Шымкенттің мұнай базасындағы өрт: Қаза болған жұмысшы қауіпсіздік талаптарын сақтамаған
Арнайы комиссия «Шымкент мұнай өнімдері» қоймасында тұтанған ірі өртте жұмысшының қаза болуына қатысты тексеруді аяқтады. Өңірдің Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшылығынан мәлім еткендей, тілсіз жау еңбек қауіпсіздігін сақтамау салдарынан болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
ОҚО еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Асқар Сейітқазиннің сөзінше, бақилық болған қызметкер сол күні жұмысын атқару барысында тиісті талаптарды сақтамай, немқұрайлылық танытқан.
«Жұмыс орнында қаза болған операторға басшылық тарапынан тапсырма берілген. Алайда, жұмысшы қызмет орнына келгенін басшыларына айтпаған. Келе салып, арнайы киімін киместен жұмысқа кірісіп кеткен. Ол өз жұмысын білгенімен, тиісті талаптарды сақтамаған болып тұр. Оның үстіне, басшылары да қадағалау жағын тиісті деңгейде атқармаған», - дейді Асқар Сейітқазин.
Қазіргі таңда тиісті қорытынды шығарған арнайы комиссия жауапты тұлғаларды жазаға тарту үшін материалдарды құқық қорғау органдарына жолдау үстінде.
Мұнай сақтау базасында өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ.
Еске салайық, осы жылдың 23 маусым күні «Шымкент мұнай өнімдері» АҚ-ның қоймасынан ірі өрт шығып, бір жұмысшы қаза тапқан еді. Марқұм болған 46 жастағы азамат осы қоймада оператор болып жұмыс істеген. Өрт сөндірушілер жалынмен бір тәулікке жуық арпалысты. От тұтанған жерде 3 мың тонналық 9 резервуардың төртеуі бензинге толы болған.