. Коммуналдық-тұрмыстық секторға қажетті көмір қолданыстағы заңнамаға сәйкес тек биржада сатылады. Яғни, баға биржадағы сауда-саттық қорытындылары бойынша қалыптасады. Барлығын нарық реттейді. Айта кету керек, соңғы үш жылда көмір бағасы тұрақты болды», - деді компания басшысы Сергей Ким.