Шымкентте жалдамалы пәтерден 22 жасар қыздың мәйіті табылды
Шымкентте көпқабатты үйлердің бірінен 22 жастағы қыздың мәйіті табылды. Қайғылы жағдай қаланың қақ ортасындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде болған, деп хабарлайды Астана арнасы.
Көршілердің айтуынша, бұл пәтер тәуліктік жалға беріледі. Күн сайын айқай-шу шығып, мазаны алады дейді. Бұл жолы да қатты шу болып, полиция шақырған көрінеді. Артынша жағымсыз иіс шығыпты. Бейресми ақпарат көздері бойжеткенді өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген деген ақпарат таратуда.
Алайда оқиға орнын тергеп-тексеріп жатқан полиция мұны растаған жоқ. Құқық қорғаушыларды дерегінше, марқұм бөлмені бүгін ғана жалға алған. Жас қыздың ажалына не себеп болғаны сараптама қорытындысынан кейін белгілі болмақ.
«1998 жылы туылған азаматшаның аталған пәтерді 2021 жылдың 30 қарашасында таңғы сағат 07:00-де жалға алғаны анықталды. Оқиға орнынан қайтыс болған азаматшаның жеке заттары тәркіленіп, қол саусақтарының іздері алынды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деді Шымкент қалалық Полиция департаменті Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Мөлдір Бекеева.