Суретші Аңсаған Мұстафа балаларға арналған жаңа әліппе жасады
Қазақстандық суретші Аңсаған Мұстафа балаларға арналған жаңа әліппе ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы суретші өзінің Facebook желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.
Аңсаған Мұстафа жаңа әліппенің сенсор экраны бар гаджеттерге жүктелетін қосымша болып шығатынын айтты. Оны IT-маман Тимур Бектұр жасап шығуға келісім берген. Аңсаған Мұстафа өз мақсатының қазақ балаларына қазақша үйрету, қазақша тіл ашу, қазақша ойлату екенін айтады. "Қазір елдің бәрі Интернетте, кітапты ешкім көп қарамайды, сондықтан iPad, iPhone-дармен ойын ойнайды. Ал егер ұялы телефонда қазақша дүние болса амалсыз үйренеді. Жалпы әлемде мұндай дүниелер әлем тілдерінде көп, қазақ тіліміз де елден қалмасын деген ниетпен жасап отырмыз", - дейді Мұстафа. Сонымен қатар, суретші бұл жобаны балаларға арналған отандық телеарнаға тегін бергісі келетінін айтты.
Смартфондарға арналған қосымшада әліппені үйренуге баулитын ән болады:
"Бар білімнің бастауы тек - әріптер,
Барлық адам білімдіні дәріптер.
Әліпбиді үйренейік, қане, біз,
Меніменен осы әнге салып көр.
А, ә, б, в, г, ғ, д, е, ж, з, и,
Қысқа й-ды тағы есіңе алып қой.
К, қ, л, м, н, ң, о, ө, п, р, с,
Жаттап алып, қапшығыңа салып қой.
Санамызға әріптерді тоқимыз,
Кітаптарды судыратып оқимыз.
Отанымның самғау үшін көгінде
Шалқар білім теңізінде тасимыз.
Т, у, ұ, ү, ф, х, ц, ч, ш, ы, і,
Келді осылай әліпбидің ұйқасы.
Э, ю, я-мен әуелетем әнімді,
Қағып алып, тау-тасым да шырқасын".
Балаларға арналған жаңа әліппенің сөзін журналист Мәдина Дүйсекеева жазды. Бұл сөзге ән де жазылған, оның авторы - композитор - Ринат Әбдіхалықов. Оны опера әншісі Сара Найман орындамақшы. "Мен де бұл идеямен қазақша әліппе мултьфильмін жасағым келеді. Балалар өте тез үйренеді, ал мультфильм мен ән арқылы жылдам меңгереді. Менің балам екі жасында ағылшын және неміс әліппелерін екі жасында-ақ біліп алды", - дейді Сара Найман.
Өз кезегінде IT-маман Тимур Бектұр жасалмаған дүниеге алдын ала пікір айту ерте екенін, бұған дейін де қазақша әліппелердің қосымшалары шыққанын айтады. "Тек бір ой бар - әліппені осы суреттер негізінде 2-3 және 4-5 жастағы балаларға екі бөлек нұсқада дайындау. Мұнымен қатар, бір ерекшелігі әліппенің тақпақпен берілетінінде", - дейді Тимур Бектұр.