Шүберек пен жүн-жұрқа базар өртіне тамызық болды
Алматы қаласындағы «Барахолка» базарының мата сататын бірнеше контейнері жанып кетті. Өрттің неден шыққаны белгісіз. Жапа шеккендер жоқ.
Кеше таңғы сағат 06.10 шамасында Алматы қаласындағы «Барахолка» базарынан өрт шықты. Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, ең алдымен Алатау ауданы, Солтүстік шеңбер мен Ұйғыр көшелерінің қиылысында орналасқан «Дәстүр» базарының мата сататын контейнерлері тұтанған. Жалпы аумағы 80 шаршы метрді шарпыған тілсіз жаудың салдарынан мата, төсек-орын жабдықтары мен перделер сақталған бірнеше контейнер толық жанып кеткен. Өрт екі сағатта ауыздықталды, зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Төтенше жағдайдың себеп-салдары анықталып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, биыл мамырдың 20-сы күні «Барахолканың» аяқ киімдер сақталған қоймалары өртеніп, өрттің жалпы аумағы 500 шаршы метрді құраған болатын.
Айнұр АБДУЛЛИНА, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бас маманы:
– «Барахолкадан» шыққан өрт жайлы хабар өрт сөндіру қызметіне сағат 06.00 шамасында келіп түсті. Маталар мен перделер сақталған контейнерлерден шыққан от жылдам тарап, жалпы аумағы 80 шаршы метрді құрады. Өрттің таралуы 07.34-те тоқтатылып, 08.10-да толығымен сөндірілді. Өткен аптада Алматы қаласындағы базарлардың бірнеше қоймалары өртеніп кеткен болатын. Бірақ мамандар олардың қандай себептерден шыққанын әлі де тексеріп жатыр. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.