Сүр бойдақтар мемлекеттік мәселеге айналғанын біле ме?
Күні кеше еліміздің халық қалаулылары республикамызда жас шамасы 30-дан асып кетсе де, отбасын құрмай жалғызілікті жүрген азаматтардың қатары көбейіп кеткенін, тіпті олардың 80 пайызының алдағы бесжылдықта үй болуды жоспарлап та қоймағандарын, сондықтан бойдақтар мәселесіне байыпты қарау қажеттігін қаузады.
Бұған қатысты жиылған түйткілдерді әбден зерттеп, зерделеп алған Мәжіліс депутаты Жұматай Әлиев «қажет болса, «үйленемін» деген бойдақтарға мемлекет тарапынан көмек ретінде 300 мың теңге көлемінде сыйақы беру керек» деп те салды. Халық қалаулысы Әлиев мырзаның пайымдауынша, елімізде жасы 30-ды ордаласа да, үйленбей жүрген бойдақтардың саны 1 млн-ға жеткен. Олардың дені үйленуге жағдайының жоқтығына, жұмыссыздығына, табысының аздығына байланысты отбасын құрғысы келмейтіндіктерін ашық айтқан. Міне, осыған байланысты халық қалаулысы «бұл мәселелерден сырт айналып өтпей, оларды бір-бір үй ету үшін мемлекет тарапынан кем дегенде 300 мың теңгедей сыйақы ұсынсақ, олардың азды-кемді жоқ-жітігін жамар едік» дейді. Осылайша бойдақтар мәселесі үкіметтік деңгейде көтеріліп жатқанына еліміздің демографтар қауымы қуанып та қалды. Десек те, демографтарымыздың байыптауынша, бойдақтардың жайын бір мұнымен шеше алмасымыз анық.
Сыйақы орнына салық ұсыну...
Бұл мәселені тарқатуда еліміздің бас демограф ғалымы Мақаш Тәтімнің өзіндік ұстанары бар. Маманның пайымдауынша, «үйленді екен» деп зіңгіттей азаматқа мемлекеттік сыйақы ұсыну жөн емес. Керісінше, біз елдегі жалғыз жүрген азаматтардың «бір басын екеу етеміз» десек, кеңес заманындағыдай бойдақ салығын қайта енгізгеніміз жөн.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Мақаш ТӘТІМ, демограф:
– Бойдақ салығын салу жүйесі соғыстан кейінгі жылдары жүзеге асты. Ол жылдары 22 жасқа толғаннан кейін әрбір әйел баласы тұрмысқа шықпаса, бойдақ салығын төлеген. Ал 25-тен әрі қарай ер-азаматтар отбасын құрмаса, бала өсірмесе, осы салықты төлеуге мәжбүр болды. Сондай-ақ бұл салық балалары болмаған жағдайда әйел адамға 40 жасқа дейін, еркектерге 50 жасқа дейін салынып отырған. Осы салықтың соғыстан кейінгі демографиялық әлеуетімізді көтеруге әжептәуір ықпалы да тиді. Осылай салық салу арқылы біз отбасын құрмай, 30-дан асқанша «сүр бойдақ» атанып, құр босқа жүрген жігіттердің жауапкершілігін арттырар едік. Әрине, бойдақ салығы дегенде асырасілтеушілік те болмағаны жөн. Мысалы, ай сайын 50 мың теңге алатын ер-азаматтарға 1000 теңге бойдақ салығы салынса, жетіп жатыр. Сол тәрізді айлық жалақысы 30 мың теңгенің айналасында болатындар 500 теңге салық төлесе де болады. Ал осындай әдіспен жиналған салықты көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдемақы ретінде төлеп отырса, бұл да әділетті бөлініс болар еді. Сондықтан бұл ретте айтарым, бойдақ салығын қайта жаңғырту арқылы демографиялық өсімді арттыруға болады.
Расымен де, бойдақ салығының КСРО тәжірибесі екені бізге белгілі. Кезінде бұл салық бойынша 20-50 жас аралығындағы баласы жоқ еркектер, 20-40 жас аралығындағы тұрмысқа шықпаған әйелдер жалақысының 6 пайызын мемлекетке аударуға тиіс болатын. Ол кездері айлығы 50 сомнан аспайтын азаматтардан салық алынған жоқ. Сондай-ақ денсаулығына байланысты балалы болмайтындар да бойдақ салығынан босатылды. Кеңес Одағының батырлары, әскери қызметтегілер мен олардың отбасына да жеңілдік берілді. Бұл кеңестік кезеңдегі жағдай болса, қазірде бұл салық түрі біршама өркениетті елдерде де енгізіліпті.
Қиын да емес, оңай да емес үйлену
Жалпы, біздегі бойдақтарды отбасын құруға алаңдататын негізгі дүниенің бірі бұл – әлеуметтік мәселе. Осыларды жіпке тізіп, таразылап жүрген сарапшыларымыздың дені «жастардың біразы жұмыссыз. Бойдақ салығын қайта түлеткенде біз оларды кімдерге саламыз? Ал 300 мың теңгелік сыйақы жастардың қай кем-кетігін түгендейді» деседі. Рас, қазір жастардың көпшілігінің «жұмыс мәселесін қайтемін, үйлі-баранды болсам, бала-шағамды асырай аламын ба? Басымда баспанам да жоқ, үйленген күннің өзінде қайда барып тұрақ табамыз?» деген ойдың жетегінде жүргенін де мойындағанымыз жөн. Мұндайда бізге мемлекеттік деңгейде жастарды баспанамен қамтуды, олардың әлеуметтік мәселелерін бақылауды, жұмыспен қамтуды үйлестіретін кезеңнің әлдеқашан жеткенін айтып жатудың өзі артық.
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист-сарапшы:
– Қазіргі жастардың ең өзекті проблемасы баспана екені белгілі. Кеңестік кезеңнің бір оңтайлы жері жас отбасыларды жатақханамен қамту, жұмыс орындары арқылы баспанамен қамту, отбасын құрғысы келіп, үйлене қалған жағдайда кәсіподақтық көмек беру тәрізді жұмыстар ол кездері жақсы жүйеленді. Өкінішке қарай, қазір мұның бірі де жоқ. Жастарға үйлену қиын емес, әлеуметтік, отбасылық мәселелерді шешіп, үй болу өте қиын. Себебі біздің елімізде «Жас отбасыларды қолдау қоры» деген атымен жоқ. Меніңше, жоғарыда мамандар сөз етіп отырғандай, бойдақ салығын қайта түлету керек. Бұл жүйені сауатты қалпына келтіреміз десек, бойдақ салығын алатын арнайы мемлекеттік қор құрылуы керек және сол қорға салынатын салық жинақталып отырғаны жөн. Кәдімгі өзіміздің зейнеткерлікке жинақтаған тәрізді. Жастарымыз да отбасын құруға салық төлеу арқылы қаржы жинауы керек. Осылайша жастардың тапқан табысының 10 пайызын міндетті жарна етіп аталмыш қорға жинап отырсақ, біраз жылдың көлемінде қомақты қаржы да жиналуы мүмкін. Міне, сол қаржыны отбасын құрарда жинаған адамның қолына ұстатып, бір кем дүниесін түгендеуіне осылай ықпал еткен жөн.
Салық несиені ысыра ала ма?
Негізінде, бойдақтарға 10 пайыздық жарна жинатып, қор жинауды біршама мамандар қолдап отыр. Мәселен, саясаттанушы Әзімбай Ғали «бойдақ салығын салу үшін мынадай екі бағытты ұстанған жөн» дейді. Оның біріншісі – жұмыс беруші арқылы бойдақ салығын міндеттеп салу қажет. Екінші, ынталандыру шарасын жүргізу арқылы да салық салуға болады. Бұл жүйеде «орташа есеппен 5 жылда бойдақ адам салық төлеу арқылы 500 мың жинаса, мемлекет оған отбасын құрарда 30 пайыз үстеме қосып, қосымша 150 мың сыйақы ұсынады» деген әдісті қолдануға болады. Жалпы, бұлайша қор жинау біршама елдердің тәжірибесінде барын біз жоғарыда сөз еттік. Мамандар «салық төлеу арқылы жинаған қаржы отбасын құратын кезде көмек болары сөзсіз. Осы әдіспен қор жинауға халықты дағдыландырсақ, бұл қомақты несие алып, батпандай қарызға батып той жасап, артынша оны төлей алмай, жылап-еңіреп жүретін қазақтың тұрмысын жеңілдетер еді» деседі. Қалай десек те, қазақтың азаматы 30-ында орда бұзып, жеке отауын тіккені орынды емес пе? Олай болса, бұған қатысты айтылған ұсыныстарды тиісті орындар ескерер деген үміттеміз.