Түркістан облысының Төле би ауданында орналасқан №2 балалар үйінің түлектері Камал Ерболат пен Анастасия Сопельняк шаңырақ көтерді деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Ерболат пен Анастасия, фото: NUR.KZ
Жастардың қуанышын Түркістан облысының балалар мен жастар ісі басқармасы жасап беріпті.
"Ерболат пен Анастасиядай сабақ үлгерімдері өте жақсы, белсенді жастарға шаңырақ көтеру тойларын жасап беруге қашанда өз тарапымыздан көмегімізді аямаймыз", - деді басқарма басшысы Гүлнәр Нарбекова.

фото: NUR.KZ
Қазақстанның үлгілі отбасы болуға уәделерін берген қос ғашық, барша қонақтарға алғысын білдірген.
Қалыңдықтың айтуынша, той көйлегін тәрбиешісі тауып берген.
"Біз 2017 жылы 7 желтоқсанда таныстық. Ерболат менің құрбымның туған ағасы. Сөйлесіп жүріп бауыр басып қалдық. Солай үйленуге бел будық", - деп қуанышын жасырмады қалыңдық.

фото: NUR.KZ
Айта кететін жағдай, күйеу жігіт Камал Ерболат 22 жаста. Ол Шымкенттегі политехникалық колледждің 3 курс студенті. Ал Анастасия 19 жаста болғанымен, зауытта жұмыс істейді.
Қазіргі таңда жас отбасы жасөспірімдер үйінде тұрып жатыр.

фото: NUR.KZ