Сыр өңірі тұз өңіріне айналып барады
Қазір ғалымдар қазақ жерінің құнары жайлы жиі сөз етеді. Өкініштісі, көңілді алаң ететін жайттар баршылық. Тіпті бүгінгі күні қолға алмасақ, болашақта бас шайқайтын, бармақ тістейтін жағдайлар да жетерлік. Ұланғайыр даланың барлық бөлігі түгін тартсаң, майы шығатын өңір емес. Суармалы егіншілікпен айналысатын аймақтар бар. Ендеше сол жерлердің құнары кеміп бара жатқанына бүгін бей-жай қарап отыруға негіз жоқ. 90-жылдардың басында біздің елімізде суармалы жерлердің аумағы 2 млн гектардан астам жерді құрайтын еді. Содан бері бұл бағытта не жасадық? Кезінде сол алқаптарға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, құнарының кемуіне жол берілмеді емес пе? Қазіргі күні шаруашылықтар жекеге өткеннен кейін оған өз деңгейінде көңіл бөлінбей келгенін бүгіп қала алмаймыз. Әсіресе мұндай көрініс еліміздің Оңтүстігі мен Батыс өңірлеріне тән болып тұр. Алайда дәл осындай жағдай қайталана берсе, жері егін-терімге қолайлы өзге аймақтарда да үлкен проблемаға айналуы әбден мүмкін ғой.
Ғалымдардың айтуынша, қазіргі таңда суармалы жерлердің 50 пайызға жуығы тұзданып кеткен көрінеді. Бұл дегеніңіз, елдегі еңбекші қауымның күні ертең кәсіпсіз қалуына алып келмей ме? Осындай олқы соғарлық жағдай Африка құрлығындағы мемлекеттердің басынан өткенін көпшілік жақсы біледі. Жер-жаһан жұртшылығы жасыл құрлық атап кеткен Австралияның өзі де сондай келеңсіз көріністі бастан кешіріп жатқанын естіп-біліп жүрміз. Экономика саласының елеулі бөлігін ауыл шаруашылығы құрайтын Қазақстан үшін тұзданған жерлерді сауықтыру мәселесі күн тәртібінен түспеуі қажет екені белгілі. Бұрынғыдай қашыртқы-дренажды жүйелерді жолға қоя отырып, жердің құнарының жоғалмауына назар аудару сондай олқылықтың алдын алар еді. Әйтсе де, бүгінгі күні бұл бағытта тиянақты тірліктің болмауы елдегі ағайынды алаңдатып отырғаны жасырын емес.
Исатай АЛДАБЕРГЕНОВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:
– Бұрындары, әсіресе КСРО тұсында жердің құнарын сақтау мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген емес. Соның арқасында қаншама қара жерді аман сақтап келдік. Қазіргі кезеңде де сондай іс-шараларды жүйелі жүргізбесек болмайды. Сыр өңірінде осыдан он жылдай бұрын «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасы жүзеге асырылған еді. Аталмыш жобаның бірінші кезеңінде жасалған жұмыстар инженерлік жүйеге келтірілген жерді күрделі тегістеу және қайта қалпына келтіруге оң әсерін жасай алмады. Себебі, мамандар бұл іске біржола кіріспеді. Өйткені бұл жұмыстар бір ғана күріш айналымы айналасында жүзеге асырылған екен.
Ардагердің айтуынша, кезінде Сырдария өзені бойында адыраспан, жыңғыл, жантақ, мия мен жусан молынан өсетін, ол шөптердің арасында тіпті ірі қараның өзі көрінбей кететін, қазір сол шөптің бірі жоқ. Осы шөптердің қайта өсіп шығуы үшін дренаждық жүйелер арқылы жер бетін жүйелі түрде шайып отыру керек.
Ал қазір Сыр өңіріндегі экологиялық ахуал ешкімге таңсық тақырып емес. Құрлықтың қақ ортасында қоныс тепкен Арал теңізінің тартылуы елдің басына осындай жағдайды алып келді. Әрине, су айдыны баяғы қалпына енді келмес. Десе де, тіршілік ауанының сонымен тоқтап қалмасы анық. Адам баласы одан әрі өмір сүруін жалғастыра береді. Экологиялық ахуал аймақтың агроөнеркәсіп саласына ауыр соққы болды. Сыр топырағының құнары кеміп барады.
Бұл жерден несібе терген еңбекші жұрт үшін елеулі қиындықтар тууда. Кезінде инженерлік жүйеге келтірілген алқаптар тұзданып кетті. Бұрын Қызылорда облысында 250 мың гектардан астам осындай жерлер бар болатын. Өкінішке қарай, теңіз суының тартылуы салдарынан 100 мың гектарға жуық алқап қолданыстан шығып қалды. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша суармалы жерлердің ауданы бұрынғыдан 1 млн гектарға дейін кеміп кетті. Бұл жерлердің өнімділігі өткен ғасырдағы өнімділікпен салыстырғанда әлдеқайда кеміп, шаруа қожалықтарының суармалы жерлерден алатын табыстарын төмендетуде. Суармалы жерлердің ауданы мен өнімділігінің кемуі ирригациялық жүйелердің техникалық жағдайларының нашарлап, топырағының тозуына тікелей байланысты.
Дүйсен НҰРЫМОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы:
– Теңіз табанынан ұшқан тұз жайылым мен егістіктер топырағындағы тұздың мөлшерін екі-үш есеге дейін арттырып жіберді. Ол қалыптасқан геоэкология жүйесін бұзады. Сол арқылы шаруашылықтың дамуына кері әсерін тигізеді. Қазір ол жерасты суларына да кері ықпалын тигізуде. Жерасты суында болатын тұз ауаға көтеріліп, жаңбырмен қайтадан топыраққа сіңеді. Осының салдарынан тұздану процесі екінші мәрте қайталанады. Негізінде, тұзданумен күресудің жолдары көп. Оның ең басты жолы – егіншілік. Егер оны тиімді жүргізе алсақ, қиындықтың алдын алуға жол ашылады. Қазір кейбір кісілер күріш егісінің көлемін кеміту жайында пікір білдіріп жүр. Мен оған қарсымын. Қайта күріш көлемін қазіргіден де арттыру қажет. Қазір облыста 70 мың гектар алқаптан 300 мың тоннадан астам астық жиналады. Енді оның көлемін әлі де арттырып, өнім жинауды 500 мың тоннаға дейін жеткізуіміз керек. Өйтпесек, кезінде қаншама тер төгілген инженерлік жүйедегі алқаптардан айырылып қалуымыз ғажап емес.
Жалпы алғанда, Сыр жерінің толықтай тұзданып кетпеуін күріш сақтап отыр деуге негіз бар. Расында да, соңғы жылдары түрлі желеумен дария бойындағы басты дақылдың көлемі кеміп барады. Осыдан 15-20 жылдай бұрын оның көлемі 80-85 мың гектарды маңайласа, қазір ол 70 мың гектарға дейін кеміп кетті. Рас, соңғы жылдарда дария деңгейі түрліше болып тұр. Бірде өзен арнасынан су аз келсе, келесі жылы қалыпты деңгейді ұстайды. Осының салдарынан басты дақылға өз деңгейінде бет бұруда қиындық туып отыр.
Сонымен қатар ғалымдар жоңышқа егісіне де ерекше мән беру керектігіне тоқталады. Бұл өсімдік түрі жердің құнарын арттырады. Олардың тамыры 5-10, кейде 25 метрге дейін тереңдеп, топырақтағы тұздың мөлшерін кеміте түседі. Ол топырақ құрамындағы қара шіріндіні көбейтеді екен. Өкініштісі, көп жағдайда жоңышқа тек мал азығына тән дақыл ретінде бағаланады. Оны ғылыми тұрғыда бағалауға өз деңгейінде мән беріп жүрген жоқпыз. Осы жағы тұздану мәселесіне зер салып жүрген азаматтарды қынжылтады.
Сондай-ақ бау-бақша дақылдары да тұздануға кері әсерін тигізеді. Алайда бұл бағытта да нақты істер жасалып жатқан жоқ. Оған қоса жүгері егу де өз деңгейінде атқарылмай келеді. Бұл дақыл 80-90 күнде піседі. Оның басқа дақылдармен салыстырғанда тұзды жердің өзінде өсу деңгейі 80-90 пайызға жоғары.
Қай кезеңде де агроөнеркәсіп саласының алатын орны ерекше. Кезінде бұл салаға дұрыс көңіл бөлінбеді. Соның салдарынан қаншама істің кетеуі кетіп, елдегілердің еңсе тіктеуіне кедергісін келтірді. Қайсыбір жылдарда ауыл шаруашылығы саласында айшықты істер атқарған Сыр өңірінің егін шаруашылығында осындай қиын жағдай туып отыр. Өкінішке қарай, бұл бағытта ғылыми тұрғыда ауқымды іс-шаралар атқару әлі күнге дейін кешеуілдеп келеді.